Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
HEBREWS
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 13
Hebr Kaz 13:1  Бір-біріңді бауырластар ретінде ұдайы жақсы көріңдер!
Hebr Kaz 13:2  Қонақжайлылық танытуды ұмытпаңдар. Солай еткен кейбіреулер білместен тіпті Тәңір Иенің періштелерін қонақ қылды.
Hebr Kaz 13:3  Тұтқынға түскендеріңнің қамын ойлап, солармен бірге құрсауда отырғандай сезініңдер. Жәбір көріп жүргендерді өздерің де тәндік азап шеккендей естеріңнен шығармай, қолдау көрсетіңдер!
Hebr Kaz 13:4  Некеге барлығың да құрметпен қарап, жар төсегін былғамаңдар! Азғындар және неке адалдығын бұзғандар Құдайдың сотына түспек.
Hebr Kaz 13:5  Ақшақұмар болмай өмір сүріп, қолдағы барды қанағат тұтыңдар! Құдай: «Мен сені ешқашан тастап та кетпеймін, жалғыз да қалдырмаймын», — деген ғой.
Hebr Kaz 13:6  Сондықтан да біз: «Ием маған жар, мен қорықпаймын ешбір жайттан, не істей алады адам баласы маған?» деп нық сеніммен айтамыз.
Hebr Kaz 13:7  Өздеріңе Құдайдың хабарын айтқан жетекшілеріңді ұмытпаңдар. Олардың қалай өмір сүріп, қалай бұ дүниеден кеткендерін естеріңде ұстап, сенімдерін үлгі-өнеге етіңдер!
Hebr Kaz 13:8  Иса Мәсіх өткенде, қазір және болашақта мәңгілік Өзі болып қала береді.
Hebr Kaz 13:9  Түрлі бөтен ілімдерге ілесіп кетпеңдер! Жан дүниеміздің Құдайдың рақымымен нығаюы игі. Бұған ішіп-жеуге болатын тағамдар туралы діни ережелердің қатысы жоқ. Мұндайларды ұстанғандар олардан еш пайда таппайды.
Hebr Kaz 13:10  Мәсіх біз үшін өмірін құрбан етті. Ал ғибадатханада ескі рәсімдерге сай құлшылық етіп жүргендерге Мәсіхтің құрбандық өлімінен келер пайда жоқ.
Hebr Kaz 13:11  Сол рәсімдер бойынша бас діни қызметкер күнәнің құнын өтеу үшін құрбандыққа шалынған малдардың қанын (жылына бір рет) киелі үйдің ең қасиетті бөліміне алып барады. Ал құрбандықтардың өздері ел қонысының сыртына шығарылып, өртеледі.
Hebr Kaz 13:12  Сол сияқты Иса да, адамдарды Өзінің қаны арқылы Құдайға бағыштап қасиетті ету үшін қала қақпасының сыртында азапталып, құрбан болды.
Hebr Kaz 13:13  Сондықтан біз ескі құлшылық ету рәсімдерінен аулақ шығып, Мәсіхке еріп, Оның көрген қорлығын бөлісейік.
Hebr Kaz 13:14  Осы күнәкар дүниеде біз тұратын мәңгілік қала жоқ, қайта, көктегі келешек қаланы аңсап күтудеміз.
Hebr Kaz 13:15  Сонымен Мәсіх арқылы Құдайды үнемі мадақтап сый-тартуымызды ұсынайық: Оның «Жаратқан Ие» деген атағын ауызбен де мойындап, дәріптеуіміз біздің Тәңір Иеге арнаған құрбандығымыз болады.
Hebr Kaz 13:16  Сондай-ақ, қолдағы игіліктеріңмен өзара бөлісіп жақсылық жасауды ұмытпаңдар! Мұндай құрбандықтарға да Құдай риза.
Hebr Kaz 13:17  Жетекшілеріңе мойынсұнып, айтқандарын тыңдаңдар. Олар ұдайы рухани өмірлеріңнің қамын жеп, сол қызметтері туралы Мәсіх алдында есеп беруге тиісті. Мұны қинала емес, қуана атқарулары үшін оларға мойынсұныңдар. Олай етпесеңдер, өздерің зиян көресіңдер.
Hebr Kaz 13:18  Біз үшін Құдайға сиыныңдар. Ар-ұжданымыздың таза екеніне сенімдіміз, барлық жағдайда да адал жүруге ұмтыламыз.
Hebr Kaz 13:19  Маған тезірек өздеріңе қайтып баруға жол ашсын деп Тәңір Иемізден тілеулеріңді ерекше өтінемін.
Hebr Kaz 13:20  Татулық пен тыныштық орнатқан Құдай біздің Иеміз Исаны өлімнен тірілтіп алды. Иеміз өз қанын төгіп құрбан болуымен мәңгілік Жаңа Келісімді бекіткендіктен, сенушілер қауымының Ұлы Бағушысы болды.
Hebr Kaz 13:21  Лайым Құдай Өзінің айтқандарын орындауларың үшін сендерге қажетті барлық жақсылықты дарыта көрсін, әрі Өзіне ұнайтын игі істерді Иса Мәсіхтің қолдауымен сендерге жасата берсін. Мәсіхтің ұлылығы мәңгілік мадақтала берсін! Аумин.
Hebr Kaz 13:22  Қымбатты бауырластар, өтінемін, сендерге арнаған ескертпелерімді қабыл алыңдар; қысқа ғана жаздым емес пе?
Hebr Kaz 13:23  Бауырласымыз Тімотенің тұтқыннан босатылғанынан хабардар болыңдар. Егер ол мұнда тезірек келсе, онымен бірге өздеріңді көретін ойым бар.
Hebr Kaz 13:24  Барлық жетекшілеріңе және Құдайдың бүкіл халқына сәлемімді жеткізіңдер. Италиялық бауырластарымыз да сендерге сәлем жолдауда.
Hebr Kaz 13:25  Лайым бәріңе Құдай жар болып, рақымын жаудыра көрсін! (Аумин.)