Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
MATTHEW
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 4
Matt Kaz 4:1  Бұдан кейін Киелі Рух Исаны шайтанның сынағынан өтуі үшін айдалаға бастап алып барды.
Matt Kaz 4:2  Иса қырық күн, қырық түн ораза тұтып, соңында әбден ашықты.
Matt Kaz 4:3  Сонда азғырушы әзәзіл Оның қасына келіп:— Егер Құдайдың рухани Ұлы болсаң, мына тастар нанға айналсын деп бұйыра гөр! — деді.
Matt Kaz 4:4  Иса оған былай деп жауап қатты:— «Адам тек нанмен ғана емес, Құдайдың аузынан шыққан әрбір сөзімен өмір сүреді» деп (Тауратта) жазылған ғой!
Matt Kaz 4:5  Бұдан кейін әзәзіл шайтан Оны қасиетті қалаға (Иерусалимге) апарып, ғибадатхананың төбесіне шығарып, былай деді:
Matt Kaz 4:6  — Егер Құдайдың рухани Ұлы болсаң, төмен қарай секіре гөр! Өйткені «Періштелеріне Ол Сен жайлы бұйрық береді: Сен аяғыңды тасқа соғып алмауың үшін қолдарына көтеріп Сені алып жүреді» деп (Забурда) жазылған ғой.
Matt Kaz 4:7  Иса оған жауап қайтарып:— Алайда «Құдай Иеңді еркінсіп сынама!» деп те (Тауратта) жазылған ғой! — деді.
Matt Kaz 4:8  Содан кейін әзәзіл шайтан Оны тағы да ертіп алып бір биік таудың басына шығарды. Оған әлемнің барлық мемлекеттері мен олардың сән-салтанатын көрсетіп:
Matt Kaz 4:9  — Егер аяғыма жығылып маған ғибадат етсең, бұлардың бәрін де Саған беремін, — деді.
Matt Kaz 4:10  Сонда Иса оған былай деп жауап қайтарды:— Кет қасымнан, шайтан! «Құдай Иеңді терең қастерлеп, жалғыз Оған ғана қызмет ет!» деп (Тауратта) жазылған ғой!
Matt Kaz 4:11  Мұнан соң әзәзіл шайтан Оның қасынан кетіп қалды. Сол сәтте періштелер келіп, Исаға қызмет көрсетті.
Matt Kaz 4:12  Жақия пайғамбардың тұтқындалғаны туралы естігенде Иса Ғалилея аймағына жүріп кетті.
Matt Kaz 4:13  Ол Назарет қаласын тастап, Забулон мен Нафталим руларының жерінде көл жағасында орналасқан Қапарнаум қаласына көшіп барып, сонда тұрды.
Matt Kaz 4:14  Ишая пайғамбардың алдын ала айтып кеткен мынадай сөздері осылай жүзеге асты:
Matt Kaz 4:15  Забулон мен Нафталимнің отаны,Теңізге баратын жол бойындағыӘрі Иорданның батыс жағындағыБөтен ұлттар тұрған Ғалилея аймағы:
Matt Kaz 4:16  Халық қараңғыда ғұмыр кешіп келеді,Ал енді бір ғаламат Нұрды көреді,Түнек басқан жерде тұратын елгеТаңның шапағы сәулесін төгуде!
Matt Kaz 4:17  Сол уақыттан бастап Иса: «Теріс жолдан қайтып, Құдай жолына түсіңдер! Себебі Құдай Патшалығының жер бетіне орнайтын кезі таяп қалды!» деп уағыздап жүрді.
Matt Kaz 4:18  Бірде Ғалилея көлінің жағасымен келе жатып, Иса ағайынды екі жігітті: Шимон Петір мен інісі Әндірді көрді. Балық аулап күнелтіп жүрген олар көлге ау салып жатты.
Matt Kaz 4:19  Иса оларға тіл қатып: «Соңымнан еріңдер! Мен сендерді балық аулағандарың сияқты бұдан былай адамдарды жинап әкелетін етемін», — деді.
Matt Kaz 4:20  Екеуі дереу ауларын тастап, Исаға шәкірт болып ерді.
Matt Kaz 4:21  Сол жерден әрі қарай кетіп бара жатып, Иса ағайынды тағы екі жігітті: Зебедейдің ұлдары Жақып пен Жоханды көрді. Олар әкелерімен бірге қайықта ауларын жамап отыр екен. Иса оларды да Өзіне шақырды.
Matt Kaz 4:22  Екеуі дереу қайықты да, әкелерін де тастап, Исаға шәкірт болып ерді.
Matt Kaz 4:23  Бұдан кейін Иса бүкіл Ғалилея аймағын аралап жүріп, мәжілісханаларында тәлім берді. Құдай Патшалығы туралы Ізгі хабарды уағыздап, адамдарды барлық ауру-сырқауларынан сауықтырды.
Matt Kaz 4:24  Иса туралы хабар бүкіл Сирия өлкесіне де тарап, жұрт Оған түрлі дерттері бар қиналып науқастанғандардың бәрін де, жын соққандарды, ұстамалы-қояншықтар мен сал болғандарды алып келіп жатты, ал Иса оларды сауықтырды.
Matt Kaz 4:25  Ғалилея, Онқала және Яһудея аймақтарынан, Иерусалим қаласынан әрі Иорданның шығыс бетінен көптеген халық келіп, Оның соңынан ілесті.