Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
JOB
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 39
Job Kaz 39:1  Тау ешкілері қашан лақтайтынын білесің бе? Маралдың бұзаулағанына қарап тұратын ба едің?
Job Kaz 39:2  Оның қанша ай буаз болып, қашан туатынын білесің бе?
Job Kaz 39:3  Марал толғатып, төлін еңкейіп туады.
Job Kaz 39:4  Төлі күшейіп, ашық далада өсіп-жетіледі. Кейін енесінен ажырап, оған қайтып келмейді.
Job Kaz 39:5  Ал жабайы есекті еркіне қоя берген, құланды жүгенсіз бос жіберген кім?
Job Kaz 39:6  Соларға мекені болсын деп айдаланы, тұрағы болсын деп сортаңды бергенмін.
Job Kaz 39:7  Қаланың әбігерінен олар мүлдем аулақ, айдаушының айқайын да естімейді.
Job Kaz 39:8  Қайта, олар қыраттарды шарлап, өздеріне әр түрлі шөп іздейді.
Job Kaz 39:9  Керік саған қызмет етуге келісіп, мал қораңда түней ме?
Job Kaz 39:10  Оны жүгендеп, соқаға жеге аласың ба? Ол соңыңнан еріп егіндігіңді тырмалай ма?
Job Kaz 39:11  Керіктің зор күшіне сүйеніп, ауыр жұмысыңды оған істете аласың ба?
Job Kaz 39:12  Астығыңды жинап, оны бастыратын қырманыңа алып келуді соған сеніп тапсырасың ба?
Job Kaz 39:13  Түйеқұс қанаттарын құшырлана қақса да, ол ләйлектің қауырсыны мен мамығына жетпейді.
Job Kaz 39:14  Түйеқұс жұмыртқаларын жерге қалдырып кетеді, ал топырақтың жылуы оларды жылытады.
Job Kaz 39:15  Біреу соларды табандарымен таптап, бір жабайы аң аяқтарымен басып кетпей ме, сол туралы еш ойланбайды.
Job Kaz 39:16  Осылай түйеқұс балапандарына өзінікі еместей қатыгез болып, «бейнетім зая кетеді-ау» деп те уайымдамайды.
Job Kaz 39:17  Себебі Құдай оған сондай даналық дарытқан жоқ, ақыл-санадан үлес бөлген жоқ.
Job Kaz 39:18  Бірақ егер қанат қағып шабатын болса, тұлпар мен шабандозды басып озып, күлкі қылады.
Job Kaz 39:19  Тұлпарға оның қуатын сен беріп пе едің? Оның желкесіне жал бітірген сен бе едің?
Job Kaz 39:20  Тұлпарды шегірткедей алысқа секіретін қылған кім? Оның пысқыруының өзінен жұрт шошынады.
Job Kaz 39:21  Тұлпар өршелене тұяғымен жер тебініп, өз күшіне шаттанып, шайқасқа бас салады.
Job Kaz 39:22  Ол қорқынышқа күле қарап, ештеңеден қаймықпайды, семсерден де именбейді.
Job Kaz 39:23  Жауынгердің қорамсағы, жалтыраған найзасы мен алдаспаны атының бүйіріне соғылып сатырлайды.
Job Kaz 39:24  Керней тартылғанда, тұлпар өзін ұстай алмай, аласұрған шабытпен шайқасқа бас салады.
Job Kaz 39:25  Ол керней тартылған сайын кісінеп, алыстан шайқастың иісін сезеді, қолбасшылардың өктем дауыстары мен айқайларын естіп тұрады.
Job Kaz 39:26  Сұңқардың самғап ұшатыны, қанаттарын оңтүстік желге қарай жаятыны сенің даналығыңның арқасы ма?
Job Kaz 39:27  Күшіген заңғар биікке самғап, сол жерге ұясын сенің бұйрығыңмен сала ма?
Job Kaz 39:28  Ол жартаста өмір сүріп, сонда түнейді, жартастың ұшар басы — оның қорғаны.
Job Kaz 39:29  Сол жерден шығып, азық іздеп, олжасын алыстан-ақ көзі шалады.
Job Kaz 39:30  Балапандары да қан сорып тамақтанады. Жемтік қайда болса, күшігендер сонда жиылар. —
Job Kaz 39:31  Жаратқан Ие сөзін жалғастырып, Әйүпке былай деді:
Job Kaz 39:32  — Әлі де құдіреті шексіз Тәңірдің үстінен шағым айтып, дауласпақсың ба? Мейлі, Құдайды айыптап келген енді өзі жауап берсін!
Job Kaz 39:33  Сонда Әйүп Жаратқан Иеге жауап беріп былай деді:
Job Kaz 39:34  — Мен бұған лайықты емеспін, Саған қалай жауап бермекпін? Аузымды қолыммен жауып аламын.
Job Kaz 39:35  Бір-екі рет еркінсіп аузымды ашқанмын, енді қайтып тіс жармаймын.