Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
JOB
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 3
Job Kaz 3:1  Содан кейін Әйүп сөзге келді. Өзінің туған күні еш болмаған болса екен деп қатты наразыланып,
Job Kaz 3:3  — Мен дүниеге келген күн әрі анамның бойына бала біткен түн еш болмаған болса ғой!
Job Kaz 3:4  Сол күн түнекке айналса екен! Оны заңғар көктегі Құдай іздемей, ұмытса екен! Ешбір жарық оған сәулесін шашпаса, шіркін!
Job Kaz 3:5  Сол күнді тас түнек пен қою қараңғылық басып алғанда ғой! Оның үстін қою бұлт қаптап, күндіз жапқан қара түнек оны үрейлендірсін!
Job Kaz 3:6  Иә, сол түнді қою қараңғылық қармап алсын! Ол жыл күндерінің есебінде болып қуанбасын, әрі айлардың қатарынан еш табылмасын!
Job Kaz 3:7  Сол түні бір әйелдің бойына бала бітпегенде ғой! Онда ешбір шаттық үні естілмеген болса, шіркін!
Job Kaz 3:8  Күндерді сиқырлай алатындар, тіпті қолтырауынды арбап орнынан жылжыта алатындар осы түнді қарғаған болса екен!
Job Kaz 3:9  Оның таңғы жұлдыздарын түнек басса ғой! Жұрт таңғы жарықты аңсай күткенмен, сол ешқашан да төгілмегенде ғой! Сол түн таң шапағын көре алмаған болса, шіркін!
Job Kaz 3:10  Өйткені ол анамның құрсағын жаппады. Жапса мына азап пен қасіретті көрмес едім.
Job Kaz 3:11  Не болмаса, туған кезде-ақ неге құрымадым екен? Құрсақтан шығып жатқанда-ақ неге өліп қалмадым екен?
Job Kaz 3:12  Мені қабылдап алған тізе, мені емізген төс неге ғана болды екен?
Job Kaz 3:13  Солар болмағанда қазір мазам кетпей, тыныш жатар едім! Ұйықтай беріп, тыным табар едім.
Job Kaz 3:14  Онда патшалармен, олардың кеңесшілерімен бірге жатар едім. Тірі кездерінде олар қиратылған ежелгі сарайларды өздеріне қайта тұрғызып алған болатын.
Job Kaz 3:15  Я болмаса, алтынға бай әміршілермен және сарайларын күміспен толтырғандармен бірге тынығар едім.
Job Kaz 3:16  Немесе, неге ғана өлі туып, дүниенің жарығын көрмей кеткен нәресте сияқты көрге көмілмедім екен?
Job Kaz 3:17  Себебі о дүниеде зұлымдар қоқан-лоқы жасауларын доғарған, әрі шаршап-шалдыққандар тыным тапқан.
Job Kaz 3:18  Тұтқындар да тыныштықтың рақатын бірге көреді. Олар өздерін аяусыз жұмысқа салған бақылаушылардың дауыстарын енді қайтып естімейді.
Job Kaz 3:19  Үлкені де, кішісі де сол жерде. Құл енді қожайынынан азат.
Job Kaz 3:20  Ендеше азап шегіп жүргенге нұр, жаны қиналып жатқанға өмір неге ғана беріледі екен?
Job Kaz 3:21  Мұндайлар ажалды зарыға күтеді, оны көмілген қазынадан бетер іздейді, әйтсе де ажал оларға жоламайды.
Job Kaz 3:22  Егер өліп, қабірге қойылған болса, олар қуанышқа кенеліп, шаттанар еді.
Job Kaz 3:23  Сонымен Құдай айналасын қиындықтармен қоршап, жолын жауып тастаған адамға өмір не үшін беріледі екен?
Job Kaz 3:24  Себебі нан жеудің орнына күрсінудемін, ыңқылым ағынды судай тоқтаусыз.
Job Kaz 3:25  Неден үрейлене қорықсам, соған тап болдым, қауіптенгендерім жүзеге асты.
Job Kaz 3:26  Маған тыныштық та жоқ, тыным да жоқ. Тынығудың орнына басыма аласапыран күн туды.