Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
JOB
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 12
Job Kaz 12:1  Сонда Әйүп жауап беріп былай деді:
Job Kaz 12:2  — Шынымен де нағыз данышпансыңдар-ау! Сендер өлгенде даналық атаулы қалмас, сірә?
Job Kaz 12:3  Бірақ менде де өздеріңдікіндей ақыл-сана бар, сендерден кем емеспін. Осы айтқан нәрселеріңді кім білмейді?
Job Kaz 12:4  Мен достарымның мазағына айналдым. Құдайға сиынатынмын және Ол маған жауап беретін. Әділ де кінәратсыз болып келемін, әйтсе де күлкіге қалып отырмын.
Job Kaz 12:5  Тоқмейілсігендер бақытсыздыққа ұшырағандарға немқұрайды қарап, аяқтары тайғандарын тіпті итеріп те жібереді.
Job Kaz 12:6  Халықты құртушылардың мекенінде әлі де тыныштық. Олар Құдайды қаһарландырып келеді, бірақ Ол соларды Өзінің құдіретті қолында ұстайды.
Job Kaz 12:7  Тек хайуандардан сұрап көр, олар саған үйретеді. Әуедегі құстардан сұра, олар саған айтып береді.
Job Kaz 12:8  Немесе жерден сұра, ол да саған көрсетеді. Теңіздегі балықтар да саған білдіреді.
Job Kaz 12:9  Осылардың қайсысы Жаратқан Иенің бәрін Өзінің құдіретті қолымен жаратқанын білмейді екен?
Job Kaz 12:10  Әрбір тірі мақұлықтың жаны да, әр адам баласының тіршілік лебі де Жаратқан Иенің қолында.
Job Kaz 12:11  Адам тамақтың ащы-тұщылығын тілімен ажыратқандай, сөздерді құлағымен сараламай ма?
Job Kaz 12:12  «Даналық қарияларда, парасат көп жасағандарда» дейді.
Job Kaz 12:13  Ал нағыз даналық пен құдірет тек Құдайда, дана ақыл-кеңес пен парасат та Оның Өзінде.
Job Kaz 12:14  Құдай құлатса, ешкім қайта тұрғыза алмайды. Ол тұтқындаса, ешкім босата алмайды.
Job Kaz 12:15  Егер Тәңір жаңбыр жібермей қойса, жер беті құрғап, қуаңшылық жайлайды, ал егер еркіне қоя берсе, бүкіл жерді су басады.
Job Kaz 12:16  Күш-қуат пен жеңіс те Оның қолында, алданған да, алдаушы да Оның көз алдында.
Job Kaz 12:17  Құдай кеңесшілерді ақылынан айырады, билерді де ақымаққа айналдырады.
Job Kaz 12:18  Ол патшалардың сәнді белдігін босатады, белдеріне құл іспетті мата байлатады.
Job Kaz 12:19  Тәңір жауға діни қызметкерлерді жалаң аяқ айдатып әкеткізеді, билік иелерінің астан-кестенін шығарады.
Job Kaz 12:20  Ол сенімге ие болған ақылшыларды тілден айырады, ақсақалдарды парасаттан ада қылады.
Job Kaz 12:21  Ол атақтыларды қор қылады, мықтыларды қаруынан айырады.
Job Kaz 12:22  Құдай қараңғыда жасырынған ой-ниеттерді ашады, қара түнекті жарыққа шығарады.
Job Kaz 12:23  Ол халықтарды ұлы қылып, кейін құртады, олардың жерін кеңейтіп, кейін адамдарын ыдыратып жібереді.
Job Kaz 12:24  Тәңір елдің басшыларын ақылдан жұрдай қылады, жолсыз құла түзді кездіріп қояды.
Job Kaz 12:25  Олар жарығы жоқ түнекте сипалап жүреді. Тәңір оларды мас адамдай теңселтіп қояды.