Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
JOB
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 33
Job Kaz 33:1  Ал енді, уа, Әйүп аға, менің айтарымды тыңдап, күллі сөздеріме құлақ салсаңыз екен!
Job Kaz 33:2  Міне, мен сөйлеуге аузымды аштым, сөздерім тілімнің ұшында тұр.
Job Kaz 33:3  Шын жүректен сөйлеп, білетін таза ақиқатты айтамын!
Job Kaz 33:4  Құдайдың Рухы мені жаратты, құдіреті шексіз Тәңірдің тіршілік лебі маған өмір берді.
Job Kaz 33:5  Қолыңыздан келсе, маған жауап берсеңіз екен! Менің қарсы алдымда тұрып, өз ісіңізді қорғаңызшы!
Job Kaz 33:6  Құдайдың алдында мен де сіз сияқтымын, өзіңіз іспетті мен де балшықтан қалыптастырылғанмын.
Job Kaz 33:7  Сондықтан менен еш қорықпасаңыз да болады, сізді қатты қыспақтамаймын.
Job Kaz 33:8  Ал мен өз құлағыммен сіздің мына сөздеріңізді естідім:
Job Kaz 33:9  «Мен пәк таза күнәсізбін, жасаған ешбір зұлымдығым жоқ. Кінәратсызбын!
Job Kaz 33:10  Бірақ Құдай маған қарсы сылтау тауып, мені Өзінің жауындай көреді.
Job Kaz 33:11  Ол аяғымды бұғаулап, бар жолдарымды жіті қадағалайды!»
Job Kaz 33:12  Бірақ, Әйүп аға, бұныңыз дұрыс емес. Құдай пендеден әлдеқайда ұлы ғой!
Job Kaz 33:13  «Адамның ешбір сөзіне жауап бермейді» деп неге Оған қарсы шағымданасыз?!
Job Kaz 33:14  Өйткені Құдай кейде бір түрде, кейде басқа түрде сөйлейді, ал адам соны жиі аңғармайды.
Job Kaz 33:15  Жұрт терең ұйқыға батып, төсектерінде жатқанда, Тәңір Ие олардың түстерінде, түнде көрген аяндарында
Job Kaz 33:16  құлақтарын ашып, Өзінің ескертулерін нығайтып бекітеді.
Job Kaz 33:17  Осылайша Ол адамды теріс істерінен кері бұрылдырып, өркөкірек паң болудан қорғайды.
Job Kaz 33:18  Сөйтіп оны семсерден мерт болудан, әрі жанын о дүниеде құрып кетуден сақтайды.
Job Kaz 33:19  Я болмаса, адам ауру-сырқау арқылы жақсылыққа қарай түзетілуге ескерту алады. Ол төсек тартып жатып қалады да, сүйектері тынымсыз сырқырай бастайды.
Job Kaz 33:20  Сонда оның нанға зауқы болмай, жақсы көретін тамағына да тәбеті шаппайды.
Job Kaz 33:21  Жүдеп, құр сүлдері ғана қалады. Бұрын көрінбеген сүйектері енді көзге ұрып тұрады.
Job Kaz 33:22  Осылайша ол көрге, жанын алып кететін хабаршыларға жақындай түседі.
Job Kaz 33:23  Ал егер мыңның ішінен адамға болысып, оған әділ жолды нұсқайтын бір хабаршы табылса,
Job Kaz 33:24  онда ол: «Оны көрге түсуден аман сақтап қала гөр! Оның жанының құнын өтейтін төлемді таптым!» деп мейірім көрсететін болады.
Job Kaz 33:25  Сонда адамның денесі жас кезіндегідей болып жасарып, жастық шағындағыдай қайта қалпына келеді.
Job Kaz 33:26  Пенде Құдайға сиынып, еткен дұғасы қабылданады. Осылай ол қуанышпен Құдайдың алдына барып, адалдығы қайтадан ақталады.
Job Kaz 33:27  Сонда адам жұртқа қарап былай деп мойындайды: «Мен күнә жасап, ақиқатты бұрмаладым. Әйтсе де мұнымның лайықты жазасын тартқан жоқпын.
Job Kaz 33:28  Құдай мені көрден аман алып қалып, мен жарық дүниені әлі де көре беретін боламын!»
Job Kaz 33:29  Шынында да Құдай осының бәрін адамға екі реттен, тіпті үш реттен жасайды.
Job Kaz 33:30  Осылайша оның жанын о дүниеге аттандырмай, оған әрі қарай өмірдің нұрын төге бермек.
Job Kaz 33:31  Ендеше, Әйүп аға, мені жақсылап тыңдаңызшы. Үндемей отыра тұрыңыз, мен сөйлейін.
Job Kaz 33:32  Егер қайтаратын жауабыңыз болса, онда үнсіз қалмай айта беріңіз. Мен сіздің ақталуыңызды аңсап тілеймін.
Job Kaz 33:33  Ал егер айтарыңыз болмаса, мені тыңдап, үндемей отыра тұрыңыз, онда парасатыммен бөлісейін.