Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
JOB
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 36
Job Kaz 36:1  Еліху сөзін былай деп жалғастырды:
Job Kaz 36:2  — Мені тағы сәл тыңдай тұрыңыз. Құдайды қорғап тағы да біраз нәрсені айтуға болатынын көрсетемін.
Job Kaz 36:3  Мен білімімді алыстан іздеп таптым. Енді Жаратушымның істегенінің әділдігін дәлелдейін.
Job Kaz 36:4  Шүбә жоқ, айтар сөздерім жалған емес. Оларды білімі кемел адамның сөзі деп біліп қойыңыз.
Job Kaz 36:5  Құдай құдіретті болса да, адамға менсінбей қарамайды. Оның күш-қуаты да, даналығы да аса зор.
Job Kaz 36:6  Құдай зұлымдардың өмір сүре беруіне жол бермейді, қайта, Ол қаналған жарлылардың мүдделерін қорғайды.
Job Kaz 36:7  Құдай әділдерді назарында ұстайды, оларды патшалармен бірге таққа отырғызып, мәңгілікке жоғарылатады.
Job Kaz 36:8  Ал егер адамдар кісенделіп, ауыртпалықтың бұғауында отырса,
Job Kaz 36:9  онда Құдай олардың істеп келген заңсыз іс-әрекеттерін әшкерелейді. Өздерінің менменсіп, асқақтағандарын да оларға көрсетеді,
Job Kaz 36:10  сөйтіп тәлім қабылдасын деп құлақтарын ашады. Оларға зұлымдықтан бас тартуды бұйырады.
Job Kaz 36:11  Егер де Оған құлақ асып мойынсұнса, онда олар өмір бойы игілікке кенеліп, көңілдері рақатқа толатын болады.
Job Kaz 36:12  Бірақ тыңдамаса, ақымақ болғандықтарынан семсерден мерт болады.
Job Kaz 36:13  Арсыздар жүректерінде ашу-ыза сақтап жүре береді. Құдай сондайларды байлап-матап алса да, олар Оған сиынып көмек сұрамайды.
Job Kaz 36:14  Содан арсыздар жастай өледі. Азғындыққа салынғандықтан, өмірлері масқарамен аяқталады.
Job Kaz 36:15  Ал жарлыларды Құдай олардың көріп жүрген азаптары арқылы құтқармақ. Қиындық көрген кездерінде Ол солардың құлақтарын ашады.
Job Kaz 36:16  Қазір Ол сізді де қауіп-қатерден арашалап, қиыншылық жоқ кең орынға алып шығуға еліктірмек. Сізді ең дәмді тағамдар жайылған дастарқанға алып келмек.
Job Kaz 36:17  Бірақ сіз зұлымдарды айыптаудан басқаны ойламайсыз. Ал әділдік пен ақиқат өзіңізді ұстап алған.
Job Kaz 36:18  Ашу-ызаңыз сізді Құдайды қорлауға азғырып әкетпесін! Мол пара да сізді теріске бұрып адастырып кетпесін!
Job Kaz 36:19  Үлкен байлығыңызбен не зор күш жұмсап қиындықтардан құтыла аламын деп ойлайсыз ба?
Job Kaz 36:20  Түннің келуін де аңсаушы болмаңыз! Сол кезде көп адамдар өз орындарында жатып құрып кетеді ғой.
Job Kaz 36:21  Зұлымдыққа бет бұрудан сақ болыңыз! Азапқа батқанша күнәға батқан артық деп ойлайтын сияқтысыз.
Job Kaz 36:22  Біліп қойыңыз, Құдай зор құдіретімен ұлы істер істейді. Ол сияқты ұстаз болар ешкім жоқ!
Job Kaz 36:23  Құдайдың жүретін жолын белгілейтін де, «Мынауың дұрыс емес!» дей алатын да ешкім жоқ қой.
Job Kaz 36:24  Одан да адамдар ән шығарып мадақтаған Құдайдың ұлы істерін өзіңіз де мадақтауды ұмытпаңыз!
Job Kaz 36:25  Бүкіл адамзат соларды көріп келеді, адамдар оларға алыстан қарайды.
Job Kaz 36:26  Біліп алыңыз, Құдай сондай ұлы! Ал біз Оны толығымен ұға алмаймыз. Оның жылдарының санын адам зерттеп біле алмас.
Job Kaz 36:27  Жасаған Ие судың тамшыларын көтеріп алып, олар тұман болып тазаланып, жаңбыр жауғанда жерге қайтып түседі.
Job Kaz 36:28  Сонда бұлттар өз ылғалын жерге төгіп, ол адамзатқа мол нөсер болып құйылады.
Job Kaz 36:29  Құдайдың бұлттарды қалай жаятынын, аспаннан қалай күн күркірететінін түсінетін жан бар ма?
Job Kaz 36:30  Қараңыз, Құдай бәрінің үстінен жарықтың нұрын төгіп, теңіздің түбіне дейін жайып қояды.
Job Kaz 36:31  Ол халықтарға осылай билік жүргізіп, оларды тамақпен молынан қамтамасыз етеді.
Job Kaz 36:32  Тәңір Ие қолын найзағайларға толтырып, оларға нысанаға тиюге бұйырады.
Job Kaz 36:33  Күркіреу Құдайдың бар екенін жариялайды. Тіпті мал да ненің болып жатқанын сезеді.