Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
MATTHEW
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 8
Matt Kaz 8:1  Иса таудан түскеннен кейін Оның соңынан көптеген халық ерді.
Matt Kaz 8:2  Сонда алапеспен ауырған біреу Исаның алдына келді де, тізе бүгіп тағзым етіп:— Мырза, егер қаласаңыз, мені құлантаза сауықтыра аласыз, — деп өтінді.
Matt Kaz 8:3  Иса қолын созып, денесіне тигізді де:— Қалаймын, құлантаза сауығып кет! — деді. Сол сәтте-ақ ауру адам алапесінен арылып, тазарды.
Matt Kaz 8:4  Иса оған:— Байқа, бұл туралы ешкімге тіс жарушы болма! Бірақ діни қызметкерге барып, қарал. Содан кейін Мұса Тауратта бұйырған құрбандықты ұсын. Бұл жұртқа сенің сауыққаныңның дәлелі болады, — деді.
Matt Kaz 8:5  Иса Қапарнаум қаласына кіргенде, бір римдік жүзбасы алдына келіп:
Matt Kaz 8:6  — Мырза, қызметшім үйде сал болып қатты қиналып жатыр, — деген өтініш жасады.
Matt Kaz 8:7  — Жарайды, барып сауықтырайын, — деп жауап берді Иса.
Matt Kaz 8:8  Ал римдік жүзбасы:— Мырза, мен Сіздің шаңырағымның астына келуіңізге лайық емеспін. Тек бір сөз айтсаңыз болды, қызметшім сауығып кетеді.
Matt Kaz 8:9  Мұны білемін, себебі мен де біреудің қол астындамын, өзіме бағынышты жасақшыларым да бар. Біреуіне: «Бар!» десем, барады, басқасына: «Кел!» десем, келеді, қызметшіме: «Мынаны істе!» дегенімде, ол соны орындайды, — деді.
Matt Kaz 8:10  Мұны естіген Иса қайран қалып, соңынан еріп келе жатқан халыққа қарап: — Шын айтамын, Маған осындай сенім артқан кісі Исраил халқынан ешқашан кездескен емес!
Matt Kaz 8:11  Сендерге шындығын айтайын: шығыс пен батыстан келген көптеген жат жұрттық адамдар Ыбырайым, Ысқақ және Жақыппен бірге Құдай Патшалығында дастарқан басына жайғасатын болады.
Matt Kaz 8:12  Ал Патшалыққа алдымен тағайындалғандар сыртқа, қара түнекке қуылмақ! Сонда олар зар еңіреп жылап, қинала тістенетін болады, — деді.
Matt Kaz 8:13  Содан кейін Иса жүзбасына:— Үйіңе қайт, сеніміңе сай тілегің болсын! — деді.Сол мезгілде-ақ оның қызметшісі ауруынан сауығып кетті.
Matt Kaz 8:14  Иса Петірдің үйіне келгенде, оның қайын енесінің безгекпен ауырып, төсек тартып жатқанын көрді.
Matt Kaz 8:15  Иса оның қолына алақанын тигізгенде, қызуы басылып сауығып кетті. Әйел орнынан тұрып, оларды күтіп қызмет ете бастады.
Matt Kaz 8:16  Күн батқанда жұрт жын соққан талайларды Исаға алып келді. Ол айтқан бұйрығымен жындарды қуып шығып, барлық науқастарды сауықтырып жіберді.
Matt Kaz 8:17  Осылай Ишая пайғамбардың: Ол «біздің қасіретімізді Өзіне алды, біздің ауруларымызды өз мойнымен көтерді» деп алдын ала айтқаны жүзеге асты.
Matt Kaz 8:18  Иса айналасына халықтың көптеп жиналғанын көріп, шәкірттеріне: «Көлдің арғы бетіне өтейік», — деді.
Matt Kaz 8:19  Бір дін мұғалімі қасына келіп:— Ұстаз, қайда барсаңыз да, мен Сізге еремін, — деді.
Matt Kaz 8:20  Иса оған:— Түлкінің іні бар, құстың ұясы бар, ал көктен келген Билеушінің бас тірейтін тұрағы да жоқ, — деп жауап берді.
Matt Kaz 8:21  Шәкірттерінің өзге біреуі:— Мырза, алдымен үйге барып, әкем қайтыс болғанша қасында болып, сүйегін жерлеп келейін. Рұқсат етіңізші, — деп сұрады.
Matt Kaz 8:22  Иса оған:— Маған шәкірт болып ер! Өлгендерін жерлеуді (рухани) өлілерге қалдыр! — деп тапсырды.
Matt Kaz 8:23  Содан кейін Иса қайыққа мініп алды. Шәкірттері Оған ілесіп, бәрі жағадан аттанды.
Matt Kaz 8:24  Кенеттен сұрапыл дауыл көтеріліп, қайық толқынның астында қалды. Иса бұл кезде ұйықтап жатты.
Matt Kaz 8:25  Шәкірттері Исаға жақындап, Оны оятып:— Мырза, құтқара көріңіз! Құритын болдық! — деп айқайлады.
Matt Kaz 8:26  Иса оларға:— Сенімі аздарым-ай, неліктен соншама қорқасыңдар? — деді де, орнынан тұрып, жел мен көлге тыйым салды. Сонда жым-жырт тыныштық орнады.
Matt Kaz 8:27  Аң-таң болған қайықтағылар өзара: «Тіпті жел мен көл де бағынатын Бұл кім Өзі?» — десті.
Matt Kaz 8:28  Иса шәкірттерімен бірге көлдің арғы бетіндегі Ғадара өңіріне жеткенде, жын соққан екі кісі Оған кездесе кетті. Қабірге арналған үңгірлер арасынан шыға келген олар құтырынған, аса қауіпті болатын. Сондықтан ешкім сол жолмен жүре алмайтын.
Matt Kaz 8:29  Кенеттен олар: «Құдайдың рухани Ұлы, бізде нең бар? Уақытынан бұрын бізді азаптауға келдің бе?» — деп айқай салды.
Matt Kaz 8:30  Алысырақта үлкен бір топ шошқа жайылып жүрген болатын.
Matt Kaz 8:31  Жындар: «Егер бізді қумақ болсаң, ана шошқаларға жібере гөр», — деп өтінді.
Matt Kaz 8:32  «Кетіңдер!» — деді Ол. Жындар сол екі кісіден шығып, әлгі хайуандарға енді. Кенеттен олардың бәрі тік жардан көлге қарғып, суға батып, қырылып қалды.
Matt Kaz 8:33  Бақташылары қашып кетіп, қалаға барып, бастарынан өткен оқиғаны әрі жын соққан екі кісімен не болғанын жұртқа түгелдей айтып берді.
Matt Kaz 8:34  Сонда бүкіл қала халқы Исамен кездесу үшін шықты. Оны көргенде: «Біздің жерімізден кетіңіз», — деп өтінді.