Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
JOB
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 32
Job Kaz 32:1  Әйүп өз ойынша әділ болып, сонысын айта берген соң, сол үш адам оған жауап берулерін тоқтатты.
Job Kaz 32:2  Рамның әулетінен шыққан буздық Барахил ұлы Еліху (де сол жерде болды. Ол солардың пікірталасын тыңдап отырған еді). Әйүптің Құдайдан гөрі өзін ақтап, әділмін дей бергені үшін Еліху оған қатты ашуланған болатын.
Job Kaz 32:3  Сондай-ақ, Әйүпті кінәлағанмен, оған қайтаратын бәтуалы жауап таппаған оның үш досына да Еліхудің қаһары лап етті.
Job Kaz 32:4  Бірақ сол адамдар өзінен біраз жас үлкен болғандықтан, Еліху Әйүпке тіл қатпай күтіп отырған еді.
Job Kaz 32:5  Ал енді осы үшеудің қайтаратын басқа жауаптары қалмағанын көргенде, Еліхудің ашу-ызасы тұтанды.
Job Kaz 32:6  Содан буздық Барахил ұлы Еліху сөзін бастап былай деді:— Сіздер көп жасаған адамдарсыздар, ал менің жасым әлі кіші. Сондықтан өз ой-пікірімді сіздерге ашық айтуға дәтім бармай, жасқанып отырған едім.
Job Kaz 32:7  Іштей: «Көп жасағандар сөйлесін, көп жылғы даналық тәлімдерін берсінші!» деп отырдым.
Job Kaz 32:8  Дегенмен, адамның бойында оның рухы бар, себебі құдіреті шексіз Тәңір оған өз тіршілік лебі мен рухын үрлеп берген болатын. Осы рух адамға саналы түсінік сыйлайды.
Job Kaz 32:9  Сондықтан көп жасағандар ғана дана емес екен. Қарттардың бәрі бірдей ақиқатты дұрыс түсіне бермейді екен.
Job Kaz 32:10  Сол себепті былай деймін: Маған құлақ салсаңыздар игі. Ендеше мен де сіздерге өз ойымды ашық білдірейін.
Job Kaz 32:11  Сіздер айтатын сөз іздеп жатқандарыңызда, мен ой-толғаныстарыңызға құлақ түріп, сөздеріңізді тыңдап күтіп отырдым.
Job Kaz 32:12  Мен өздеріңізге мұқият ден қойдым. Ал ешқайсыңыз не Әйүп ағаны әшкерелеген, не оның айтқандарына бәтуалы жауап қайтарған жоқсыздар.
Job Kaz 32:13  «Біз даналықты тауып, шындықты түсінеміз: осы кісіні адам емес, Құдайдың Өзі жеңіп шықпақ!» деп жүрмеңіздер.
Job Kaz 32:14  Егер Әйүп аға сөздерін маған қарсы бағыттаған болса, мен оған сіздердің жауаптарыңызды қайтармас едім.
Job Kaz 32:15  Бәріңіз шатасып, ауыздарыңызға сөз түспей отырсыздар.
Job Kaz 32:16  Бірақ қайтаратын жауаптарыңыз болмай, сөзден тосылып қалған кездеріңізде менің де күтіп, үндемей отыра беруім керек пе?
Job Kaz 32:17  Жоқ, мен де үлесімді қосып жауап беремін. Мен де өз пікірімді ашық айтамын.
Job Kaz 32:18  Себебі көкірегім сөзге толып, бойымдағы рух мені сөйлеуге мәжбүрлеп отыр.
Job Kaz 32:19  Мен ішіне жас шарап құйылып, керіліп, жарылып кетейін деп тұрған торсық сияқтымын.
Job Kaz 32:20  Сөйлесем, аузымды ашып жауап берсем ғана, жаным жай табады!
Job Kaz 32:21  Мен ешкімнің бет-жүзіне қарамаймын, ешкімге жағымпазданбаймын да!
Job Kaz 32:22  Өйткені жағымпаздануды білмеймін, әйтпесе Жаратушым мені бірден жазалар еді.