Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
JOB
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 21
Job Kaz 21:1  Әйүп бұларға былай деп жауап қайырды:
Job Kaz 21:2  — Айтарымды жақсылап тыңдаңдар, соның өзі мені жұбатқандарың болсын.
Job Kaz 21:3  Аздап сабырлы болыңдар, мен сөйлейін. Айтып болайын, сосын келеке-мазақтарыңды жалғастыра берерсіңдер.
Job Kaz 21:4  Ал менің шағымдануым адамға қарсы ма еді? Шыдамсыз болуымның да жөні бар.
Job Kaz 21:5  Жағдайыма жақсылап қарасаңдар, шошып кетесіңдер. Аңтарылған ауыздарыңды жауып қойыңдар!
Job Kaz 21:6  Мына жайт туралы ойласам, өзім абыржып, денем дірілдеп қоя береді:
Job Kaz 21:7  Зұлымдар неге әлі де өмір сүріп, тіпті көп жасайды? Күш-қуаттары неліктен барған сайын өсе береді?
Job Kaz 21:8  Балалары көз алдында ер жетіп, немерелерінің қызығын көреді.
Job Kaz 21:9  Үй-жайлары қауіпсіз де алаңсыз, Құдайдың жазасы оларға төнбейді.
Job Kaz 21:10  Ондайлардың малы төлді болып, төлдерінің біреуі де жоғалмайды.
Job Kaz 21:11  Балаларын отардай еркін шығарып жіберіп, олар қозы-лақтай секеңдеп ойнап жүреді.
Job Kaz 21:12  Жетіген мен даңғыраның әуеніне қосылып өлең айтады, сыбызғының әуенімен де көңіл көтереді.
Job Kaz 21:13  Зұлымдар өмір бойы молшылықта болып, жер қойнына қиналмай-ақ аттанады.
Job Kaz 21:14  Сонда да олар Құдайға: «Қасымыздан аулақ кетші! — дейді. — Тура жолың жайлы білгіміз келмейді!
Job Kaz 21:15  Біз Оған қызмет ететіндей құдіреті шексіз Тәңір кім Өзі? Оған жалына сиынудан бізге не пайда?»
Job Kaz 21:16  Біліп қойыңдар, олардың аман-есендіктері өз қолдарында емес қой! Ал мен зұлымдардың мұндай ойларынан аулақ жүремін.
Job Kaz 21:17  Алайда зұлымдардың шырағы қашан мезгілінен бұрын сөнген еді? Қашан бастарына пәле түскен еді? Қашан Жасаған Ие оларға қаһарланып, қайғы-қасірет жіберген еді?
Job Kaz 21:18  Ондайлар қашан жел қуған сабандай, не дауыл соғып, ұшырып әкеткен қабықтай болған еді?
Job Kaz 21:19  «Әйтеуір Құдай адамның кінәсін сақтап қойып, оның жазасын тартқызады!» дейді емес пе? Одан да Құдай зұлымдардың өздерін жазаласын, сонда олар білетін болады!
Job Kaz 21:20  Олар күйрегендерін өз көздерімен көрсін, құдіреті шексіз Тәңірдің қаһарына толығымен кенелсін!
Job Kaz 21:21  Себебі өз ғұмырының күндері біткен соң, артында қалған ұрпағына не болса да, зұлымға бәрібір емес пе?!
Job Kaz 21:22  Ал Құдайға біреу даналықты үйрете ала ма?! Ол тіпті ең жоғарғыларды да соттайды ғой!
Job Kaz 21:23  Біреу мол дәулетке кенеліп бейқам өмір сүреді.
Job Kaz 21:24  Тамағы тоқ, денсаулығы мықты болып, ақырында нағыз кемелді шағында о дүниеге аттанады.
Job Kaz 21:25  Ал басқа біреу болса, еш игілік көрместен, бұ дүниеден көңілі қалып өтеді.
Job Kaz 21:26  Ақырында солардың екеуі де жер қойнына еніп, екеуі де құртқа жем болады.
Job Kaz 21:27  Міне, сендердің ойларыңды білемін. Айтқандарымды қулықпен жоққа шығарғыларың келеді ғой.
Job Kaz 21:28  «Кәне, құламай аман тұрған сол зұлым билеушінің үйі және заңсыздардың мекені қайда екен?!» деп айтарсыңдар.
Job Kaz 21:29  Көп жол жүретіндерден сұрамап па едіңдер? Олардың айтатын куәліктерін қабылдамап па едіңдер?
Job Kaz 21:30  Пәле келген күні зұлым адам аман қалады, қаһар шүйілген күні оған құтылып кетуге жол ашылады.
Job Kaz 21:31  Зұлымға не істеген ісін бетіне басып айтатын, не жаман ісінің қарымын қайтаратын ешкім жоқ.
Job Kaz 21:32  Арсыздың мәйітін құрметпен қабірге қойып, қабір басында құрметті күзет тұрады.
Job Kaz 21:33  Алдында да, артында да сансыз көп адам жүріп, оны соңғы сапарға шығарып салады. Аңғардағы қабірінде жайлы жатады.
Job Kaz 21:34  Сонымен мені түкке тұрғысыз нәрселерді айтып жұбататындарың не? Берген жауаптарыңның бәрі де өтірік.