Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
JOB
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 24
Job Kaz 24:1  Құдіреті шексіз Тәңір әділ сотын жүргізетін уақытын неге тағайындамайды? Оның адал қызметшілері осындай күндерді неге босқа күте беруі керек?
Job Kaz 24:2  Зұлым адамдар меже тастарын жасырын жылжытып (өздерінің жерін басқаның есебінен ұлғайтып алады). Олар мал ұрлап, өз жайылымдарында бағып жүреді.
Job Kaz 24:3  Жетімнің есегін айдап әкетіп, бейшара жесірдің өгізін алған қарызының кепілдігі ретінде тартып алады.
Job Kaz 24:4  Олар мұқтаж адамдарды жолдан итеріп шығарған, елдегі күллі жарлылар жасырынуға мәжбүр.
Job Kaz 24:5  Сондықтан кедейлер жабайы есектей иен даланы шарлап шығып, балаларына құла түзден тамақ іздейді.
Job Kaz 24:6  Олар басқа біреудің егістігінде қалған астық масақтарын жинап, зұлымның жүзімдігіндегі қалған-құтқанды теріп күндерін көреді.
Job Kaz 24:7  Түнде жамылғысыз жатады, суық болғанда жамылатын көрпелері де жоқ.
Job Kaz 24:8  Тауда жауған жаңбырдан үсті-басы су болып, панасыздықтан жартасқа жармасып тығылады.
Job Kaz 24:9  Зұлымдар тіпті бейшара жесірдің нәрестесін бауырынан жұлып алып, анасының алған қарызы үшін сәбиін кепілдікке ұстайды.
Job Kaz 24:10  Жарлылар сырт киімсіз жүруге мәжбүр, ашқарын кедейлер байдың астық бауларын тасуға тиіс болады.
Job Kaz 24:11  Сол бейшаралар зәйтүн жемістерін сығып, майын шығарады, бірақ оның дәмін тата алмайды. Жүзім таптап, шарап та жасайды, бірақ онымен шөлдерін қандыра алмайды.
Job Kaz 24:12  Қала ішінде ауыр жаралылар болып, өлім аузында жатқандар жалбарына үн қатады. Ал Құдай сондай жайттарға бөгет қоймайды.
Job Kaz 24:13  Зұлымдар жарық нұрға қарсы бас көтереді. Олар нұрдың ізгі жолын білмейді де, оның соқпақтарымен жүрмейді де.
Job Kaz 24:14  Кісі өлтіруші жауыз күн батқанда тұрып, жарлы-жақыбайларды өлтіреді, түнде ол ұрлық та жасайды.
Job Kaz 24:15  Өзгелер «Мені ешкім де көрмейді» деп, ымырт түсуін күтіп, жүзін бүркемелеп, басқа адамның күйеуі не әйеліне барып, неке адалдығын бұзады.
Job Kaz 24:16  Ұрылар түнекте қабырғасын қазып, үйлерге бұзып кіреді де, күндіз тығылып жатып алады. Олар нұрға еш жоламайды.
Job Kaz 24:17  Олар үшін қою түнек атқан таңның шұғыласындай қолайлы, қара түнектің үрейлері оларға досындай ұнайды.
Job Kaz 24:18  «Ондай адамдар су бетіндегі жаңқадай ғайып болады, олардың елдегі үлестерін қарғыс атқан, жүзімдіктеріне ешкім аяқ баспайтын болады.
Job Kaz 24:19  Ыстық пен аптап қар суын алып кететініндей, о дүние де күнә жасағандарды жоқ қылады.
Job Kaz 24:20  Өз аналары оларды ұмытып, жердің құрты оларды сүйсініп жейді. Оларды бәрі де ұмытып, зұлымдық жасаушылар сынған ағаштай құрып кетеді» (дейсіңдер).
Job Kaz 24:21  Ондайлар көмектесер баласы жоқ әйелдерге озбырлық көрсетеді, жесірлерге еш жақсылық жасамайды.
Job Kaz 24:22  Бірақ Құдай өз құдіретімен күштілерді де орындарынан тартып әкете алады. Олар тіпті орнығып алса да, өмірге деген берік үміті болмайды.
Job Kaz 24:23  Құдай сол мықтыларға бейқам тұруға жол бергенмен, оларды назарында ұстап тұрады.
Job Kaz 24:24  Зұлымдар аз уақытқа жоғарылатылса да, ақырында жоқ болып кетеді. Барлық басқалар сияқты олар да төмендетіліп, өлімге жетеленеді, әрі бидайдың піскен масағы сияқты орылады.
Job Kaz 24:25  Мені кім өтірікші деп әшкерелей алар еді? Кім айтқан сөзімнің құр бекер екенін дәлелдей алар еді?