Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
JOB
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 1
Job Kaz 1:1  Бір кезде Ус елінде Әйүп есімді адам өмір сүрді. Ол кінәратсыз да әділ болып, Құдайды терең қастерлеп, жамандықтан аулақ жүретін.
Job Kaz 1:2  Әйүптің жеті ұлы мен үш қызы болды.
Job Kaz 1:3  Жеті мың қой-ешкісі, үш мың түйесі, бес жүз жұп өгізі, бес жүз ұрғашы есегі, сондай-ақ өте көп қызметшілері бар сол кісі шығыс өлкесіндегі ең ауқатты адам болатын.
Job Kaz 1:4  Әйүптің ұлдары кезекпен үйлерінде қонақасы даярлап, соған үш әпке-қарындасын да шақыратын.
Job Kaz 1:5  Қонақасының кезеңі біткенде, Әйүп кісі жіберіп, балалары үшін тазару рәсімін орындайтын. Сол үшін Әйүп ерте тұрып, әр баласы үшін бір малдан құрбандыққа шалып, түгелдей өртеп Құдайға ұсынатын. Өйткені ол: «Мүмкін, балаларым күнә жасап, іштей Құдайға тіл тигізіп қойған шығар» деп ойлайтын. Әйүп әрдайым осылай істейтін.
Job Kaz 1:6  Құдайдың нөкерлері бір күні (көкте) Жаратқан Иенің алдында тұруға келгенде әзәзіл шайтан да олармен бірге келді.
Job Kaz 1:7  Жаратқан Ие әзәзілге:— Қайдан келдің? — деген сұрақ қойды. Ол:— Жер бетін аралап кезіп келдім, — деп жауап берді.
Job Kaz 1:8  Жаратқан Ие:— Менің қызметшім Әйүпке көңіл бөлдің бе? Жер бетінде ол сияқты кінәратсыз да әділ, Құдайын терең қастерлейтін, жамандықтан аулақ жүретін ешбір жан жоқ, — дегенде,
Job Kaz 1:9  әзәзіл:— Әйүп Құдайын бекерге қастерлейді дейсің бе?
Job Kaz 1:10  Оның өзін, үй ішін және бар иелігін айналдыра шарбақпен қоршағандай қорғап жүрген Өзің емессің бе? Оның істегендерін Өзің жарылқап келесің. Содан оның табын-отарлары ел ішінде кеңінен таралуда.
Job Kaz 1:11  Бірақ, кәне, барлық иелігіне қолыңды тигізе көрші. Сонда ол Сені қалайша мадақтар екен, көрейік, — деп жала жапты.
Job Kaz 1:12  Жаратқан Ие:— Мейлі, оның барлық иелігін қолыңа берейін. Тек оның өзіне тиіспе! — деп шешті. Сонда әзәзіл Жаратқан Иенің алдынан шығып кетті.
Job Kaz 1:13  Біраздан кейін Әйүптің ұл-қыздары оның тұңғыш ұлының үйінде қонақасында отырды. Сол күні
Job Kaz 1:14  бір шабарман Әйүпке жетіп келіп, мына суық хабарды жеткізді: «Қызметшілеріңіз өгіздермен жер жыртып, есектер олардың қастарында жайылып жүрді.
Job Kaz 1:15  Кенеттен сәбалық тонаушылар тап берді! Олар жас жігіттерді қырып, малдарды олжалап, айдап әкетті! Тек мен ғана әзер сытылып шығып, ол туралы сізге жеткізе алып тұрмын».
Job Kaz 1:16  Сол адам осыны әлі де айтып тұрған кезде басқа бір шабарман жетіп келіп, былай деді: «Аспаннан Құдайдың оты түсіп, қой-ешкілеріңіз бен қызметшілеріңізді өртеп жалмап қойды! Тек мен ғана әзер сытылып шығып, ол туралы сізге жеткізе алып тұрмын».
Job Kaz 1:17  Сол адам осыны әлі де айтып тұрған кезде тағы басқа бір шабарман жетіп келіп, былай деді: «Халдейлер үш топ құрып, түйе бағып жүрген қызметшілеріңізге бас салды! Оларды өлтіріп, түйелерді олжалап, айдап алып кетті! Тек мен ғана әзер сытылып шығып, ол туралы сізге жеткізе алып тұрмын».
Job Kaz 1:18  Сол адам осыны әлі де айтып тұрған кезде тағы басқа бір шабарман жетіп келіп, былай деді: «Сіздің ұл-қыздарыңыз өз ағаларының үйінде қонақасында отырған кезде
Job Kaz 1:19  шөл даланың арғы шетінен ғаламат дауыл тұрып, үйдің төрт жағынан соққылай берді. Содан үй құлап, ішіндегі балаларыңызды басып қалды. Тек мен ғана әзер сытылып шығып, ол туралы сізге жеткізе алып тұрмын».
Job Kaz 1:20  Сонда Әйүп орнынан тұрды да, қатты қайғырып шапанының өңірін жыртып, шашын қырқып алып тастады. Мұнан кейін ол Тәңір Иеге мойынсұнып етпетінен жерге жата кетті.
Job Kaz 1:21  Әйүп былай деді: «Анамның құрсағынан жалаңаш шықтым, дүниеден жалаңаш қайтамын да. Жаратқан Ие сыйлап берді де, Жаратқан Ие қайтарып алды да. Жаратқан Иенің есімі мадақтала берсін!»
Job Kaz 1:22  Осы жағдайдың бәрінде Әйүп күнә жасаған да жоқ, еркінсіп Құдайды айыптаған да жоқ.