Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
JOHN
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 8
John Kaz 8:1  Ал Иса Зәйтүн тауына қарай беттеген еді.
John Kaz 8:2  Ертеңгісін Ол қалаға қайта оралып, ғибадатханаға барды. Сонда бүкіл жұрт Оның қасына жиналды. Иса отырған соң, оларға тәлім берді.
John Kaz 8:3  Бірнеше дін мұғалімі мен парызшыл да осы жерге келді. Олар неке адалдығын бұзып жатқан жерінде ұсталған бір әйелді айдап әкеліп, ортаға тұрғызып қойды.
John Kaz 8:4  Олар Исаға қарап:— Ұстаз, мына әйел неке адалдығын бұзған қылмысы үстінде ұсталды!
John Kaz 8:5  Таурат заңында Мұса бізге мұндайларды тас лақтырып өлтіруді бұйырған. Сіз бұған не айтасыз? — деді.
John Kaz 8:6  Сол діндарлар Исаны сынап, айыптайтын сылтау табу үшін осыны айтқан еді. Бірақ Ол еңкейіп, саусағымен жерге жазып, оларға көңіл бөлмеді.
John Kaz 8:7  Әлгілер сұрай берген соң, Иса басын көтеріп:— Араларыңда кімде-кім күнәсіз болса, сол әйелге бірінші болып тас лақтырсын, — деп,
John Kaz 8:8  тағы да еңкейіп, саусағымен жерге жазып отыра берді.
John Kaz 8:9  Олар Оның сөзін естігеннен кейін ұялып, алдымен үлкендері, содан кейін басқалары бірінен соң бірі шығып кетті. Ал Иса ортада тұрған әйелмен оңаша қалды.
John Kaz 8:10  Басын көтеріп, әйелден:— Әлгі айыптаушыларың қайда кетті? Саған ешкім үкім шығарған жоқ па? — деп сұрады. Ол:
John Kaz 8:11  — Ешқайсысы да, Мырза, — деп жауап берді. Ал Иса:— Мен де саған үкім шығармаймын. Бара бер, бұдан былай күнә жасаушы болма! — деді.
John Kaz 8:12  Иса тағы бір жолы халыққа сөйлеп отырғанда былай деді:— Мен дүние үшін Нұрмын. Маған ерген кісі енді түнекте жүрмей, шынайы өмірдің Нұрына ие болады, — деді.
John Kaz 8:13  Сонда парызшылдар Оған:— Сен Өзіңе-Өзің куәсің, сондықтан куәлігің жарамайды, — деді.
John Kaz 8:14  Иса былай деп жауап берді:— Мен Өзіме-Өзім куә болсам да, куәлігім жарап тұр. Себебі Мен қайдан келгенімді, қайда баратынымды білемін. Ал сендер Менің қайдан келгенімді, қайда баратынымды білмейсіңдер.
John Kaz 8:15  Сендер пенделік тұрғыдан үкім айтып тұрсыңдар, ал Мен ешкімге үкім айтып тұрған жоқпын.
John Kaz 8:16  Егер де үкім айтсам, үкімім жарар еді, себебі Мен жалғыз емеспін, Өзімді жіберген Әкеммен біргемін.
John Kaz 8:17  Сендер ұстанған Таурат заңында екі адамның куәлігінің жарамдылығы туралы жазылған ғой.
John Kaz 8:18  Мен Өзіме куәмін, ал Мені жіберген Әкем де Маған куә. —
John Kaz 8:19  Әлгі парызшылдар:— Әкең қайда? — деп сұрады. Иса оларға:— Сендер Мені де, Әкемді де білмейсіңдер. Егер Мені білсеңдер, онда Әкемді де білер едіңдер, — деп жауап қайырды.
John Kaz 8:20  Осы сөзді Иса ғибадатхананың қазынасы сақталатын қойманың жанында тәлім беріп отырғанда айтты. Алайда Оны ешкім тұтқындаған жоқ, өйткені Исаның өз жанын қиятын уақыты әлі жетпеген еді.
John Kaz 8:21  Иса жиналғандарға тағы бір жолы тіл қатып былай деді:— Мен бұл жерден кетемін, сонда Мені іздейсіңдер. Ал сендер күнәларыңды арқалап өлесіңдер және Мен баратын жерге жете алмайсыңдар. —
John Kaz 8:22  Сонда яһуди діндарлары бір-біріне:— «Мен баратын жерге сендер жете алмайсыңдар» дегені Оның Өзін өлтірмек болғаны ма? — десті.
John Kaz 8:23  Иса оларға былай деді:— Сендер жерденсіңдер, Мен көктенмін. Сендер осы күнәкар дүниенің адамысыңдар, ал Мен осы дүниелік емеспін.
John Kaz 8:24  Сондықтан да сендерге «күнәларыңды арқалап өлесіңдер» дедім. Өйткені егер Менің Сол екеніме сенбесеңдер, күнәларыңды арқалап өлетін боласыңдар. —
John Kaz 8:25  Олар Исадан:— Осы Сен кімсің? — деп сұрады. Иса:— Сендерге әуел бастан-ақ не айтсам, Мен дәл Солмын.
John Kaz 8:26  Сендер туралы айтып, үкім шығаратын жайттарым көп. Бірақ Мені Жіберген — Хақ, Одан естігендерімді дүниеге білдіремін, — деп жауап берді.
John Kaz 8:27  Олар Исаның көктегі рухани Әкесі туралы айтып тұрғанын түсінген жоқ.
John Kaz 8:28  Сондықтан Иса былай деді:— Сендер көктен келген Билеушіні (айқышқа шегелеп) жоғары көтеріп қойған кезде Менің Сол екенімді, әрі еш нәрсені өз еркіммен істемей, тек Әкем қалай үйретсе, солай сөйлейтінімді ұғатын боласыңдар.
John Kaz 8:29  Мені жіберген Әкем Өзіммен бірге. Мен әрқашан Оған ұнайтынын істейтіндіктен, Әкем Мені жалғыз қалдырмайды.
John Kaz 8:30  Иса осыны айтып тұрғанда, көптеген адамдар Оған сенді.
John Kaz 8:31  Сонда Иса Өзіне сенген яһудилерге былай деді:— Егер сендер айтқандарымды естеріңе сақтап, жүзеге асырсаңдар, шынымен Менің шәкірттерім боласыңдар.
John Kaz 8:32  Сонда ақиқатты біле түсесіңдер, ал ақиқат сендерді азаттыққа жеткізеді. —
John Kaz 8:33  Олар:— Біз Ыбырайымның ұрпағымыз, ешқашан да біреудің құлы болған емеспіз! Қалайша бізге «азаттыққа жетесіңдер» деп айта аласыз? — деді.
John Kaz 8:34  Иса оларға былай деп жауап берді:— Сендерге өте маңызды шындықты айтамын: кім күнә жасаса, сол — күнәнің құлы.
John Kaz 8:35  Ал құлы емес, ұлы ғана қожайынның үйінде мәңгі қалады, себебі ұлы ретінде оның еркі бар.
John Kaz 8:36  Сонымен егер Құдайдың рухани Ұлы сендерді азаттыққа жеткізсе, шынымен азат боласыңдар.
John Kaz 8:37  Сендердің Ыбырайымның ұрпақтары екендеріңді білемін. Алайда Мені өлтірмексіңдер, себебі айтқандарыма жүректеріңнен орын бермедіңдер.
John Kaz 8:38  Мен Әкемнің көрсеткендері туралы айтып тұрмын, ал сендер өз түп аталарыңнан көргендеріңді істейсіңдер. —
John Kaz 8:39  Сол яһудилер:— Біздің түп атамыз — Ыбырайым ғой, — деп жауап берді. Иса оларға былай деді:— Сендер шынымен Ыбырайымның ұрпақтары болсаңдар, Ыбырайым секілді әрекет етер едіңдер.
John Kaz 8:40  Алайда Құдайдан естіген ақиқатты сендерге жеткізген Мені өлтіргілерің келеді. Ондай нәрсені Ыбырайым істеген жоқ.
John Kaz 8:41  Сөйтіп сендер өз аталарың не істесе, соны істеп жүрсіңдер.— Біз некесіз туғандар емеспіз! Біздің бір ғана рухани атамыз бар, Ол — Құдай! —
John Kaz 8:42  Иса оларға былай деді:— Рухани аталарың Құдай болса, сендер Мені жақсы көрер едіңдер. Өйткені Мен осында Құдайдан келдім. Өз бетіммен келген жоқпын, Мені Құдай жіберді.
John Kaz 8:43  Менің айтып тұрғанымды неге түсінбейсіңдер? Себебі Менің сөзімді естіп тұра алмайсыңдар.
John Kaz 8:44  Сендердің рухани аталарың — әзәзіл шайтан. Соның құмарлықтарын орындағыларың келеді. Ол әуел бастан-ақ кісі өлтіруші болып келеді, ақиқат жағында тұрған да емес, өйткені онда ақиқат жоқ. Әзәзіл өтірікті өз болмысына сай айта береді, себебі ол — өтірікші, өтіріктің бастауы.
John Kaz 8:45  Мен ақиқатты айтқандықтан Маған сенбейсіңдер.
John Kaz 8:46  Араларыңдағы қайсың Мені күнә жасадың деп әшкерелей аласың? Ал егер ақиқатты айтсам, неге Маған сенбейсіңдер?
John Kaz 8:47  Кімде Құдайдың рухани өмірі болса, сол Оның айтқандарына құлақ асады. Сендерде Құдайдың рухани өмірі болмағандықтан, Оның айтқандарына құлақ аспайсыңдар.
John Kaz 8:48  — Самариялық екенсің, Сені жын соққан деп тұрғанымыз дұрыс емес пе? — деп әлгі яһудилер Исаға тіл тигізді.
John Kaz 8:49  — Мені жын соққан жоқ! Тек Әкемді құрметтеймін, ал сендер Мені қорлайсыңдар.
John Kaz 8:50  Мен құрметке бөленуге тырыспаймын, ол жағын ойластыратын Әкем бар. Сендер мен Өзімнің арамыздағы төрелікті айтатын да Сол.
John Kaz 8:51  Сендерге өте маңызды шындықты айтамын: Менің сөзімді берік ұстанатын кісі мәңгі өлмейді, — деп жауап берді Иса.
John Kaz 8:52  Ал яһуди діндарлары Оның айтқанын түсінбей:— Ішіңде жынның бар екеніне көзіміз жетті. Ыбырайым да, пайғамбарлар да өлген, ал Сен «Менің сөзімді берік ұстанатын кісі мәңгі өлмейді» дейсің!
John Kaz 8:53  Әлде Сен өліп қалған түп атамыз Ыбырайымнан да құдіреттісің бе? Пайғамбарлар да өліп қалған. Өзіңді кіммін деп тұрсың? — деді.
John Kaz 8:54  Иса бұған жауап ретінде былай деді:— Менің Өзімді құрметтеуім түк болмас еді; Мені құрметтеуші — өз Әкем. Сендер Оны «біздің Құдайымыз» десеңдер де,
John Kaz 8:55  Оны білмейсіңдер; ал Мен Оны білемін. Егер Оны білмеймін десем, сендер сияқты өтірікші болар едім. Бірақ Мен Оны білемін және Оның айтқандарын ұстанамын.
John Kaz 8:56  Түп аталарың Ыбырайым Менің дүниеге келетін күнімді көретініне шаттанды; ол сол күнді көріп, қуанды да. — Әлгі діншіл яһудилер:
John Kaz 8:57  — Сен әлі елуге де келген жоқсың, Ыбырайымды көрдім дейсің бе? — деді.
John Kaz 8:58  Иса оларға былай жауап берді:— Сендерге өте маңызды шындықты айтамын: Ыбырайым тумастан бұрын да (Мәңгі) Бар Болушы Менмін!
John Kaz 8:59  Сонда олар ашуланып, Оны тас лақтырып өлтіру үшін жерден тас алды. Бірақ Иса білдіртпей ғибадатханадан шығып кетті.