Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
JOB
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 2
Job Kaz 2:1  Құдайдың нөкерлері тағы бір күні Жаратқан Иенің алдында тұруға келгенде әзәзіл шайтан да олармен бірге Оның алдында тұруға келді.
Job Kaz 2:2  Жаратқан Ие әзәзілге:— Қайдан келдің? — деген сұрақ қойды. Ол:— Жер бетін аралап кезіп келдім, — деп жауап берді.
Job Kaz 2:3  Жаратқан Ие:— Менің қызметшім Әйүпке көңіл бөлдің бе? Жер бетінде ол сияқты кінәратсыз да әділ, Құдайын терең қастерлейтін, жамандықтан аулақ жүретін ешбір жан жоқ. Оны еш себепсіз құрту үшін Мені қанша түрткілесең де, ол өзінің кінәратсыздығын сақтап келеді, — дегенде,
Job Kaz 2:4  әзәзіл:— «Теріні терімен айырбастар» деген. Адам өз басын аман сақтау үшін қолындағының бәрін де сарп етер! — деп қарсылық білдірді. —
Job Kaz 2:5  Оның еті мен сүйегіне қолыңды созып, тигізе көрші. Сонда ол Сені қалай мадақтар екен, көрейік, — деп жала да жапты.
Job Kaz 2:6  Жаратқан Ие:— Мейлі, ол енді сенің қолыңда. Тек оның өмірін сақта! — деп шешті.
Job Kaz 2:7  Сонда әзәзіл Жаратқан Иенің алдынан шығып кетті.Біраздан кейін әзәзіл шайтан Әйүптің денесін басынан аяғына дейін түгелдей жаралы шиқандармен қаптатты.
Job Kaz 2:8  Қатты қайғырып күл үйіндісінің үстінде отырған Әйүп қолына қыш құмыраның бір сынығын алып, сонымен терісін қасыды.
Job Kaz 2:9  Әйелі оған:— Әлі де кінәратсыздығыңды ұстанып отырсың ба? Одан да Құдайды балағаттап, (азабыңнан құтылып) өле қал, — деп ақыл айтты.
Job Kaz 2:10  Бірақ Әйүп:— Ақымақ та арсыз әйелдей сөйлеп тұрсың. Құдай жақсылық жіберсе, соны қабылдау, ал ауыртпалық жіберсе, содан бас тарту дұрыс па өзі? — деп жауап қатты. Осы жағдайдың бәрінде Әйүп айтқан сөздерімен күнә жасаған жоқ.
Job Kaz 2:11  Әйүптің темандық Елипаз, шуахтық Билдад, нағамалық Сопар есімді үш досы бар болатын. Олар Әйүптің басына түскен ауыртпалықтар туралы естіген соң, оның көңілін сұрап, жұбатпақ болып өзара келісті. Содан үшеуі тұрып жатқан мекендерінен сапарлап келіп, оның қасына жиналды.
Job Kaz 2:12  Алайда үш досы Әйүпті алыстан көріп, алғашқыда танымай қалды. Сонда олар дауыстап жылап, шапандарының өңірін жыртты. Аспанға қарай күл-тозаң шашып, оны бастарына да септі.
Job Kaz 2:13  Үш досы Әйүппен бірге жеті күн, жеті түн жерде отырды. Оның соншалықты қатты қиналып жатқанын көргендіктен, олар оған ештеңе айтпай үндемеді.