Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
JOB
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 7
Job Kaz 7:1  Пенденің бұ дүниедегі өмірі ауыр мехнат емес пе? Оның жер бетіндегі ғұмыры жалшының күндеріндей азапты.
Job Kaz 7:2  Пенде кешкі көлеңкені аңсаған құлға ұқсас, әрі күндік жалақысын асыға күткен жалшы сияқты.
Job Kaz 7:3  Дәл солай түкке тұрғысыз айлар мен азапқа толы түндер менің үлесіме тиді.
Job Kaz 7:4  Орныма жатқанда «Қашан тұра аламын?» деп ойлаймын. Осылай түн ұзаққа созылып, таң атқанша дөңбекшіп шығамын.
Job Kaz 7:5  Тұла бойымды құрт пен жара басқан, терім жарылып, жарамнан ірің аққан.
Job Kaz 7:6  Өмірім тоқымашының қайығындай зырылдап өтіп жатыр, ақыр соңында ол еш үмітсіз үзіледі.
Job Kaz 7:7  Уа, Құдай, өмірімнің дем іспетті өткінші екенін ұмытпашы! Енді қайтып игілік атаулыны көрмеспін.
Job Kaz 7:8  Қазір Сен мені көріп тұрсың, ал кейін көрмейтін боласың. Сонда маған назар саласың, бірақ мен жоқ боламын.
Job Kaz 7:9  Бұлттың сейіліп жоқ болып кететініндей, о дүниеге аттанған жан да одан кері қайтпайды.
Job Kaz 7:10  Ол үйіне қайта оралмайды, тұрған жеріне беймәлім болып жоғалады.
Job Kaz 7:11  Сондықтан мен аузыма ерік беремін. Жанымның қиналысын білдіремін, көкірегімдегі шерімді төгемін.
Job Kaz 7:12  Сен маған сақшы қоятындай мен буырқанған теңіз не алып айдаһар ма едім?
Job Kaz 7:13  «Төсегімде жатып көңілімді басайын, орнымда тынығып азабымды жеңілдетейін!» десем,
Job Kaz 7:14  Сен мені түстермен қорқытып, түрлі елестермен зәремді ұшырасың.
Job Kaz 7:15  Содан мен мына денеде өмір сүргенше, буындырылып өлтірілгенді артық көрер едім.
Job Kaz 7:16  Осылайша өмірімді жек көремін, мәңгілік өмір сүргім келмейді. Күндерім шығарған демімдей өткінші, өзімді жалғыз қалдырсаңшы!
Job Kaz 7:17  Сен соншама бағалап, оған назарыңды салатындай пенде кім өзі?
Job Kaz 7:18  Таң атқан сайын Сен оны тексеріп, әр сәт сайын оны сынайсың.
Job Kaz 7:19  Сен ешқашан назарыңды менен басқа жаққа аудармайсың ба? Қас қағым сәт болса да, мені жалғыз қалдырсаңшы?
Job Kaz 7:20  Егер күнә жасасам, Саған қандай зиян келтірер едім, уа, адамзаттың Бақылаушысы? Мені неге Өзіңе нысана қылдың? Саған сондай масыл болдым ба?
Job Kaz 7:21  Қателерімді кешіріп, жаман істерімді неге менен алып тастамайсың? Жуырда мен жер қойнына кіремін. Содан мені іздейсің, бірақ мен жоқ боламын.