Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
LEVITICUS
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 21
Levi Kaz 21:1  Жаратқан Ие Мұсаға тіл қатып былай деді:— Діни қызметті атқаратын Һаронның ұлдарына мынаны айт: Діни қызметкер халқының арасынан қайтыс болған ешкімнің мәйітіне жанасып, өзін арамдамасын.
Levi Kaz 21:2  Ал егер өзінің қандас туысқаны: әке-шешесі, ұл-қызы, бірге туған аға-інісі
Levi Kaz 21:3  немесе күйеуге шықпай оның қолында жүрген әпке-қарындасының біреуі қайтыс болса, соның мәйітіне жанасып, таза емес күйге түсуіне болады.
Levi Kaz 21:4  Бірақ ол қайын жұртынан біреу үшін таза емес күйге түсіп өзін арамдамасын.
Levi Kaz 21:5  Діни қызметкерлерге не шашын тақырлап алғызуға, не сақалының шеттерін қырқып қысқартуға, не денесінің терісін тілгілеп жарақаттап таңба салуларына да болмайды.
Levi Kaz 21:6  Олар Құдайға бағышталғандықтан, Оның есімін еш қорламасын! Жаратқан Иеге тамақ іспетті арналған тартуларды өртеу арқылы ұсынатындықтан, олар (іс-әрекеттерінде) қасиетті болулары керек.
Levi Kaz 21:7  Діни қызметкерлерге жеңіл жүріспен арамданған не күйеуімен ажырасқан әйелге үйленуге болмайды. Өйткені діни қызметкер өзінің Құдайына бағышталған.
Levi Kaz 21:8  Діни қызметкерлер сендер сиынатын Құдайға тамақ іспетті арналған тартуларды ұсынатындықтан, оларды Жаратқан Иеге бағышталған деп қастерлеңдер! Себебі сендерді Өзіме бағыштайтын Мен, Жаратқан Ие, киелімін.
Levi Kaz 21:9  Егер діни қызметкердің қызы жеңіл жүріспен өзін арамдаса, сонысымен әкесін де арамдағаны. Ондай қызды өртеп көзін құрту керек.
Levi Kaz 21:10  Бас діни қызметкер — діни қызметкерлердің арасынан таңдалып, май жағу рәсімі орындалып, арнайы киімді киюге тағайындалған адам. Сондықтан оған (аза тұтып не жалаң бас жүріп) шашын жайып жіберуге не көйлегінің өңірін айыра жыртуға болмайды.
Levi Kaz 21:11  Бас діни қызметкерге өлген адамның мәйітіне жақындауға болмайды. Тіпті өз әкесі не шешесі қайтыс болғанда да, оның арамданбауы үшін солардың мәйітіне жақындауына болмайды.
Levi Kaz 21:12  Бас діни қызметкердің (қабір басына бару үшін) Құдайдың киелі орнын тастап кетіп, оны арамдауына болмайды. Ол арнайы май жағу рәсімі арқылы Құдай Иесіне қызмет етуге тағайындалған. Мен Жаратқан Иемін.
Levi Kaz 21:13  Бас діни қызметкер пәк таза қызға ғана үйленуге тиіс.
Levi Kaz 21:14  Оған жесірге, күйеуімен ажырасқан, жеңіл жүріспен арамданған әйелге үйленуге болмайды, тек өз халқынан шыққан пәк таза қызға ғана үйленуіне болады.
Levi Kaz 21:15  Осылайша бас діни қызметкер халқының арасындағы өзінен тарайтын ұрпақтарын арамданудан сақтасын. Оны киелі ететін Мен Жаратқан Иемін.
Levi Kaz 21:16  Жаратқан Ие Мұсаға тіл қатып былай деді:
Levi Kaz 21:17  — Һаронға мынаны айт: Болашақта өзіңнен тараған ұрпақтарыңның денесінде бір кемістігі бар адамы (киелі шатырға) жақындап келіп, Құдайға тамақ іспетті арналған тартуларды ұсынушы болмасын.
Levi Kaz 21:18  Бірде-бір кемтар жан Маған қызмет көрсету үшін жақындамасын: соқыр, ақсақ, қоянжырық ерінді не қол-аяғы дұрыс дамымаған мүгедек,
Levi Kaz 21:19  сондай-ақ, аяғы не қолы сынып майып болған,
Levi Kaz 21:20  бүкір не дене мүшесі семіп қалған, көзінің кемістігі бар, қотыр не теміреткісі бар немесе ұрық безі езілген ешкім де осы қызметті атқарушы болмасын.
Levi Kaz 21:21  Діни қызметкер Һароннан тараған бір ұрпағының сондай кемістігі бар болса, оның (киелі шатырға) жақындап келіп, Жаратқан Иеге бағышталған тартуларды өртеп ұсынуына болмайды. Кемтар болғандықтан оның Құдайға тамақ іспетті арналған тартуларды әкеліп ұсынуына болмайды.
Levi Kaz 21:22  Алайда оған Құдайға бағышталған киелі және ерекше киелі тамақтардан жеуіне болады.
Levi Kaz 21:23  Ал ол өзінің тәндік кемістігіне бола (киелі шатырдағы ішкі) шымылдыққа және құрбандық үстеліне жақындап Менің киелі орнымды арамдамасын. Соларды Өзіме толығымен бағыштап киелі еткен Мен Жаратқан Иемін.
Levi Kaz 21:24  Мұса осының бәрін Һарон мен оның ұлдарына және бүкіл Исраил халқына айтып берді.