Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
HEBREWS
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 7
Hebr Kaz 7:1  Сол Мәліксадық Салим қаласының патшасы және Алла Тағаланың діни қызметкері болатын. Ыбырайым бірнеше патшаны жеңіп, шайқастан қайтып келе жатқанда, Мәліксадық оған жолығып, батасын берді.
Hebr Kaz 7:2  Сонда Ыбырайым қолындағы бар мал-мүліктің оннан бір бөлігін (құдайы сый-тарту етіп) оған қалдырып кетті. Мәліксадық есімінің мәнісі «Әділдік патшасы» болса, «Салимнің патшасы» — «Амандық пен тыныштық патшасы» дегенді білдіреді.
Hebr Kaz 7:3  Мәліксадықтың әке-шешесі, шыққан тегі және өмір сүрген уақытының бас-аяғы туралы ешбір мәлімет берілмеген. Сол жағынан ол мәңгі бақи діни қызметкер болып қалатын Құдайдың рухани Ұлына ұқсайды.
Hebr Kaz 7:4  Мәліксадықтың мәртебесінің қандай жоғары екенін ойлап көріңдер: тіптен түп атамыз Ыбырайым түскен олжасының оннан бір бөлігін оған берді.
Hebr Kaz 7:5  (Ыбырайымның шөбересі) Леуінің тұқымынан шыққан діни қызметкерлер Құдайдың өсиетіне сай өз ағайындары — Исраил халқының жалпы түсімінің оннан бір бөлігін алып отырады. Бұлардың да Ыбырайымнан тарағандықтарына қарамастан, леуіліктер олардан әлгі бөлікті жинайды.
Hebr Kaz 7:6  Ал Мәліксадық Леуі руынан шықпаса да, Құдайдың уәдесін алған Ыбырайымның түсімінің оннан бір бөлігін иемденіп, оған батасын берді.
Hebr Kaz 7:7  Бата алғаннан бата бергеннің дәрежесі, сөзсіз, жоғары.
Hebr Kaz 7:8  Оннан бір бөлігін жинайтын леуілік діни қызметкерлер күндердің күнінде өлетін пенделер ғана, ал Мәліксадықтың тірі екендігі туралы мәлімет берілген.
Hebr Kaz 7:9  Ыбырайымның Мәліксадыққа қолындағысының оннан бір бөлігін беруі арқылы кейінірек халықтан түсімінің оннан бір бөлігін жинайтын Леуі руы туралы да: «олар Мәліксадыққа сол құдайы сый-тартуды берді» деп айтуға болады.
Hebr Kaz 7:10  Себебі Леуі руы Мәліксадықпен кездескен атасы Ыбырайымнан тарағандықтан, соның істегендерінің нәтижесі бұларға да қонды. (Сондықтан да Мәліксадықтың діни қызметкер ретіндегі дәрежесі Леуі руынан шыққандардан әлдеқайда жоғары.)
Hebr Kaz 7:11  Таурат заңы Исраил халқына леуіліктердің діни қызметінің негізінде тапсырылды. Егер осылардың қызметі көзделген мақсатқа қол жеткізген болса, онда Мәліксадық іспетті басқа діни қызметкердің тағайындалуының қажеті болмай, (Леуінің ұрпағы) Һароннан тараған діни қызметкерлер де жетіп жатқан болар еді. Алайда олардың қызметі жеткіліксіз болды.
Hebr Kaz 7:12  Ал діни қызметте өзгерістер болса, онда Таурат заңының да өзгертілуі керек.
Hebr Kaz 7:13  Сол секілді, осы айтылғандарға қатысы бар Мәсіхтің Өзі бірде-бір діни қызметкер шықпаған басқа рудан еді:
Hebr Kaz 7:14  Иеміздің Яһуда руынан шыққандығы белгілі. Сол рудың діни қызметі туралы Мұса пайғамбар еш нәрсе айтпаған болатын.
Hebr Kaz 7:15  (Ал леуіліктердің діни қызметі адамдарды рухани мақсатына жеткізе алмай келді.) Бұл жайт Мәліксадық іспетті басқа бір Діни қызметкердің тағайындалуы арқылы бұрынғыдан бетер анық болып тұр.
Hebr Kaz 7:16  Ол — адам ретінде Таурат заңында жазылған шығу тегіне қатысты ережеге сай болғандықтан емес, бойында сарқылмас құдіретті өмір болғандықтан Діни қызметкер.
Hebr Kaz 7:17  Себебі Забурда Ол туралы «Сен Мәліксадықтай діни қызметкерсің, мәңгі сондай болып қала да бересің!» деген куәлік берілген.
Hebr Kaz 7:18  Сонымен бұрынғы заң күшсіз, пайдасыз болғандықтан, оның ережелері істен шықты.
Hebr Kaz 7:19  Мұса арқылы берілген сол заң еш нәрсені де кемелділікке жеткізе алған жоқ. Ал қазір бұрынғыдан гөрі жақсы үмітіміз бар: сол бойынша біз шынымен Құдай алдына барып, Оған сиына аламыз!
Hebr Kaz 7:20  Сонымен қатар, Құдай Мәсіхтің діни қызметкерлігін тіпті антпен бекітті.
Hebr Kaz 7:21  Леуілік діни қызметкерлерге Ол ант берген жоқ, ал Мәсіх діни қызметкер болып тағайындалғанда Құдай Оған ант берді. Бұл туралы былай делінген: «Жаратқан Ие былай деп ант берген еді, Онысын ешқашан да өзгертпейді: Сен діни қызметкерсің, мәңгі сондай болып қала да бересің!»
Hebr Kaz 7:22  Құдай осы антты бергендіктен, Иса — бұрынғыдан гөрі жақсы Жаңа Келісімнің кепілі.
Hebr Kaz 7:23  Тағы бір айырмашылық бар: Көне Келісімнің тұсында бір-бірінің орнын басқан көптеген діни қызметкерлер болды. Барлығы да ажалы жеткенде қызметінде қала алмады.
Hebr Kaz 7:24  Ал Иса мәңгі бақи жасайтындықтан, Оның діни қызметі де өткінші емес.
Hebr Kaz 7:25  Сол себептен Ол Өзі арқылы Құдайға сиынғандардың бәрін толықтай құтқара алады. Иса мәңгі өмір сүріп, олар үшін өтініш жасайды.
Hebr Kaz 7:26  Бізге дәл сондай Бас діни қызметкер қажет: қасиетті де кінәратсыз, кіршіксіз таза Ол, күнәкарлардан аластатылып, аспаннан да жоғары, Құдайдың қасына, көтерілді.
Hebr Kaz 7:27  Иса бұрынғы бас діни қызметкерлер сияқты күнде алдымен өз күнәларының құнын өтеу үшін, сонан соң халықтың күнәлары үшін құрбандық шалуға тиісті емес. Ол айқышта өлгенде Өзін біржола құрбан етіп күнәлардың құнын өтеді.
Hebr Kaz 7:28  Таурат заңы бойынша пенделік кемшіліктері бар адамдар бас діни қызметке тағайындалады. Ал сол заңнан кейін Құдайдың өз антымен бекітілген сөзі бас діни қызметке Өзінің рухани Ұлын тағайындады. Ол мәңгілік еш кемшіліксіз кемелді болады.