Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
HEBREWS
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 12
Hebr Kaz 12:1  Осылай өз сенімдерін айқын паш еткен қалың көпшілік бізді жарыстағы жанкүйерлердей қоршап тұр. Сондықтан да бізге бөгет болатынның барлығынан, әсіресе, тез шырмап алатын әрбір күнәдан арылып, алдымыздағы «жарысты» қажырлылықпен аяқтайық!
Hebr Kaz 12:2  Басқа жаққа мойын бұрмай, бар назарымызды Исаға аударайық! Бастапқыда сенім жолын салған Ол бізді сеніміміз арқылы Құдай белгілеген мақсатымызға жеткізеді де. Иса Өзін күтіп тұрған зор қуаныш үшін айқышқа шегеленудің қорлығын елемей, соған төзді. Бұдан кейін Ол Құдайдың тағының оң жағындағы құрметті орнына жайғасып отырды.
Hebr Kaz 12:3  Исаның күнәкарлардың қаншама жауыздықтарына шыдағанын ескеріңдер! Осылай сендер де қажымаңдар, жігерлеріңді жасытпаңдар!
Hebr Kaz 12:4  Күнәға қарсы тойтарыс берген күрестеріңде сендер әлі де қандарыңды төгіп, жандарыңды пида еткен жоқсыңдар.
Hebr Kaz 12:5  Расында Құдайдың сендерді Өзінің рухани балалары деп атаған мынадай ескертпесін ұмыттыңдар ма:«Балам, Тәңір сені тәрбиелегендеОнысын ешқашан менсінбей жүрме,Ол сені жөнге келтіргенде,Лайым еңсең түсіп жүнжіме!
Hebr Kaz 12:6  Иеміз Өзі сүйетін әркімдіТүзетеді әрі тәрбиелейді,Бауырына басқан әр баласын даЖазалайды қажет болғанда».
Hebr Kaz 12:7  Көріп жатқан азаптарыңа тәрбие ретінде шыдаңдар. Құдай сендерге рухани баласына қарағандай қарайды. Әкесі түзетпейтін бала бола ма?
Hebr Kaz 12:8  Барлық сенушілер де соны бастарынан өткізеді. Егер сендер осылай тәрбиеленбесеңдер, онда Оның шынайы рухани балалары болмағандарың.
Hebr Kaz 12:9  Туған әке-шешелеріміз бізді тәрбиеледі, біз оларды қастерлеп, сыйлап келеміз. Ендеше шынайы өмірге ие болу үшін көктегі рухани Әкемізге одан бетер мойынсұнуымыз керек емес пе?
Hebr Kaz 12:10  Әке-шешелеріміз өз пайымдауларынша шектеулі уақыт аралығында жазалап та тәрбиелесе, Құдай бізді нағыз игілігіміз үшін басымызға қиыншылықтар туғызып тәрбиелейді. Осылайша Өзінің қасиетті болғанындай бізді де қасиетті етуді көздейді.
Hebr Kaz 12:11  Кезінде әрбір жаза қуаныш емес, реніш туғызады. Ал соны басынан өткізіп тәрбиеленгенге ол кейінірек әділдік пен тыныштықтың игілікті жемісін береді.
Hebr Kaz 12:12  Сонымен салдырап, дәрменсіз қалған аяқ-қолдарыңның буындарын бекітіп, еңселеріңді көтеріңдер!
Hebr Kaz 12:13  Рухани жағынан әлсіреген бауырластарыңның адаспай, қайта, сауығып кетулері үшін түзу жолмен аяқтарыңды нық басып жүріңдер!
Hebr Kaz 12:14  Барлық адамдармен тату болып, Құдайға бағышталған қасиетті өмір сүруге ұмтылыңдар! Мұнсыз ешкім Жаратқан Иені көре алмайды.
Hebr Kaz 12:15  Абай болыңдар, ешқайсың Құдайдың рақымынан құр қалып жүрмеңдер! Әйтпесе улы жеміс беретін тамырды қазып алып тастамаса, оның қайтадан көктеп, қаулап өсіп кететіні сияқты, мұндай адамдарың өздерінің жаман көзқарастарына көптеген басқаларды да еліктіріп, арамдап, зор зиян тигізетін болады.
Hebr Kaz 12:16  Ешқайсыларың да опасыз болып, азғын өмір сүрмеңдер! Яки Есау сияқты қасиетті атаулыға немқұрайды қарамаңдар! Ол бір ішер тамаққа бола өзінің тұңғыштық жолын сата салды ғой.
Hebr Kaz 12:17  Кейінірек ол әкесінің ерекше батасын алғысы келгенмен, өтініші қабылданбады. Есау жылап тұрып жалбарынса да, өзінің істеп қойғанын өзгерте алмады.
Hebr Kaz 12:18  Сендер ата-бабаларымыз іспетті көріп-естуге болатын мынадай жайтты бастарыңнан өткізбедіңдер: олар от болып лаулап жанып жатқан Синай тауына жақындады. Айнала қара түнек болып, сұрапыл дауыл соғып,
Hebr Kaz 12:19  кернейдің қатты даусы шығып, сөздер айтылды. Соны естіген халық мұндай сөздерді енді қайтып естімесек екен деп жалбарынды.
Hebr Kaz 12:20  Олар «Тауға аяқ-қолдарын тигізген әркімді, тіпті мал тұяғы тисе де, оны таспен атқылап өлтіру керек» деген бұйрықтан қорықты.
Hebr Kaz 12:21  Осы көріністің әсерінің үрей туғызатындай болғаны сонша, Мұса пайғамбардың өзі: «Мен қорқып, үрейленіп тұрмын», — деді.
Hebr Kaz 12:22  Ал сендер рухани Сион тауына, яғни мәңгі тірі Құдайдың көктегі Иерусалим қаласына, әрі ондағы сан-мыңдаған періштелерге келдіңдер.
Hebr Kaz 12:23  Сондай-ақ, сенушілердің мерекелік жиыны мен қауымына қосылдыңдар. Сендер де, біз де Тәңір Иеге әке мен тұңғыш баласындай жақынбыз, есімдеріміз Оның көктегі кітабына жазылған. Барлық адамдарға үкім шығаратын Құдайдың алдына, әрі өткен кезеңдерде сенімдері арқылы ақталып, мақсаттарына жеткендерге
Hebr Kaz 12:24  және Жаңа Келісімнің негізін салған Исаға да келдіңдер. Оның төгілген қаны Әбілдікінен гөрі игілікті хабарға меңзейді.
Hebr Kaz 12:25  Абай болыңдар, өздеріңе сөйлеп тұрған Тәңір Иені тыңдаңдар! Ежелде Оның тапсырмасымен жер бетінде сөйлеген Мұса пайғамбарды тыңдамай қойған Исраил халқы жазадан құтылмады. Ендеше бізге көктен сөйлеп тұрған Құдайдың Өзінен бас тартсақ, онда алатын жазамыздан одан бетер құтыла алмаймыз!
Hebr Kaz 12:26  Сол кезде Тәңір Иенің зор даусы жерді шайқалтты. Ал қазіргі заман туралы Құдай пайғамбары арқылы мынадай уәде берді: Мен тағы да жер түгіл, аспанды да шайқалтамын!
Hebr Kaz 12:27  «Тағы да» деген сөздер мынаны білдіреді: Құдай Өзі жаратқанның барлығын шайқалтып, орнынан алып тастамақ. Сонда тек шайқалтуға болмайтындар ғана қалады.
Hebr Kaz 12:28  Сонымен, өзіміз шаңырағы ешқашан шайқалмайтын Патшалықтан үлес алғандықтан, біз сол үшін Құдайға шын жүректен шүкірлік айтайық! Оны риза қылатындай қызмет етіп, терең қастерлеп, Оған ұнамсызды істеуден шошынатын болайық!
Hebr Kaz 12:29  Біздің сиынатын Құдайымыз жалмап қоятын от іспетті!