Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
HEBREWS
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 11
Hebr Kaz 11:1  Ал сенім дегеніміз — үміттенгеннің жүзеге асатынына күмәнданбау, әлі де көрінбей тұрған уәденің орындалуына шүбәсіз илану.
Hebr Kaz 11:2  Тәңір Иеге осындай сенім артқандары үшін ата-бабаларымыз Оның ризашылығына ие болды.
Hebr Kaz 11:3  Құдайдың әлемді айтқан сөзімен жаратып, ретке келтіргенін, яғни көз алдымыздағы жаратылысты көзге көрінетін заттан емес, ғайыптан жасап шығарғанын сенімімізбен ұғынамыз.
Hebr Kaz 11:4  Құдайға сенгендіктен Әбіл Оған арнап Қабылдікінен гөрі тиімді құрбандық жасады. Сенімі арқылы Әбіл ақталды, өйткені Құдай оның ұсынған сый-тартуларын ұнатып қабылдады. Әбіл өлтірілген болса да, оның сеніммен істегені әлі де үлгі болып келеді.
Hebr Kaz 11:5  Енох Құдайға сенгені үшін ажалға жолықтырылмай бұ дүниеден әкетілді. «Ол жер бетінен ғайып болды, себебі Құдай оны Өзіне алып кеткен еді». Енохтың бұған дейінгі өмірінің Құдайға ұнамды болғаны туралы да Тауратта куәлік берілген.
Hebr Kaz 11:6  Ал сенім артпай Құдайға ұнау мүмкін емес. Құдайға келген әркім Оның бар екеніне сенуге және Өзін іздеп, жақыннан танығысы келгендерді Құдайдың жарылқайтынына илануға тиіс.
Hebr Kaz 11:7  Нұх пайғамбар әлі де көзге көрінбеген топан су туралы ескертілгенде, Құдайға сеніп, Оны терең қастерледі, сондықтан отбасын құтқару үшін кемесін жасап дайындады. Осы сенімімен Нұх дүниенің қиқарлығын әшкереледі, әрі сенім арқылы болатын ақталуға қолы жетті.
Hebr Kaz 11:8  Ыбырайым пайғамбар да Құдай өзін шақырып алып, кейін тұрақты меншігіне беруге уәде еткен елге барып тұруға бұйырғанда, Оған сеніп, мойынсұнды. Ыбырайым қайда бара жатқанын білмесе де, жолға шықты.
Hebr Kaz 11:9  Уәде етілген елде ол жат жұрттық келімсек болып, Тәңір Иеге сеніп өмір сүрді. Сондай уәдені алған Ысқақ пен Жақып та Ыбырайым сияқты көшіп-қонып, шатырларда тұрып жатты.
Hebr Kaz 11:10  Себебі Ыбырайым сәулетшісі де, құрылысшысы да Құдайдың Өзі болған, негізі берік қаланған мәңгілік қаланың пайда болуын күтіп жүрді.
Hebr Kaz 11:11  Сенімі арқылы Ыбырайым жасы ұлғайған шағында әйелі Сарадан бала сүю үшін Құдайдың құдіретін қабылдады. Ол Сараның бедеулігіне қарамастан, ұлды етуге уәде берген Тәңір Иені сөзінде тұрады деп санады.
Hebr Kaz 11:12  Сондықтан төрінен көрі жуық қарт адамнан аспандағы жұлдыздар мен теңіз жағалауындағы құм қиыршықтарындай сансыз көп ұрпақ тарады.
Hebr Kaz 11:13  Ыбырайым, Ысқақ, Жақып үшеуі де сенімдерін ұстанған күйі дүние салды. Тәңір Ие өздеріне уәде еткен игіліктерді иемденбестен соларды тек алыстан ғана көріп, қуанды. Олар өздерінің жер бетінде тек жат жұрттық келімсек ретінде тұрғандарын мойындады.
Hebr Kaz 11:14  Осылай айтқандар өздерінің шынайы отандарын көздеп жүргендерін білдіреді.
Hebr Kaz 11:15  Өздері тастап кеткен елдерін естеріне түсіріп отырса, соған қайта оралудың орайы да болар еді.
Hebr Kaz 11:16  Ал олар одан гөрі жақсы елді, яғни көктегі отандарын, аңсап күтті. Сол себептен де Құдай олардың Құдайы деп аталудан бас тартпайды, соларға арнап Ол көкте мәңгілік қаланы дайындап та қойды.
Hebr Kaz 11:17  Ыбырайым сенімі сыналғанда Құдайға нық сенгендіктен Ысқақты құрбандыққа ұсынды. Ол туралы «сенің ұрпағың Ысқақтан тарайтын болады» деген уәде алғанымен, Ыбырайым жалғыз ұлын құрбан етуге дайын болды.
Hebr Kaz 11:18  Ыбырайым сенімі сыналғанда Құдайға нық сенгендіктен Ысқақты құрбандыққа ұсынды. Ол туралы «сенің ұрпағың Ысқақтан тарайтын болады» деген уәде алғанымен, Ыбырайым жалғыз ұлын құрбан етуге дайын болды.
Hebr Kaz 11:19  Ыбырайым Құдай баламды өлімнен қайта тірілтуге де құдіретті деп есептеді; астарлап айтқанда, ол баласын өлімнен қайтарып алды да.
Hebr Kaz 11:20  Ысқақ та Құдайға сенім артып, ұлдары Жақып пен Есауға олардың болашағы жайында көреген батасын берді.
Hebr Kaz 11:21  Жақып өлер алдында сеніміне бола Жүсіптің екі ұлына батасын беріп, таяғының басына сүйеніп тұрып Құдайға ғибадат етті.
Hebr Kaz 11:22  Жүсіп Құдайға сенгендіктен, бұ дүниеден аттанарда Исраил ұрпақтарының келешекте Мысырдан көшіп шығатындары жайлы ескертіп, өзінің сүйегін бірге алып кетулерін өсиеттеді.
Hebr Kaz 11:23  Мұса пайғамбардың әке-шешесі Құдайға сенгендіктен, жаңа туған нәрестесін үш ай бойы жасырып қойды. Оның ерекше сәби екенін көрген олар Мысыр патшасы перғауынның жарлығынан қаймықпады.
Hebr Kaz 11:24  Сеніміне бола Мұса жасы кәмелетке келгенде перғауынның қызының баласы деп аталудан бас тартты.
Hebr Kaz 11:25  Ол күнәкар өмірдің өткінші рақатынан гөрі Құдай халқымен бірге жәбірленуді таңдады.
Hebr Kaz 11:26  Осылай Мұса (Құдай уәде еткен) Мәсіх үшін масқара болуды Мысырдың қазыналарынан артық байлыққа санады. Себебі ол болашақтағы зор сыйды көздеді.
Hebr Kaz 11:27  Мұса Тәңір Иеге сенгендіктен, патшаның қаһарынан қаймықпай, Мысырды тастап кетті. Ол көзге көрінбейтін Жаратқан Иеге көріп тұрғандай иланып, Оның тапсырғандарына берік болды.
Hebr Kaz 11:28  Мұса сеніміне бола Құтқарылу мейрамында исраилдіктерге құрбандыққа тоқты шалып, соның қанын босағаларына жағу рәсімін орындатты. Осылай мысырлықтардың тұңғыштарын өлтіруші (періште) оларға жоламады.
Hebr Kaz 11:29  Исраил халқы Құдайға сенгендіктен, Қызыл теңізден құрғақ жермен жүргендей өте шықты. Мысырлықтар да солай істемекші болғанда суға батып қырылды.
Hebr Kaz 11:30  Исраилдіктер Тәңір Иеге сеніп Иерихон қаласын жеті күн бойы айналып жүргеннен кейін оны қоршаған қамалдары құлап түсті.
Hebr Kaz 11:31  Бұрын жеңіл жүрісті болған Рахаб Құдайға сенім артқандықтан, исраилдік барлаушыларды үйіне түсіріп, аман-есен сақтап қалды. Сол себепті ол Құдайға мойынсұнбаған жерлестерімен бірге өлтірілген жоқ.
Hebr Kaz 11:32  Тағы не айтайын? Гедеон, Барақ, Самсон, Ефтах, Дәуіт, Самуил және басқа пайғамбарлар туралы әңгімелеуге уақытым жетпес те еді.
Hebr Kaz 11:33  Олар Құдайға сенгендіктен патшаларды жеңіп шығып, әділдік орнатып, уәде етілгенге ие болды. Кейбіреулері арыстандардың аузын жауып,
Hebr Kaz 11:34  жалын шашқан өртті сөндіріп, семсер жүзінен аман қалды. Олар әлсірегенде Құдайдан күш алып, ұрыс-шайқаста нығайып, жау жасақтарын қуып шықты.
Hebr Kaz 11:35  Кейбір әйелдер өлгендері қайта тіріліп, олармен қайтадан қауышты.Ал қиналып өлтірілген басқалар да болды. Олар сатқындықпен бостандық алудан бас тартып, өздерінің әлдеқайда жақсы өмірге қайта тірілулерін көздеді.
Hebr Kaz 11:36  Өзге кейбіреулері мазаққа ұшырап, соққыға жығылып, шынжырмен құрсауланып, түрмеге жабылды.
Hebr Kaz 11:37  Біреулері таспен атқыланып, арамен кесіліп, семсермен шабылып өлтірілді. Басқалары қой-ешкінің терісін жамылып, жоқшылық көріп, азапталып жәбірленді.
Hebr Kaz 11:38  Күнәкар дүние сондай ержүрек адамдарға лайықсыз еді! Олар айдалада таулы-тасты жерлерде қаңғып жүріп, үңгірлер мен апандарда жасырынып өмір сүрді.
Hebr Kaz 11:39  Бұлардың барлығы сенімдерінің арқасында Тәңір Иенің ризашылығына ие болды. Дегенмен Оның уәде еткенін иемдене алмады.
Hebr Kaz 11:40  Себебі Құдай біз үшін одан да жақсы жоспар ойлап қойған болатын: Ол осы адамдарды бізбен бірге ғана кемелді етіп, мәңгілік мақсатына жеткізуді қалады.