Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
GALATIANS
1 2 3 4 5 6
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 4
Gala Kaz 4:1  Тағы айтпағым мынау: мұрагер болашақта барлық байлықты иемденуге қақылы болса да, балалық кезінде оның құлдан еш айырмашылығы жоқ.
Gala Kaz 4:2  Жас мұрагер әкесі белгілеген уақытқа дейін қамқоршылар мен үй басқарушылардың бақылауында.
Gala Kaz 4:3  Біз де рухани балалық шағымызда осы дүниедегі бастапқы діни ілімдердің құлдығында болдық.
Gala Kaz 4:4  Ал Құдай белгілеген уақыты жеткенде, Өзінің рухани Ұлын жіберді. Ол бір әйел арқылы дүниеге келіп, Таурат заңы үстемдік етіп тұрған халықтың арасында
Gala Kaz 4:5  сол заңға бағынғандарды босатып, Өзінің рухани балалары ету үшін келді.
Gala Kaz 4:6  Енді біз рухани балалары болғандықтан, Құдай Өзінің рухани Ұлының Рухын жүрегімізге дарытты. Сол Рух бізді: «Абба, Әке!» — деп Құдайға сиындырады.
Gala Kaz 4:7  Сонымен енді құл емес, рухани ұлсың; ал рухани баласы болған соң, Құдай саған Өзінің уәде еткендерін сыйлайтын болады.
Gala Kaz 4:8  Сендер бұрын Құдайды әлі білмейтін кезде шынайы Тәңір емес жын-перілерге құл болып қызмет еттіңдер.
Gala Kaz 4:9  Ал енді Құдайды жақыннан танып алғаннан кейін, дұрысын айтқанда, Құдай сендерді танып, Өзімен жақын байланыста болуға шақырғаннан кейін, қалай ғана кері айналып, қайтадан әлсіз де бейшара, бастапқы діни ілімдерге бет бұрасыңдар? Соларға тағы да құл болып жүргілерің келе ме?
Gala Kaz 4:10  Белгілі діни күндер мен айларды, мерекелер мен жылдарды берік ұстануда екенсіңдер.
Gala Kaz 4:11  Сендерге арнаған еңбегім зая кетті-ау деп уайымдаймын.
Gala Kaz 4:12  Бауырластарым, сендерден өтінемін: пайдасыз ережелерге бағынбай, мен сияқты болыңдар, мен де сендер сияқты болдым. Жеке басыма жамандық істеген жоқсыңдар.
Gala Kaz 4:13  Сендерге Ізгі хабарды алғаш рет жариялағанымда денсаулығымның нашар болғанын білесіңдер.
Gala Kaz 4:14  Бірақ та тәнімнің ауруынан жиреніп, теріс қарап кетпедіңдер. Керісінше, мені Құдайдың бір періштесіндей, тіпті Иса Мәсіхтің Өзіндей, қабылдадыңдар.
Gala Kaz 4:15  Бұрынғы риза көңілдеріңе не болды? Өзім мынаған куәмін: сол кезде, мүмкін болса, өз көздеріңді ойып алып, маған сыйлар едіңдер.
Gala Kaz 4:16  Ал қазір мен сендерге шындықты айтқаным үшін жау болып шықтым ба?
Gala Kaz 4:17  Көңілдеріңнен шығуға ынталанғандардың ниеттері жақсы емес: олар сендерді бізден ажыратып, өздеріне құштар етіп қаратып алмақ.
Gala Kaz 4:18  Біреудің көңілінен шығуға ізгі ниетпен ынталану — жақсы нәрсе, бірақ бұл тек қастарыңда жүргенімде ғана емес, әрдайым болу керек.
Gala Kaz 4:19  Балаларым менің! Баласын туғанда толғақ азабын басынан кешкен анадай мен тағы да сендерді уайымдап қиналып жүрмін. Бұл, мінез-құлықтарыңнан Мәсіхтің болмысы толығырақ көрінгенше, жалғаса бермек.
Gala Kaz 4:20  Дәл қазір қастарыңда болып, сендермен жұмсақ үнмен сөйлессем шіркін! Себебі сендерді түсіне алмай жүрмін.
Gala Kaz 4:21  Таурат заңына бағынғысы келген сендер маған айтыңдаршы: Тауратта айтылғанды білмейсіңдер ме?
Gala Kaz 4:22  Онда Ыбырайымның екі ұлы: біреуі күңінен, екіншісі ерікті әйелінен туғаны туралы жазылған.
Gala Kaz 4:23  Күңінің ұлы әдеттегідей туылса, ерікті әйелінің ұлы Құдайдың берген уәдесі бойынша кереметпен дүниеге келді.
Gala Kaz 4:24  Бұл әңгімеде астарлы мағына бар, екі әйел екі түрлі Келісімді білдіреді: біреуі — перзентін құлдықта туған Ажар, ол — Синай тауында жасалған Келісімнің бейнесі.
Gala Kaz 4:25  Ал Арабиядағы Синай тауын бейнелейтін Ажар қазіргі Иерусалимге де ұқсайды. Себебі ол қала өз халқымен әлі де Таурат заңының құлдығында.
Gala Kaz 4:26  Бірақ көктегі Иерусалим ерікті, біздің рухани анамыз — сол!
Gala Kaz 4:27  Бұған байланысты Пайғамбарлар жазбаларында: «Қуан, уа, құрсақ көтермейтін, бала сүймеген әйел, шаттана ән шырқа! Иә, толғатып көрмеген сен, масаттанып дауыста! Өйткені күйеуі бардан гөрі жалғыз басты әйелдің балалары енді көбірек болады!» — деп алдын ала айтылған.
Gala Kaz 4:28  Уәде бойынша дүниеге келген Ысқақ іспетті біздер де, уа, бауырластарым, Құдайдың уәдесіне сай Оның қайта туылған рухани балаларымыз. Себебі Ыбырайымның Тәңір Иеге сенгеніндей, біз де Оған сенеміз.
Gala Kaz 4:29  Ал әдеттегідей жолмен дүниеге келген бала сол заманда Құдай Рухы дарытқан қабілетпен туған баланы қудалады. Сол сияқты, қазір де құлдықта жүрген яһудилер Киелі Рухтан қайта туылған біздерді қудалауда.
Gala Kaz 4:30  Тауратта не делінген? Онда мынадай сөздер бар: Күңді баласымен бірге қуып жібер! Күңнің ұлы ерікті әйелдің ұлымен бірдей мұраға ие болмасын!
Gala Kaz 4:31  Ендеше, бауырластар, біздер «күңнің» емес, «ерікті әйелдің» ұрпағымыз!