Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
JOB
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 23
Job Kaz 23:1  Сонда Әйүп тағы да сөйлеп былай деді:
Job Kaz 23:2  — Бүгін де айтар шағымым ащы! Қанша күрсініп ыңқылдасам да, Құдай мені ауыр жазалауын қояр емес.
Job Kaz 23:3  Құдайды қайдан табуға болатынын, дәл тұрағына қалай баруға болатынын білсем ғой!
Job Kaz 23:4  Басыма түскен істі Оған көрсетіп, ауыз толтыра уәжімді айтар едім.
Job Kaz 23:5  Оның маған берер жауабын біліп алып, не айтатынын түсінер едім.
Job Kaz 23:6  Сонда Құдай бүкіл құдіретін қолданып мені құртар ма еді? Жоқ, керісінше, мені тыңдаған болар еді.
Job Kaz 23:7  Әділ жан сол жерде Онымен пікірталасқа түсер еді. Мен де өзімді соттаушы Құдайдан біржола ақталып құтылар едім.
Job Kaz 23:8  Бірақ шығысқа қарай жүрсем, Ол онда жоқ, батысқа қарай жүрсем, Оны сол жерден де таппаймын.
Job Kaz 23:9  Солтүстікте әрекет еткен кезінде де Оны көре алмаймын, оңтүстікке бұрылсам, Оны сол жерден де байқай алмаймын.
Job Kaz 23:10  Құдай жүретін жолымды жақсы біледі. Ол мені сынап тексергенде, алтын сияқты таза болып шыға келемін.
Job Kaz 23:11  Себебі Оның жолымен аяқ басып, содан еш бұрылмай жүріп келдім.
Job Kaz 23:12  Оның бұйырған өсиеттерінен бас тартқан жоқпын, аузынан шыққан сөздерін қажетті тамағымнан да артық көріп сақтайтынмын.
Job Kaz 23:13  Бірақ Ол жалғыз Өзі ғана Құдай, кім Оған қарсы тұра алады? Ол нені қаласа, соны істейді.
Job Kaz 23:14  Өзі маған нені белгілеген болса, сонысын жүзеге асырады. Осы сияқты көп нәрсе әлі де Оның ой-санасында бар шығар.
Job Kaz 23:15  Сол себепті мен Оның алдында үрейге кенелемін. Бұл жайт есіме түскен сайын қорқып дірілдеймін.
Job Kaz 23:16  Осылай Құдай жүрегімді дір-дір еткізіп, құдіреті шексіз Тәңір зәремді ұшырады.
Job Kaz 23:17  Түнек, иә, бетімді жауып отырған қалың түнек жан-жағымды басып алды.