Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
MATTHEW
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 18
Matt Kaz 18:1  Сол уақытта шәкірттері Исаның қасына келіп:— Құдай Патшалығында кімнің жолы ең үлкен? — деген сұрақ қойды.
Matt Kaz 18:2  Иса бір кішкентай баланы шақырып алып, орталарына тұрғызып қойды да, былай деді:
Matt Kaz 18:3  — Сендерге шындығын айтайын: теріс пікірлеріңнен қайтып, бала сияқты (кішіпейіл) болмасаңдар, Құдайдың Патшалығына кіре алмайсыңдар!
Matt Kaz 18:4  Кім өзін осы жас бала сияқты кіші тұтса, Құдай Патшалығында соның жолы ең үлкен.
Matt Kaz 18:5  Кім Менің атымнан осындай бір сәбиді қабылдаса, соның Мені де қабылдағаны.
Matt Kaz 18:6  Ал кім Маған сенетін осы кішкенелердің біреуін азғырып теріс жолға түсірсе, сол адам үшін мойнына диірменнің тасы байланып, теңіздің тұңғиығына батырылғаны жақсырақ болар еді-ау!
Matt Kaz 18:7  Осы күнәкар дүние адамдарды теріс жолға азғырғаны үшін қасіретке ұшырайды! Азғыратын жағдайлардың болатыны сөзсіз, бірақ азғыру кімнен шықса, сол қасіретке қалады!
Matt Kaz 18:8  (Иса сөзін жалғастырып, астарлап былай деді:) — Егер сені өз қолың не аяғың (секілді өте қажетті нәрсең) күнәға азғырса, ол сен үшін «шабылып, лақтырылып тасталған» сияқты жоқ болсын! Екі қол, екі аяқпен мәңгілік тозақ отына лақтырылғаннан гөрі сыңар қол-аяқпен мәңгілік өмірді иемденгенің саған артық болар еді.
Matt Kaz 18:9  Егер де сені көзің (секілді өте құнды нәрсең) күнәға азғырса, ол сен үшін ойылып, лақтырылып тасталған сияқты жоқ болсын! «Екі көзіңмен» тозақ отына лақтырылғаннан гөрі «сыңар көзбен» мәңгілік өмірді иемденгенің саған артық болар еді.
Matt Kaz 18:10  Сақ болыңдар, осы кішкенелердің бірде-біреуін менсінбей жүрмеңдер! Сендерге айтамын: олардың періштелері көктегі Әкемнің келбетін әрдайым көріп тұрады.
Matt Kaz 18:11  (Мен, Құдай тағайындаған Билеуші, тура жолдан адасып кеткендерді құтқаруға көктен келдім.)
Matt Kaz 18:12  Мынаған қалай қарайсыңдар: Бір бағушының жүз қойы болып, солардың біреуі адасып кетсе, ол не істемек? Тоқсан тоғыз қойын қырат басында қалдырып, жоғалып кеткенін іздеп шықпай ма?
Matt Kaz 18:13  Сендерге шын айтамын: оны тапса, адаспаған тоқсан тоғызынан гөрі, табылған оған көбірек қуанады!
Matt Kaz 18:14  Дәл сол сияқты, көктегі Әкелерің де осы кішкенелердің ешқайсысының адасып, тозаққа түсуін қаламайды!
Matt Kaz 18:15  Егер бауырласың саған қарсы күнә жасаса, оған барып, істегені туралы оңаша сөйлесіп, әшкереле. Егер де айтқаныңа құлақ асса, бауырласыңды қайтадан тапқаның.
Matt Kaz 18:16  Ал егер тыңдамаса, қасыңа бір-екі кісі ертіп алып, оған тағы бар. Осылай әрбір сөз екі не үш куәгердің айтқандарымен дәлелденсін.
Matt Kaz 18:17  Егер де оларға да құлақ аспаса, бұл туралы сенушілер қауымына айтып бер. Ал егер қауымды да тыңдамаса, онда оған Құдайға мойынсұнбайтын басқа ұлт адамына не күнәкар салықшыларға қарағандай қара.
Matt Kaz 18:18  Сендерге шындығын айтамын: жер бетінде тыйым салғандарыңды да, рұқсат еткендеріңді де көктегі Әкем бекітпек.
Matt Kaz 18:19  Сендерге мынаны да айтамын: жер бетінде екеуің келісіп, қай нәрсені болса да көктегі Әкемнен сұрасаңдар, Ол соны бермек.
Matt Kaz 18:20  Өйткені екі-үш адам Менің атымнан жиналса, Мен де сол жерде араларында боламын.
Matt Kaz 18:21  Сонда Петір Исаның қасына жақындап:— Мырза, егер бауырласым маған қарсы күнә жасай берсе, оны неше рет кешіруім керек? Жеті ретке дейін бе? — деп сұрады.
Matt Kaz 18:22  Иса:— Саған айтамын: жеті емес, жеті қайтара жетпіс ретке дейін, — деп жауап берді.
Matt Kaz 18:23  — Құдай Патшалығындағы жағдай мынаған ұқсас: Бір патша қызметкерлерінен есеп алмақшы болады.
Matt Kaz 18:24  Есеп ала бастағанда оның алдына он мың ат басындай күміске борышты қызметкерін алып келеді.
Matt Kaz 18:25  Қарызын төлейтін ештеңесі болмағандықтан, патша оның өзін, әйелін, бала-шағасы мен мал-мүлкін түгел сатып, содан түскен ақшамен қарызын өтеуге бұйырады.
Matt Kaz 18:26  Сонда қызметкер патшаның аяғына жығылып: «Тақсыр, маған сәл мұрсат бере көріңіз, мен бәрін де төлеймін!» деп жалынады.
Matt Kaz 18:27  Қызметкеріне жаны ашыған патша оны босатып, бүкіл қарызын да кешіреді.
Matt Kaz 18:28  Қызметкер далаға шыққан соң, бір қызметтес жолдасын кездестіреді. Бұл адам оған тек бір жүз күміс теңгеге ғана борышты еді. Алайда қызметкер оны алқымынан алып, қылғындыра бастап: «Дәл қазір маған берешегіңді қайтар!» деп талап етеді.
Matt Kaz 18:29  Қарыздар жолдасы аяғына жығылып: «Маған сәл мұрсат бере көр, мен бәрін де төлеймін!» деп жалынады.
Matt Kaz 18:30  Бірақ ол күткісі келмей, әлгіні қарызын төлегенше түрмеге жапқызады.
Matt Kaz 18:31  Мұны көрген өзге жолдастары қатты наразыланып, патшаға барып, болған оқиғаны айтып береді.
Matt Kaz 18:32  Сонда патша сол қызметкерін шақырып алып: «Әй, зұлым қызметші! Сен өтінгендіктен, мен қарызыңды түгелдей кешірдім ғой!
Matt Kaz 18:33  Ендеше сен де дәл солай жолдасыңды кешіруге тиіс емес пе едің?!» дейді.
Matt Kaz 18:34  Патша қаһарланып, оны қарызын толық өтегенше жазалаушыларға тапсырады.
Matt Kaz 18:35  Міне, егер сендер бауырластарыңның күнәларын шын жүректен кешірмесеңдер, көктегі Әкем әрқайсыларыңа да солай істемек!