Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
MATTHEW
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 26
Matt Kaz 26:1  Иса осы сөздерін тамамдады да, шәкірттеріне:
Matt Kaz 26:2  «Екі күннен кейін Құтқарылу мейрамы болатынын білесіңдер. Сонда адамдар көктен келген Мені айқышқа шегелеп өлтіру үшін ұстап береді», — деді.
Matt Kaz 26:3  Сол уақытта елдің басты діни қызметкерлері мен рубасылары бас діни қызметкердің сарайына жиналып,
Matt Kaz 26:4  кеңес құрды. Олар Исаны айламен қолға түсіріп, өлтірудің жолын қарастырды,
Matt Kaz 26:5  бірақ: «Мұны мейрам күндері іске асыруға болмайды! Әйтпесе халық арасында бүлік шығып жүрер», — десті.
Matt Kaz 26:6  Ал Иса бұл кезде Бетанияда, бұрын алапеспен ауырған Шимонның үйінде болатын.
Matt Kaz 26:7  Сонда қолында аса бағалы иісмайға толы мөлдір тас құтысы бар бір әйел Исаның қасына жақындап келді. Әйел иісмайды дастарқан басында жантайып жатқан Исаның басына құйды.
Matt Kaz 26:8  Шәкірттері осыны көргенде наразы болып:— Неге мұндай ысырап?
Matt Kaz 26:9  Бұл иісмайды қымбат бағаға сатып, түскен ақшаны мүсәпірлерге үлестіруге болатын еді ғой! — десті.
Matt Kaz 26:10  Бірақ соларын ұға қойған Иса оларға қарсы шығып былай деді:— Әйелді неге мазалайсыңдар? Ол Маған ерекше жақсылық жасады.
Matt Kaz 26:11  Мүсәпірлер әрдайым қастарыңда ғой, ал Мен ұдайы қастарыңда бола бермеймін.
Matt Kaz 26:12  Иісмайды құюы арқылы ол Менің денемді қабірге қойылуға дайындады.
Matt Kaz 26:13  Сендерге шын айтамын: қай жерде болмасын бүкіл дүние жүзінде бұл Ізгі хабар уағыздалғанда, осы әйелді де еске алып, істегенін айтатын болады.
Matt Kaz 26:14  Ал он екі елшінің Яһуда Исқариот есімді біреуі басты діни қызметкерлерге барып:
Matt Kaz 26:15  «Исаны қолдарыңызға түсірсем, маған не бересіздер?» — деп сұрады. Олар оған отыз күміс теңге ұсынды.
Matt Kaz 26:16  Осы кезден бастап Яһуда Исаны оларға ұстап берудің қолайлы сәтін аңдыды.
Matt Kaz 26:17  Ашымаған нан мейрамының бірінші күні шәкірттері Исаның қасына келіп:— Мейрам асыңызды қай жерде әзірлеуімізді қалайсыз? — деп сұрады.
Matt Kaz 26:18  Иса оларға мынадай жауап берді:— Қаладағы Мен айтқан адамға барып, оған былай деңдер: «Бұйырылған уақытым жақындап қалды. Мейрам салтын шәкірттеріммен бірге сенің үйіңде орындамақпын деп Ұстазымыз сәлем айтты». —
Matt Kaz 26:19  Шәкірттері Исаның тапсырғанындай істеп, мейрам асын даярлады.
Matt Kaz 26:20  Кеш түсе Иса он екі шәкіртімен бірге дастарқан басында жантайды.
Matt Kaz 26:21  Тамақ ішіп отырғанда Иса оларға қарап:— Сендерге шындығын айтайын: араларыңдағы біреу Маған опасыздық жасайды, — деді.
Matt Kaz 26:22  Олар еңселері түсіп, қатты абыржып бірінен соң бірі:— Мырза, сол адам мен емес пе екенмін? — деп сұрай бастады.
Matt Kaz 26:23  — Табақтағы тұздыққа Менімен бірге бір үзім нанын батырып алып жатқан біреуің Мені ұстап бересің.
Matt Kaz 26:24  Көктен келген Мен Киелі жазбаларда Өзім туралы алдын ала айтылған жолмен жүремін. Алайда Мені ұстап беретін адам қасіретке қалады-ау! Сол кісі үшін ешқашан дүниеге келмегені жақсы болар еді! — деді Иса.
Matt Kaz 26:25  Оған опасыздық жасаған Яһуда да:— Ұстаз, сол адам мен емес пе екенмін? — деп сұрағанда, Иса:— Мұны өзің айтып тұрсың, — деп жауап берді.
Matt Kaz 26:26  Олар тамақ ішіп отырғанда, Иса қолына нан алып, шүкірлік етіп бата берді. Нанды үзіп, шәкірттеріне беріп жатып:— Алып жеңдер, бұл — Менің денем, — деді.
Matt Kaz 26:27  Иса тостағанды да алып, шүкірлік етті. Оларға соны беріп жатып, былай деді:— Мынадан бәрің де ішіңдер.
Matt Kaz 26:28  Өйткені бұл — күнәлары кешірілсін деп көптеген адамдар үшін төгіліп, (Жаңа) Келісімді бекітетін Менің қаным.
Matt Kaz 26:29  Сендерге айтамын: Мен Әкемнің Патшалығы орнағанда сендермен бірге жаңа жүзім шырынынан ішетін боламын. Сол күнге дейін енді қайтып одан еш татпаймын.
Matt Kaz 26:30  Бұдан кейін олар Құдайды мадақтау әнін айтты; содан соң сол жерден шығып, Зәйтүн тауына қарай беттеді.
Matt Kaz 26:31  Жолшыбай Иса шәкірттеріне тіл қатып былай деді:— Бүгін түнде бәрің де (басыма түсетін жайттарға бола) Менен безіп кетесіңдер. Себебі (Пайғамбар жазбаларында мына тәрізді сөздер) жазылған: «Бақташыны» ұрып өлтіремін, сонда «отарындағы қойлары» бытырап кетеді.
Matt Kaz 26:32  Бірақ Мен қайта тірілгеннен кейін сендерден бұрын Ғалилеяға барамын. —
Matt Kaz 26:33  Ал Петір жауап қайырып:— Бәрі Сізден безіп кетсе де, мен ешқашан безіп кетпеймін! — деді.
Matt Kaz 26:34  Иса оған:— Саған шындығын айтайын: осы түні-ақ әтеш шақырғанша, сен Менен үш рет танасың! — дегенде,
Matt Kaz 26:35  Петір:— Маған Сізбен бірге тіпті өлуге тура келсе де, Сізден еш танбаймын! — деді. Барлық басқа шәкірттері де осыны айтты.
Matt Kaz 26:36  Осылай Иса олармен бірге бақшасы бар Гетсимани деген жерге жетті. Сонда Ол шәкірттеріне: «Мен ана жерге барып, сиынып мінажат еткенше, осында отыра тұрыңдар», — деп тапсырды.
Matt Kaz 26:37  Ол Петірді және Зебедейдің екі ұлын Өзімен бірге ала кетіп, қайғырып қинала бастады.
Matt Kaz 26:38  Осы үш шәкіртіне Иса: «Жаным өлердей қайғырып тұр. Осында қалып, Менімен бірге ұйықтамай, сергек болыңдар!» — деді.
Matt Kaz 26:39  Иса сол жерден әрірек барып, етпетінен жығылып былай деп мінажат етті: «О, Әкем, мүмкін болса, (қаһарыңа толы) осы «тостағанды» Маған жолата көрме. Алайда Менің емес, Сенің еркіңе сай болсын!»
Matt Kaz 26:40  Иса қайтып келгенде шәкірттерінің ұйықтап жатқанын көрді. Петірге: «Сонда ең болмағанда бір сағат Менімен бірге ұйықтамай отыра алмағаның ба?
Matt Kaz 26:41  Азғырылмау үшін сергек болып, сиынып мінажат етіңдер! Рух дайын болғанмен, тән осал», — деді.
Matt Kaz 26:42  Иса екінші рет тағы да шеткері барып, сиынып: «О, Әкем, егер (қаһарыңа толы) бұл «тостаған» Маған соқпай өте алмаса, онда Сенің еркің орындалсын!» — деп мінажат етті.
Matt Kaz 26:43  Иса оралып келгенде, шәкірттерінің қайтадан ұйықтап жатқанын көрді. Себебі көздерін ұйқы басқан еді.
Matt Kaz 26:44  Иса оларды қалдырып, тағы да барып, үшінші рет дәл сол сөздерін айтып сиынды.
Matt Kaz 26:45  Содан кейін шәкірттеріне қайта оралып, былай деді: «Әлі де ұйықтап, тынығып жатырсыңдар ма? Енді уақыт болды: Құдай тағайындаған Билеуші күнәкарлардың қолына ұстап беріледі.
Matt Kaz 26:46  Міне, Мені ұстап беруші таяп қалды. Тұрыңдар, соған қарай жүрейік!»
Matt Kaz 26:47  Иса әлі де осыны айтып жатқанда, он екі елшінің біреуі — Яһуда семсер мен сойыл ұстанған үлкен бір топ адамды сол жерге ертіп келді. Бұларды елдің басты діни қызметкерлері және рубасылары жіберген еді.
Matt Kaz 26:48  Исаға опасыздық жасаушы Яһуда белгі беру туралы: «Кімнің бетінен сүйсем, Ол — Соның Өзі. Сол Адамды тұтқынға алыңдар!» — деген болатын.
Matt Kaz 26:49  Яһуда дереу Исаның қасына барып:— Ұстаз, амансыз ба! — деп, Оның бетінен сүйді.
Matt Kaz 26:50  Иса оған:— Достым, сен не үшін келдің? — деді. Сонда жасақшылар жақындап келді де, Исаға тап беріп, Оны ұстай алды.
Matt Kaz 26:51  Кенеттен Исаның қасындағыларының біреуі семсерін суырып алып, бас діни қызметкердің малайына қарай сілтеп қалып, оның бір құлағын шауып түсірді.
Matt Kaz 26:52  Ал Иса оған: «Семсеріңді қынабына сал! — деп бұйырды. — Семсеріне сенген семсерден өлер.
Matt Kaz 26:53  Мен қазір Әкемнен сұрасам, Ол Маған дереу он екі әскери бөлімнен астам періштелерін жібереді! Әлде солай болмайды деп ойлайсың ба?
Matt Kaz 26:54  Бірақ олай істесем, Киелі жазбалардағы осы оқиғалар болуға тиіс деп алдын ала айтылғандар қалай жүзеге асар еді?!»
Matt Kaz 26:55  Сол сәтте Иса келген үлкен топқа қарап: «Мені тұтқындауға, қарақшыға қарсы аттанғандай, семсер мен сойыл алып шыққандарыңыз қалай? Күн сайын ғибадатханада тағылым беріп отырғанымда Мені ұстаған жоқсыздар.
Matt Kaz 26:56  Бірақ осылардың бәрі Пайғамбарлар жазбаларында алдын ала айтылғандардың жүзеге асуы үшін болды», — деді.Сонда шәкірттерінің бәрі Оны тастап, қаша жөнелді.
Matt Kaz 26:57  Исаны тұтқынға алғандар Оны бас діни қызметкер Қаяфаға апарды. Сол жерге дін мұғалімдері мен рубасылар жиналған болатын.
Matt Kaz 26:58  Петір Исаға алыстан, бас діни қызметкердің сарайының ауласына дейін, ілесе отырып, ішке кірді. Істің немен бітетінін көру үшін сақшылардың қасына барып отырды.
Matt Kaz 26:59  Сол кезде басты діни қызметкерлер мен бүкіл Жоғарғы кеңес Исаны өлімге кесу үшін Оған қарсы жалған айғақтар іздестірді.
Matt Kaz 26:60  Алайда көптеген куәгерлер алға шығып, өтірік айтса да, Оған тағатын бірде-бір дәлелді айып табылмады. Ақырында екі кісі алға шығып, Исаны былай деп кінәлады:
Matt Kaz 26:61  — Мынау: «Құдайдың киелі үйін бұзып, үш күнде қайта тұрғызу қолымнан келеді!» дейтін.
Matt Kaz 26:62  Сонда бас діни қызметкер орнынан тұрып, Исадан:— Ешқандай жауап бермейсің бе? Мыналар Саған қарсы не деп куәлік беріп тұр? — деп сұрады.
Matt Kaz 26:63  Бірақ Иса үндемеді. Сонда бас діни қызметкер Оған:— Мәңгі тірі Құдайдың алдында ант етіп, бізге айтып бер: Сен Құдайдың рухани Ұлы — Мәсіхсің бе? — деген сұрақ қойды.
Matt Kaz 26:64  Иса:— Өзіңіз айтып тұрсыз. Сіздерге мынаны да айтамын: Менің Билеуші ретінде Құдірет Иесінің оң жағында отырғанымды әрі аспандағы бұлттармен келе жатқанымды әлі көретін боласыздар! — деп жауап берді.
Matt Kaz 26:65  Сонда бас діни қызметкер шапанының өңірін айыра жыртып:— Ол Тәңірге тіл тигізді! Енді куәгерлердің қажеті қанша? Қорлық сөздерін өз құлақтарыңызбен естідіңіздер!
Matt Kaz 26:66  Бұған қалай қарайсыздар? — деп дауыстады. — Жиналғандар:— Ол өлім жазасына лайық! — деп жауап қайтарды.
Matt Kaz 26:67  Сонда олар Исаның бетіне түкіріп, жұдырықтады. Кейбіреулері Оның жағынан тартып-тартып жіберіп:
Matt Kaz 26:68  «Әй, Мәсіх, пайғамбар болсаң, Сені кім ұрды, бізге айтып берші!» — деп келекеледі.
Matt Kaz 26:69  Сол кезде Петір сыртта, сарайдың ішкі ауласында отырған еді. Бір қызметші қыз оған жақындап келіп:— Сен де ғалилеялық Исамен бірге жүретін едің ғой! — деді.
Matt Kaz 26:70  Алайда Петір бәрінің алдында:— Не деп тұрғаныңды білмеймін! — деп мойындамады.
Matt Kaz 26:71  Содан ол ішкі ауладан шығып, қақпа жағына жылжи берді. Сонда Петірді тағы бір қызметші қыз көріп, маңындағыларға:— Мынау да назареттік Исамен бірге жүретін! — деді.
Matt Kaz 26:72  Петір қайтадан:— Ол Адамды білмеймін! — деп мойындамай, ант ішті.
Matt Kaz 26:73  Сәл кейінірек сонда тұрғандар оның қасына келіп:— Сен шынымен де солардың біреуісің! Қалай сөйлегеніңнен-ақ білініп тұр! — деді.
Matt Kaz 26:74  Сонда Петір:— Ол Адамды еш білмеймін! — деп ант ішіп, қарғана бастады. Сол сәтте-ақ әтеш шақырды.
Matt Kaz 26:75  Петірдің есіне Исаның: «Әтеш шақырғанша сен Менен үш рет танасың» деген сөзі түсті. Ол қақпа сыртына шығып, қатты жылады.