Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
JOB
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 13
Job Kaz 13:1  Біліп қойыңдар, осының бәрін өз көзіммен көріп, өз құлағыммен естіп, ұғындым.
Job Kaz 13:2  Сендер білетінді мен де білемін, сендерден еш кем емеспін.
Job Kaz 13:3  Шынында мен құдіреті шексіз Құдайға тікелей тіл қатып, өз ісім жайлы дәлелдеме келтіргім келеді.
Job Kaz 13:4  Ал өздерің маған өтіріктерді майдай жағасыңдар, барлығың да түкке тұрғысыз емшіге ұқсайсыңдар.
Job Kaz 13:5  Үн-түнсіз қалсаңдар ғой, шіркін! Бұл сендер үшін даналық болар еді.
Job Kaz 13:6  Ал енді, менің уәжімді тыңдаңдар, келтіретін дәлелдеріме құлақ салыңдар!
Job Kaz 13:7  Өтірік айтып Құдайды қолдаймыз, жалған сөйлеп Оны ақтаймыз деп ойлайсыңдар ма?
Job Kaz 13:8  Осылайша екіжүзділікпен Құдайды жақтап, Оның сөзін сөйлемекшісіңдер ме?
Job Kaz 13:9  Ал егер Ол бұларыңды тексерсе, өздеріңе жақсы болар ма екен? Адамдарды алдағандай, Оны да алдауға ұмтылғандарың ба?
Job Kaz 13:10  Сендер Құдайға жағыну үшін шындықты құпия бұрмаласаңдар, Ол сендерге қатты сөгіс береді.
Job Kaz 13:11  Құдайдың ғаламат ұлылығынан қорықпайсыңдар ма? Оның айбындылығы сендерді басып тастамай ма?
Job Kaz 13:12  Ескертулерің — күл-қоқыстай нәрсіз, келтіріп отырған дәлелдерің қатқан балшықтай әлсіз.
Job Kaz 13:13  Қасымда тұрғанда үндемеңдер, мен өзім сөйлеймін. Содан соң не болса о болсын.
Job Kaz 13:14  Сол үшін мен тәуекелге бел байлап, жанымды қиюға бармын.
Job Kaz 13:15  Құдай мені өлтірмек болса да, Оған үмітімді артамын. Қайткенде де іс-әрекеттерімді Оның алдында қорғайтын боламын.
Job Kaz 13:16  Соным арқылы құтқарыламын, өйткені ешбір әділетсіз адам Құдайдың алдына бара алмайды.
Job Kaz 13:17  Сөздерімді мұқият тыңдаңдар, пайымдауларыма құлақ салыңдар!
Job Kaz 13:18  Өйткені мен ісімді дайындадым. Өзімнің ақталатынымды білемін.
Job Kaz 13:19  Маған айып таға алатын біреу бар ма өзі? Болса, үндемей-ақ өле салуға бармын.
Job Kaz 13:20  Уа, Құдай, маған мына екі нәрсені істесең екен, сонда мен Өзіңнен жасырынбаймын:
Job Kaz 13:21  мені жазалаған қолыңды алшақтата гөр, өз үрейіңмен мені қорқытуыңды доғара гөр.
Job Kaz 13:22  Содан соң шақырып алшы, өзім жауап беремін. Немесе мен сөйлеймін, ал Сен айтқандарыма жауап қайтарсаң екен.
Job Kaz 13:23  Менің жазығым мен күнәларым қаншама? Саған қарсы шығып, күнә жасаған болсам, маған айтып берші, біліп алайын.
Job Kaz 13:24  Сен неге менен жүзіңді бұрып әкетесің, уа, Тәңірім? Мені неге жауың деп есептейсің?
Job Kaz 13:25  Жел айдаған жапырақты қорқытпақсың ба? Қурап қалған бір түйір сабанның соңына түспексің бе?
Job Kaz 13:26  Мен туралы ащы айыптар жазып қойып, балалық шақтағы күнәларымды мойныма артып келесің.
Job Kaz 13:27  Аяғымды бұғаулап, барлық жүрген жолдарымды бақылайсың, ізімнен ешбір қалмайсың.
Job Kaz 13:28  Содан мен шіріген нәрседей, күйе жеген киімдей тозып күйреудемін.