Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
JOB
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 31
Job Kaz 31:1  Қыз-келіншектерге құмарта қарамауға көздеріммен келісім жасасып, оларды соған үйреттім.
Job Kaz 31:2  Өйткені заңғар биікте тұратын Құдай бізге қандай тағдырды белгілеген? Құдіреті шексіз Тәңір бізге қандай «мұра» бұйырған?
Job Kaz 31:3  Ол әділетсіздерге жазасын тартқызып, жамандық жасағандарды апатқа ұшыратпай ма?
Job Kaz 31:4  Бар іс-әрекетімді көріп, басқан қадамдарымның бәрін де Ол бағалайды емес пе?
Job Kaz 31:5  Әлде мен өтірікке сүйене өмір сүріп, адамдарды алдадым ба?
Job Kaz 31:6  Құдай істерімді дұрыс таразыға сала көрсін. Менің адалдығымды Оның Өзі біледі ғой.
Job Kaz 31:7  Егер мен не тура жолдан тайған, не көзбен көргеніме құмартқан, не басқа да күнә жасап арамданған болсам,
Job Kaz 31:8  онда еккен егінімнің өнімін басқалар жеп қойсын! Отырғызған көшеттерім түп-тамырымен жұлынып қалсын!
Job Kaz 31:9  Егер бір әйелдің еліктіруіне түсіп, не көршімнің есігінде оның әйелін аңдыған болсам,
Job Kaz 31:10  онда өз әйелім басқа бір еркектің қол диірменін тартып, тамағын дайындасын, әрі бөтен адамдар онымен жақындасатын болсын.
Job Kaz 31:11  Себебі осылай істесем, бұл нағыз зұлымдық әрі сотталып, жазалануға лайықты күнә болар еді.
Job Kaz 31:12  Сондай істерім өзімді өртеп, тозаққа түсіретін, бар игілігімді тұтас жалмап қоятын от сияқты болар еді.
Job Kaz 31:13  Немесе қызметшілерім шағымданып, мен олардың ақыларын жеп қойған болсам,
Job Kaz 31:14  онда Құдай сот жүргізу үшін орнынан тұрғанда, не істер едім? Ол мені тексеріп сынағанда, Оған қандай жауап берер едім?
Job Kaz 31:15  Мені анамның құрсағында жаратқан Құдайым қызметшілерімнің әрқайсысын да солай жаратқан жоқ па?!
Job Kaz 31:16  Мен бейшараларға қажетті көмекті бермеп пе едім, яки жесірлерді жылатып үмітсіз қалдырған ба едім?
Job Kaz 31:17  Әлде нанымды жалғыз өзім жеп, жетіммен бөлісуден бас тарттым ба?
Job Kaz 31:18  Жоқ, мен әкесіндей болып жас кезімнен-ақ жетімді асырадым. Өмір бойы жесірлерге де қамқорлық жасап келемін.
Job Kaz 31:19  Киімі жоқ үй-күйсізді әрі жамылғысы жоқ жарлы-жақыбайды көргенде,
Job Kaz 31:20  оларға өз қойымның жүнінен тоқылған киім кигізбедім бе? Сол үшін олар маған алғыс айтқан жоқ па еді?
Job Kaz 31:21  Егер соттың маған болысатынына сенімді болып, жетімге қарсы қолымды созып зорлық жасасам,
Job Kaz 31:22  онда иығым жауырынымнан ажырап, қолым да буынынан шығып кетсін!
Job Kaz 31:23  Өйткені мен Құдайдың жазасынан қорықтым. Осындай нәрсені істегеннен кейін Оның салтанатты ұлылығымен бетпе-бет келгенде соған төзе алмас едім.
Job Kaz 31:24  Я болмаса алтынға сенімімді артып, саф алтынды өзіме демеу еткен бе едім?
Job Kaz 31:25  Байлығымның молдығына әрі ағыл-тегіл дәулетке қол жеткізгеніме лепіре мақтандым ба?
Job Kaz 31:26  Мен жарқырап тұрған күнге не салтанатпен қимылдайтын айға қарағанда,
Job Kaz 31:27  жүрегім елігіп кетті ме? Қолымды өбіп, күнге не айға қарай созып табындым ба?
Job Kaz 31:28  Бұл да сотталып жазалануға тиіс күнә. Солай еткен болсам, мен көктегі Құдайға опасыздық жасаған болар едім.
Job Kaz 31:29  Яки өзімді жек көретін дұшпанымның басына түскен бақытсыздығына қуанып, оның ұшыраған апатына шаттандым ба?
Job Kaz 31:30  Жоқ, мен аузымның ондай адамды қарғап күнә жасауына жол берген емеспін.
Job Kaz 31:31  Үйімдегі қызметшілерім: «Әйүптің дастарқанынан тоя ет жемеген адам болған емес!» деп мені мақтайтын.
Job Kaz 31:32  Ешбір бөтен жолаушыны менің кесірімнен далада түнеуге мәжбүр етпей, бәріне де есігімді айқара ашып қоятынмын.
Job Kaz 31:33  Я болмаса, басқалардай күнәларымды жасырып, айыбымды жүрегімде тығып жүрдім бе?
Job Kaz 31:34  Осылайша үлкен жамағаттан әрі руластарымнан ұялып, сыртқа шықпай, жиналысқа қатыспаған кезім болды ма? (Жоқ, ешқашан да!)
Job Kaz 31:35  Мені тыңдайтын біреу болса ғой! (Өзімді ақтайтын құжатқа) қолымды қоюға дайынмын. Құдіреті шексіз Тәңір маған жауап қайыра көрсін! Мені айыптаушы маған қандай кінә тағатынын жазбаға тізіп жазып берсін!
Job Kaz 31:36  Соны ашықтан-ашық иығымда көтеріп жүріп, тіпті тәж іспетті басыма киіп те алар едім.
Job Kaz 31:37  Мен Құдайға әр басқан қадамым туралы есеп беріп, Оның алдына әмірші іспетті емін-еркін барар едім.
Job Kaz 31:38  Егер егістік жерім мені кінәлап, оның соқа айдаған іздері жылаған іспетті шағымданса,
Job Kaz 31:39  мен оның өнімін жұмысшыларға жалақыларын төлемей алған, не иелерінің көзін құртқан болсам,
Job Kaz 31:40  онда бидайдың орнына тікенек, арпаның орнына арам шөп өсіп шықсын!Әйүптің айтқан сөздері осымен аяқталды.