Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
I SAMUEL
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 3
I Sa Kaz 3:1  Жасөспірім Самуил Елидің қарамағында Жаратқан Иеге қызмет етіп жүрді. Сол заманда Жаратқан Иенің адамдарға сөзін арнап, аян беруі өте сирек болатын.
I Sa Kaz 3:2  Елидің көздері мүлдем дерлік көрмей қалған еді. Бірде ол өзінің үйреншікті орнында жатты.
I Sa Kaz 3:3  Бұл Құдайдың шам қойғышының жеті шамы әлі де жанып тұрған кез еді. Құдайдың Келісім сандығы орналасқан Жаратқан Иенің ғибадатханасында Самуил де тынығып жатты.
I Sa Kaz 3:4  Сонда Жаратқан Ие Самуилдің атын атап шақырды. Ол: «Тыңдап тұрмын», — деді де,
I Sa Kaz 3:5  Елиге жүгіріп барып:— Тыңдап тұрмын, сіз мені шақырдыңыз ба? — деп сұрады. Ели оған:— Жоқ, сені шақырған жоқпын, орныңа барып, жата ғой, — деп жауап қайырды. Самуил солай істеді.
I Sa Kaz 3:6  Жаратқан Ие қайтадан: «Самуил!» — деп шақырғанда, бала тағы да орнынан тұрып, Елиге барып:— Тыңдап тұрмын, сіз мені шақырдыңыз ба? — деп сұрады.Бірақ ол:— Жоқ, шақырған жоқпын, балам, орныңа барып, жата бер, — деді.
I Sa Kaz 3:7  Бұған дейін Жаратқан Ие өзіне аян беріп, сөзін арнамағандықтан, Самуил Оның даусын танымайтын еді.
I Sa Kaz 3:8  Жаратқан Ие Самуилді үшінші рет шақырды. Бала тағы да орнынан тұрып, Елиге келіп:— Тыңдап тұрмын, сіз мені шақырдыңыз ба? — деп сұрады. Сол кезде Ели баланы шақырып жатқан Жаратқан Иенің Өзі екенін түсініп,
I Sa Kaz 3:9  оған:— Бар да жат. Егер сені қайтадан шақырса, онда: «Уа, Ием, айта гөр, пендең тыңдап тұр» деп жауап бер, — деді. Самуил төсегіне барып жатты.
I Sa Kaz 3:10  Бұдан кейін Жаратқан Ие тағы да оның қасына келіп, бұрынғыша:— Самуил, Самуил! — деп шақырды. Бала:— Айта гөр, пендең тыңдап тұр, — деп жауап берді.
I Sa Kaz 3:11  Сонда Құдай Самуилге мынаны айтты:— Мен Исраилде естіген адамды қатты абыржытатын бір нәрсе істемекпін!
I Sa Kaz 3:12  Сол күні Мен Елидің отбасы туралы айтқан сөздерімді басынан аяғына дейін жүзеге асырамын.
I Sa Kaz 3:13  Ұлдарының зұлымдығы үшін оларды біржолата жазалайтынымды Елиге хабарлағанмын. Ол ұлдарының Құдайды қорлағандарын біліп жүрсе де, оларды жүгендеп, тоқтатқан емес.
I Sa Kaz 3:14  Сол себепті Мен: Елидің отбасы өз кінәсінің зардабынан ешқашан не құрбандық, не басқа да сый-тарту арқылы арыла алмайды деп ант еттім.
I Sa Kaz 3:15  Бұдан соң Самуил қайтадан орнына барып жатты. Ертеңгісін ол әдеттегідей Жаратқан Иенің киелі үйінің есіктерін ашты. Ал Құдайдың аян еткен сөздерін Елиге айтып беруге дәті бармады.
I Sa Kaz 3:16  Бірақ Ели оны:— Самуил, балам, — деп, қасына шақырып алды.— Құлағым сізде, ата, — деп жауап берді ол.
I Sa Kaz 3:17  Ели:— Құдай саған не деді? Оны менен жасырма. Егер де Құдайдың өзіңе білдіргендерін түгелдей айтпай, бір нәрсесін жасырып қалсаң, Ол сені жазалаған үстіне жазалай бермек, — деді.
I Sa Kaz 3:18  Сонда Самуил ештеңені бүкпестен бәрін айтып берді. Ели:— Ол Жаратқан Ие ғой, Оның әділ еркі орындалсын, — деді.
I Sa Kaz 3:19  Ал Самуил есейіп, өсе берді. Жаратқан Иенің Өзі жар болып, оған алдын ала хабарлап айтқан сөздерінің бәрі де жүзеге асып отырды.
I Sa Kaz 3:20  Содан солтүстіктегі Дан мен оңтүстіктегі Бер-Шебаның аралығында тұрып жатқан бүкіл Исраил халқы Самуилдің Жаратқан Иенің пайғамбары болуға тағайындалғандығына көз жеткізді.
I Sa Kaz 3:21  Жаратқан Ие Самуилге сөзін арнап, Өзінің кім екенін ашқан Шилода оған аян беруін жалғастыра берді.