Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
JOB
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 42
Job Kaz 42:1  Сонда Әйүп Жаратқан Иеге былай деп жауап берді:
Job Kaz 42:2  — Сенің барлық нәрсені де істей алатыныңды енді білдім. Ешбір ниетіңді тоқтату мүмкін емес.
Job Kaz 42:3  «Байыбына бармай сөйлеп, Менің данышпан шешімдеріме күмән келтіретін кім бұл өзі?!» — деп едің. Шынында да өзім түсінбейтін, білуіме тым керемет нәрселерді сөз қылыппын.
Job Kaz 42:4  «Сен тыңда, Мен сөйлейін. Саған сұрақтар қояйын, ал сен түсіндіріп берші!» деген де едің.
Job Kaz 42:5  Сен туралы бұрын өзгелерден естігенмін, ал енді Сені өз көкірек көзіммен көріп тұрмын.
Job Kaz 42:6  Сондықтан бұрынғы айтқандарыма өкініп, қатты қайғырып күл-топырақта отырмын.
Job Kaz 42:7  Жаратқан Ие Әйүпке арнаған сөздерін айтып болған соң, темандық Елипазға тіл қатып былай деді: «Мен өзіңе және осы екі досыңа қаһарланып отырмын, себебі сендер Өзім туралы қызметшім Әйүп сияқты дұрыс сөйлеген жоқсыңдар!
Job Kaz 42:8  Сондықтан жеті жас бұқа мен жеті қошқарды қызметшім Әйүпке алып барып, оларды өздерің үшін түгелдей өртелетін құрбандыққа шалыңдар. Қызметшім Әйүп сендер үшін сиынады. Сонда Мен оның мінажатын қабылдаймын, әрі сендерге надан сөздеріңе бола тиісті жазаларыңды тартқызбаймын. Өйткені сендер Өзім туралы қызметшім Әйүп сияқты дұрыс сөйлеген жоқсыңдар».
Job Kaz 42:9  Сонда үшеуі — темандық Елипаз, шуахтық Билдад және нағамалық Сопар Жаратқан Иенің айтқанын орындады. Әйүптің олар үшін еткен мінажатын Жаратқан Ие қабылдады.
Job Kaz 42:10  Әйүп достары үшін сиынғаннан кейін, Жаратқан Ие оның хал-жағдайын қайтадан қалпына келтірді. Тіпті оған мал-мүлікті бұрынғысынан екі есе мол қылып берді.
Job Kaz 42:11  Әйүптің аға-інілері, апа-қарындастары және таныс-жақындарының бәрі үйіне келіп, дәм татып қонақ болды. Олардың барлығы Жаратқан Иенің Әйүптің басына салған азабы мен қиындығы үшін оған жұбаныш айтып, әрқайсысы бір-бір күміс теңге мен алтын жүзіктен сыйлады.
Job Kaz 42:12  Жаратқан Ие Әйүптің өмірінің соңғы кезеңін алдыңғысынан бетер молынан жарылқады. Оның енді он төрт мың қой-ешкісі, алты мың түйесі, бір мың жұп өгізі мен бір мың есегі болды.
Job Kaz 42:13  Әйүп тағы да жеті ұл мен үш қызға әке болды.
Job Kaz 42:14  Бірінші қызына Емима, екіншісіне Кесия, үшіншісіне Керен-Хапух деген ат қойды.
Job Kaz 42:15  Бүкіл елде Әйүптің қыздарындай сұлу әйел заты болмады. Әйүп оларға еншіні аға-інілерінікімен бірдей етіп бөліп берді.
Job Kaz 42:16  Бұдан кейін Әйүп тағы жүз қырық жыл өмір сүріп, шөбере-шөпшектерінің қызығын көрді.
Job Kaz 42:17  Осылай Әйүп мағыналы өмір сүріп, жасы ұлғайған шағында дүниеден өтті.