Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
JOHN
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 20
John Kaz 20:1  Жексенбі күні әлі қараңғы болған кезде мағдалалық Мәриям (жартастан үңгіп жасалған) қабірге келді. Сонда ол қабірдің аузын бекіткен дәу қақпақ тастың орнынан алынып тасталғанын көрді.
John Kaz 20:2  Содан Мәриям Шимон Петірге және Исаның жақсы көрген шәкіртіне жүгіріп барып, оларға: «Біреулер Мырзамызды қабірден алып кетіпті! Оны қай жерге қойғанын білмейміз!» — деді.
John Kaz 20:3  Петір мен әлгі шәкірт дереу қаладан шығып, қабірге қарай беттеді.
John Kaz 20:4  Екеуі бірге жүгіре жөнелді, бірақ сол шәкірт Петірден жылдамырақ жүгіріп, үңгірдегі қабірге алдымен жетті.
John Kaz 20:5  Ол еңкейіп қарап, бәтес орауыштың жатқанын көрді, бірақ қабірдің ішіне кірмеді.
John Kaz 20:6  Сол сәтте оның соңын ала Шимон Петір де келіп, қабірге кірді.
John Kaz 20:7  Ол да бәтес орауыш пен Исаның беті бүркелген сүлгінің жатқанын көрді. Сүлгі бәтес орауышпен бірге емес, бүктелген күйі бөлек жатыр екен.
John Kaz 20:8  Сонда бірінші болып келген әлгі шәкірт те қабірге кірді. Ол да соны көріп, Исаның тірілгеніне сенді.
John Kaz 20:9  Сол кезде олар Исаның Киелі жазбаларға сай өлімнен қайта тірілуге тиіс екендігін әлі де түсінбейтін.
John Kaz 20:10  Содан кейін екі шәкірт өздері тұрып жатқан үйге қайта оралды.
John Kaz 20:11  Ал Мәриям үңгірдің алдында жылап тұрды. Жылап тұрған ол қабірдің ішіне еңкейіп қарағанда,
John Kaz 20:12  ақ киімді екі періштенің отырғанын көрді. Біреуі Исаның мәйіті қойылған жердің бас жағында, екіншісі аяқ жағында отыр екен.
John Kaz 20:13  Періштелер Мәриямға:— Қарындас, неге жылап тұрсың? — деп тіл қатты. Ол:— Біреулер Мырзамды алып кетіпті! Оны қай жерге қойғанын білмеймін, — деді.
John Kaz 20:14  Мәриям осыны айтқаннан кейін артына бұрылып, Исаның тұрғанын көрді, бірақ Оны танымады.
John Kaz 20:15  Иса:— Қарындас, неге жылап тұрсың? Кімді іздеп жүрсің? — деп сұрады. Мәриям Оны бағбан екен деп ойлап:— Мырза, Оны әкеткен Сіз болсаңыз, қайда қойғаныңызды айтыңызшы. Мен Оны сол жерден алып кетейін, — деді.
John Kaz 20:16  Сонда Иса оған:— Мәриям! — деп үн қатты. Мәриям Исаға бұрылып:— Раббуни! — деді. Бұл сөз «Ұстаз!» деп аударылады.
John Kaz 20:17  Иса оған:— Маған жармаспа, себебі Мен әлі де Әкеме көтерілген жоқпын. Одан да бауырластарыма барып, оларға Менің Әкеме, яғни сендердің де Әкелеріңе, өз Құдайыма, яғни сендердің де Құдайларыңа, көтеріліп кететінімді айт! — деп тапсырды.
John Kaz 20:18  Мағдалалық Мәриям шәкірттерге барып, өзінің Иемізді көргенін және Оның осы айтқандарын жеткізді.
John Kaz 20:19  Сол жексенбі күнінің кешінде Исаның шәкірттері жиналып, яһуди басшыларынан қорыққаннан есіктерді бекітіп алған еді. Кенеттен кіріп келген Иса орталарына тұра қалып: «Сендерге амандық пен тыныштық болсын!» — деп батасын берді.
John Kaz 20:20  Осыны айтқаннан кейін Иса оларға екі қолы мен бүйірін көрсетті. Шәкірттері Иелері Мәсіхті көріп қатты қуанды.
John Kaz 20:21  Иса оларға тағы да: «Сендерге амандық пен тыныштық болсын! — деді. — Әкемнің Өзімді осы дүниеге жібергені сияқты, Мен де сендерді адамдарға жіберемін». —
John Kaz 20:22  Осылай дегеннен кейін Иса шәкірттерінің бетіне демін үрлеп: «Киелі Рухты қабыл алыңдар!
John Kaz 20:23  Кімнің күнәларын кешсеңдер, солар кешіріледі, ал кімнің күнәларын кешпесеңдер, солар кешірілмейді», — деді.
John Kaz 20:24  Исаның он екі шәкіртінің бірі, Сыңарлас деп те аталған Тома, Иса оларға келген кезде араларында жоқ еді.
John Kaz 20:25  Басқа шәкірттер оған:— Біз Иемізді көрдік, — дегенде, Тома:— Мен Оның қолдарынан шегелердің орнын көрмесем, саусағыммен шегелердің орнын сипап, бүйіріндегі тыртығын қолыммен ұстамасам, Оның тірілгеніне еш сенбеймін, — деп жауап берді.
John Kaz 20:26  Бір аптадан кейін Исаның шәкірттері тағы сол үйге жиналды, олармен бірге Тома да болды. Есік бекітілген еді, бірақ Иса кіріп келіп, орталарына тұра қалды да:— Сендерге амандық пен тыныштық болсын! — деді.
John Kaz 20:27  Содан кейін Томаға: — Менің қолыма саусақтарыңды тигізіп қара, алақаныңды бүйіріме қой және сенімсіз болмай, сенетін бол! — деді.
John Kaz 20:28  Тома Оған:— Ием менің, Құдайым менің! — деп мойынсұнды.
John Kaz 20:29  Иса:— Тома, сен Мені көргендіктен Маған сеніп тұрсың. Ал Мені көрмесе де сенетіндер бақытты! — деп жауап берді.
John Kaz 20:30  Иса шәкірттерінің көз алдында осы кітапта жазылмаған басқа да көптеген кереметтер істеді.
John Kaz 20:31  Ал жазылғандары Исаның Құтқарушы Мәсіх, Құдайдың рухани Ұлы екендігіне сендер сенсін, әрі сенімдерің арқылы Онымен тығыз байланыста тұрып, шынайы өмірге ие болсын деген мақсатпен жазылған.