Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
DEUTERONOMY
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 16
Deut Kaz 16:1  Құдайларың Жаратқан Ие сендерді абиб айының бір түнінде Мысыр елінен алып шыққан еді. Сондықтан осы мезгілді есте ұстап, сол айда Құдай Иенің құрметіне арнап Құтқарылу мейрамын тойлаңдар!
Deut Kaz 16:2  Жаратқан Ие өз есімінің жер бетіндегі тұрағы ретінде таңдап алған орында қой-ешкілеріңнен не мүйізді ірі қара малдарыңнан Құдай Иенің құрметіне Құтқарылу мейрамына арналған құрбандықты шалыңдар.
Deut Kaz 16:3  Оның етін ашытқы салып пісірілген нанмен қосып жемеңдер. Жеті күн бойы етті ашымаған нанмен қосып жеңдер. Бұл нан — көрген қиындықтарыңды еске түсіретін нан, себебі Мысыр елін асығыс тастап шықтыңдар. Сендер Мысырдан көшіп шыққан күнді осы рәсімді орындау арқылы өмір бойы есте сақтайтын боласыңдар.
Deut Kaz 16:4  Өздерің тұрып жатқан бүкіл ел көлемінде сол жеті күн бойы ешқандай ашытқы көрінбеуі керек.Сендер мейрамның алғашқы күнгі кешінде құрбандыққа шалған малдың ешбір еті таң атқанша қалып қоймасын!
Deut Kaz 16:5  Құдайларың Жаратқан Ие сендерге беріп отырған елді мекендеріңнің барлығында бірдей Құтқарылу мейрамының құрбандығын шалуларыңа болмайды.
Deut Kaz 16:6  Құрбандықты тек Құдайларың Жаратқан Ие өз есімінің жер бетіндегі тұрағы ретінде таңдап алған орында ғана шалыңдар! Оны Мысыр елінен шыққан мезгілдерің — кеште күн батқанда шалуларың керек.
Deut Kaz 16:7  Етті отқа қақтап пісіріп, Құдай Ие тағайындаған орында жеңдер. Ал келесі күні таңертең қонатын шатырларыңа қайтуларыңа болады.
Deut Kaz 16:8  Алты күн бойы ашытқысыз пісірілген нан жеңдер. Жетінші күні Құдайларың Жаратқан Иеге арналған салтанатты жиналыс өткізіңдер. Сол күні ешқандай жұмыс істемеңдер!
Deut Kaz 16:9  Осы кезден, демек, пісіп тұрған арпаны ора бастаған уақыттан бастап жеті апталық кезеңді санап алыңдар.
Deut Kaz 16:10  Бұл кезеңнің соңында Құдайларың Жаратқан Иеге бағышталған Жеті апта мейрамын тойлаңдар. Сонда Құдай Иенің сендерді жарылқағанына сәйкес Оған өз еріктеріңмен беретін сый-тартуды әкеліп ұсыныңдар.
Deut Kaz 16:11  Құдай Иенің алдында, Оның өз есіміне арналған жер бетіндегі тұрағы ретінде таңдап алған орнында, сендер ұл-қыздарыңмен, қызметшілеріңмен, қалаларыңда тұрып жатқан леуіліктермен, араларыңдағы жат жұрттықтармен және жетім-жесірлермен бірге қуана мейрамдаңдар.
Deut Kaz 16:12  Өздеріңнің Мысыр елінде құлдықта болғандарыңды естеріңде ұстап, осы ережелерді сақтап орындаңдар.
Deut Kaz 16:13  Астық бастырып, жүзім шырынын сығып болғаннан кейін жеті күн Күркелер мейрамын өткізіңдер.
Deut Kaz 16:14  Мейрамды ұл-қыздарыңмен, қызметшілеріңмен, қалаларыңда тұрып жатқан леуіліктермен, жат жұрттықтармен, жетім-жесірлермен бірге шаттана тойлаңдар.
Deut Kaz 16:15  Осы мейрамды Құдайларың Жаратқан Иенің құрметіне Өзі тағайындаған орында жеті күн бойы өткізіңдер. Себебі Құдай Ие сендерге мол өнім беріп, қолға алған барлық іс-әрекеттеріңді жарылқайтын болады. Сондықтан зор шаттыққа кенелесіңдер.
Deut Kaz 16:16  Сонымен барлық ер адамдарың Құдайларың Жаратқан Иенің алдына, Өзі таңдап алған орынға жылына үш рет барулары керек: Ашымаған нан мейрамы, Жеті апта мейрамы және Күркелер мейрамы кезінде. Олар Жаратқан Иенің алдына құр қол бармай,
Deut Kaz 16:17  әрқайсысы Құдай Иеміздің өздеріңді жарылқағанына сәйкес, хал-жағдайына қарай сый-тартулар ұсынсын.
Deut Kaz 16:18  Құдайларың Жаратқан Ие сендерге табыстап отырған елді мекендеріңнің бәрінде барлық руларыңа арнап төрешілер мен басқарушылар тағайындаңдар. Олар халыққа әділ билік айтуға міндетті болады.
Deut Kaz 16:19  Не әділдікті бұрмалаушы, не адамның бет-жүзіне қараушы, не пара алушы болмаңдар! Пара деген дананың көзін соқыр қылып, әділдің іс-әрекетін бұрмалайды.
Deut Kaz 16:20  Әділдікке, тек әділдікке ғана ұмтылыңдар! Сонда тірі қалып, Құдай Иенің өздеріңе табыстап отырған елін иемденетін боласыңдар.
Deut Kaz 16:21  Құдайларың Жаратқан Иеге арнап салған құрбандық орындарыңның жанына жалған тәңір Ашераға бағышталған ешқандай ағаш бағаналар орнатпаңдар!
Deut Kaz 16:22  Табынуға арналған тас бағаналар да орнатпаңдар! Құдай Иеміз сондай нәрселерді жек көреді.