Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
JOHN
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 9
John Kaz 9:1  Иса өтіп бара жатып, туғаннан соқыр бір адамды көрді.
John Kaz 9:2  Сонда шәкірттері Исадан:— Ұстаз, мынаның соқыр болып туғанына өз күнәсі себеп болды ма, әлде ата-анасынікі ме? — деп сұрады.
John Kaz 9:3  Иса:— Оған өзінің де, ата-анасының да күнәсі себеп болған жоқ. Қайта, оның өмірінен Құдайдың құдіретті ісі көрінбек! — деп жауап берді.
John Kaz 9:4  Сөзін астарлап жалғастырып: — Жарық барда, Мені Жібергеннің тапсырған игі істерін істеуіміз керек. Қараңғы түскен соң, ешкім еш нәрсе істей алмайды.
John Kaz 9:5  Осы дүниеде тұрған шағымда Мен адамзат үшін Құдайдың Нұрымын, — деді.
John Kaz 9:6  Осылай дегеннен кейін Ол жерге бір түкіріп, содан балшық жасап, зағиптың көзіне жақты да:
John Kaz 9:7  — Силоғам тоғанына бар да, жуып таста! — деп тапсырды. Силоғам аударғанда «Жіберілген кісі» деген сөз. Соқыр кісі барып, бетін жуды. Сонда оның көзі ашылып көретін болды. Содан адам үйіне қайта оралды.
John Kaz 9:8  Көршілері мен оның бұрын соқыр қайыршы болып жүргенін көргендер бір-біріне: «Мынау осы жерде қайыр сұрап отыратын адам емес пе?» — деп, қайран қалысты.
John Kaz 9:9  Кейбіреулері: «Сол», — десе, басқалары: «Жоқ, бұл соған ұқсас қана», — деді. Әлгі адам: «Мен соның дәл өзімін!» — деп тұрып алды.
John Kaz 9:10  Сонда кісілер одан:— Көзің қалай көріп кетті? — деп сұрады. Ол:
John Kaz 9:11  — Иса есімді Адам балшық жасап, көзіме жағып: «Силоғам тоғанына бар да, жуып таста!» — деді. Мен барып, бетімді жудым, сонда көретін боп шыға келдім! — деп жауап берді.
John Kaz 9:12  — Ол Адам қайда? — деп сұрады олар. Анау:— Мен білмеймін, — деді.
John Kaz 9:13  Содан жұрт бұрын соқыр болған адамды парызшылдарға алып барды.
John Kaz 9:14  Ал Иса балшық жасап, оның көзін ашқан күн діни демалыс күні болатын.
John Kaz 9:15  Парызшылдар да әлгі кісіден көзінің қалай көретін болғанын сұрады.— Ол көзіме балшық жақты. Мен бетімді жудым да, көретін боп шыға келдім! — деді ол.
John Kaz 9:16  Сонда парызшылдардың кейбіреулері: «Бұл Кісі Құдайдан келген емес, себебі Ол соқырды емдеуімен демалыс күнінің тәртібін бұзды», — десе, басқалары: «Күнәкар кісі осындай кереметтерді қалай істей алады?» — деді. Осылайша олар екі жақ болып бөлініп кетті.
John Kaz 9:17  — Сол Кісі көзіңді ашыпты дейді. Ол туралы не айтасың? — деп, олар зағип болған кісіге тағы бір сұрақ қойды. Анау былай деп жауап берді:— Ол — пайғамбар!
John Kaz 9:18  Алайда яһуди діндарлары көзі ашылған кісінің соқыр болып, енді көретіндігіне әлі де сенбегендіктен оның әке-шешесін шақыртып алдыртты.
John Kaz 9:19  Оларға:— Соқыр боп туды деген балаларың осы ма? Енді ол қалайша көретін болды? — деген сұрақ қойды.
John Kaz 9:20  Әке-шешесі оларға:— Бұның баламыз екенін және соқыр боп туғанын білеміз.
John Kaz 9:21  Ал енді ол қалай көретін болды, соны білмейміз. Көзін кім ашқанын да білмейміз. Өзінен сұраңыздар, бала емес қой, өзі айтып берсін, — деді.
John Kaz 9:22  Әке-шешесі яһуди басшыларынан қорыққандықтан осылай деді, өйткені солар: «Кім Исаны Құтқарушы Мәсіх деп таныса, сол мәжілісхана қауымынан шығарылсын!» — деп келісіп қойған болатын.
John Kaz 9:23  Осы себептен әке-шешесі «өзінен сұраңыздар, бала емес қой» деді.
John Kaz 9:24  Сонда парызшылдар бұрын соқыр болған жігітті екінші рет шақырып алып:— Құдай алдында шыныңды айт! Ана Кісінің күнәкар екенін білеміз, — деп тергеді.
John Kaz 9:25  — Ол күнәкар ма, жоқ па, соны білмеймін. Білетінім бір-ақ нәрсе: мен соқыр едім, енді көретін болдым! — деп жауап берді ол.
John Kaz 9:26  Парызшылдар тағы да:— Ол саған не істеді? Көзіңді қалай ашты? — деп сұрады.
John Kaz 9:27  — Мен сіздерге жаңа айттым ғой, бірақ тыңдаған жоқсыздар. Неменеге тағы да естігілеріңіз келеді? Мүмкін, сіздер де Соның жолын қуушы шәкірттері болғыларыңыз келетін шығар? — деп жауап қайырды ол.
John Kaz 9:28  Сонда парызшылдар оны балағаттап:— Соның шәкірті сенсің, ал біз Мұса пайғамбардың шәкірттеріміз!
John Kaz 9:29  Құдайдың Мұсамен сөйлескенін білеміз, ал ана Кісінің қайдан келгенін білмейміз, — деді.
John Kaz 9:30  — Оның қайдан келгенін білмейтіндеріңіз қызық екен. Ол менің көзімді ашты ғой.
John Kaz 9:31  Құдай күнәкарларға құлақ салмайды; бірақ кім Оны қастерлеп, еркін орындаса, Құдайдың соған құлақ салатынын білеміз.
John Kaz 9:32  Дүние жаратылғаннан бері іштен соқыр боп туған кісінің көзін біреу ашты дегенді бұған дейін ешкім естіген емес.
John Kaz 9:33  Құдайдан келмесе, осы Кісі ештеңе де істей алмас еді! — деп нық жауап берді бұрынғы зағип.
John Kaz 9:34  Әлгілер бұған қарсы шығып:— Сен тұла бойың түгел күнәкар боп тудың, енді бізге ақыл үйретпексің бе?! — деп, оны мәжілісханадан қуып шықты.
John Kaz 9:35  Иса діндарлардың әлгі кісіні қуып жібергені туралы естіді. Содан Ол оны тауып алған соң, оған:— Көктен келген Билеушіге сенесің бе? — деген сұрақ қойды.
John Kaz 9:36  — Мырза, Соның кім екенін айтыңызшы, мен Оған сенейін.
John Kaz 9:37  — Сен Оны көрдің, сенімен сөйлесіп тұрған — Соның Өзі.
John Kaz 9:38  — Ием, Сізге сенем! — деп, әлгі адам Оның аяғына жығылды.
John Kaz 9:39  Иса:— Мен бұл дүниеге «соқырлардың» көзі ашылсын, ал «көретіндер» «соқыр» болсын деп, айыру үшін келдім, — деді.
John Kaz 9:40  Бұл сөзді қасында тұрған бірнеше парызшылдар да естіп:— Сонда біз де «соқырмыз» ба? — деп сұрады.
John Kaz 9:41  Иса оларға былай деп жауап берді:— Егер де соқыр болсаңдар, кінәларың болмас еді. Ал қазір сендер «көзіміз көреді» деп мақтанғандықтан, кінәларың мойындарыңда қалады.