Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
JOHN
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 7
John Kaz 7:1  Содан кейін Иса Ғалилея аймағын аралап жүрді. Яһуди басшылары Оны өлтірмекші болған соң, Иса Яһудея аймағын аралағысы келмеді.
John Kaz 7:2  Бұл — яһуди халқының Күркелер мейрамының қарсаңы еді.
John Kaz 7:3  Сонда Исаның туған інілері Оған:— Яһудеяға бара бер, сол жердегі шәкірттерің де Сенің кереметтеріңді көрсін.
John Kaz 7:4  Халықтың көзіне түскісі келген кісі істерін жасырмайды. Сен осындай кереметтер істедің, енді Өзіңді әлемге таныт, — деді.
John Kaz 7:5  Себебі өз інілері Оған сенбейтін.
John Kaz 7:6  Сонда Иса оларға былай деді:— Өзімді халыққа танытатын уақытым әлі келген жоқ; ал сендер үшін қай мезгіл болса да дер кез.
John Kaz 7:7  Осы күнәкар дүние сендерді жек көре алмайды. Ал ол Мені жек көреді, өйткені Мен оның істерінің жаман екенін әшкерелеп жүрмін.
John Kaz 7:8  Сендер мейрамға бара беріңдер! Мен қазір бұл мейрамға бармаймын. Өзімді танытатын уақытым әлі келген жоқ. —
John Kaz 7:9  Иса осылай деп, Ғалилеяда қалып қойды.
John Kaz 7:10  Інілері мейрамға кеткен соң, халық көзінен тасаланып Иса да жолға шықты.
John Kaz 7:11  Яһуди басшылары: «Ол қайда?» — деп, Оны мерекеде іздеп жүрді.
John Kaz 7:12  Келген жұрт Ол туралы көп күңкіл сөз айтып жатты. Біреулері: «Ол жақсы», — десе, басқалары: «Жоқ, халықты азғырып жүр», — деді.
John Kaz 7:13  Бірақ яһуди басшыларынан қорыққандықтан, ешкім Ол туралы ашық айтпады.
John Kaz 7:14  Мейрамның жартысы өткен кезде Иса ғибадатхананың ауласына барып, жұртқа тәлім берді.
John Kaz 7:15  Яһуди діндарлары таңғалып:— Арнайы дайындықсыз Мынау Киелі жазбаларды қалай түсіне алады? — деді.
John Kaz 7:16  Иса оларға былай деп жауап берді:— Ілімім Менікі емес, Мені Жібергендікі.
John Kaz 7:17  Соның еркін орындағысы келген әркім осы ілім Құдайдан ба, әлде Мен өз бетіммен сөйлеп тұрмын ба, соны білетін болады.
John Kaz 7:18  Өз бетімен сөйлеген әркім өзінің ғана беделін ойлайды. Ал Өзін Жібергеннің беделін ойлаған Кісіге сенуге болады, Оның ойында әділетсіздік жоқ.
John Kaz 7:19  Сендерге Мұса пайғамбар Таурат заңын бермеп пе еді? Шындығында бірде-біреуің сол заңға бағынбайсыңдар. Әйтпесе неге Мені өлтірмексіңдер? —
John Kaz 7:20  Жұрт Оған:— Жын соқты ма? Кім Сені өлтірмек? — деп қарсылық білдірді.
John Kaz 7:21  Иса оларға былай деп жауап берді:— Мен (демалыс күні) бір керемет іс жасадым, ал бәрің соған абыржулысыңдар.
John Kaz 7:22  Мұса сүндеттеуді бұйырды. Расында бұл рәсім Мұсадан емес, одан бұрынғы ата-бабаларымыздан қалған. Сендер бұйрыққа сай балаларыңды туғаннан кейінгі сегізінші күні, демалыс күні болса да, сүндеттей бересіңдер.
John Kaz 7:23  Сонымен Мұсаның заңы бұзылмасын деп, балалар демалыс күні де сүндеттеліп келеді. Ендеше біреуді демалыс күні ауруынан құлантаза сауықтырғаным үшін қалайша Маған ашуланасыңдар?
John Kaz 7:24  Сырт көрінісіне ғана қарамай, әділ шешіңдер!
John Kaz 7:25  Сонда бірнеше иерусалимдік тұрғындар былай деді:— Басшылар өлтіреміз деп жүрген кісі Осы емес пе?
John Kaz 7:26  Қараңдар, Ол емін-еркін де ашық сөйлейді, ал Оған ештеңе демейді. Сонда Оның Мәсіх екеніне басшылардың көздері шынымен жеткені ме?
John Kaz 7:27  Мәсіх келгенде, Оның қай жақтан шығатынын ешкім білмейді. Ал Мынаның қай жерлік екенін білеміз ғой.
John Kaz 7:28  Сол кезде ғибадатханада тәлім беріп отырған Иса қатты дауыспен:— Менің кім екенімді, қайдан шыққанымды білесіңдер ме? Мен өз бетіммен келген жоқпын. Бірақ Мені жіберген — сендер білмейтін Ақиқаттың Өзі.
John Kaz 7:29  Ал Мен Оны білемін, себебі Содан келдім, Мені Сол жіберді, — деді.
John Kaz 7:30  Содан біреулер Оны тұтқындамақ болды, бірақ Оған қарсы ешқайсысы қол көтермеді. Өйткені Исаның өз жанын қиятын уақыты әлі жетпеген еді.
John Kaz 7:31  Ал халықтың көбі: «Құтқарушы Мәсіх келгенде, Ол Бұдан артық кереметтер көрсетер деймісің?» — деп, Исаға сене бастады.
John Kaz 7:32  Халық арасында осындай күңкіл болғаны парызшылдардың құлағына жетті. Сонда басты діни қызметкерлер мен парызшылдар Исаны тұтқындауға сақшыларын жіберді.
John Kaz 7:33  Ал Иса оларға:— Тағы біразырақ уақыт араларыңда боламын, содан кейін Өзімді Жібергенге қайта ораламын.
John Kaz 7:34  Мені іздесеңдер де, таба алмайтын боласыңдар. Себебі Мен болатын жерге сендер бара алмайсыңдар, — деді.
John Kaz 7:35  Сонда яһуди діндарлары өзара былай десті:— Біз Оны таба алмайтындай Бұл қайда бармақшы? Шетелге тарап кеткен яһудилерге барып, басқа ұлттарға да тәлім бермекші ме?
John Kaz 7:36  Оның «Мені іздесеңдер де, таба алмайтын боласыңдар» және «Мен болатын жерге сендер бара алмайсыңдар» дегені не сөз?
John Kaz 7:37  Мейрам соңындағы ең ұлы күні Иса ел алдында тұрып:— Кімнің жаны шөлдесе, сол Маған келіп, «ішсін»!
John Kaz 7:38  Кім Маған сенсе, (келіп, шөлін қандырып су ішсін!) Киелі жазбаларда бұл туралы мына тәрізді сөздер айтылған: оның жүрегінен өмір беретін «су» тасқындап ағады, — деді.
John Kaz 7:39  Иса бұларды Киелі Рух туралы айтты; Оны Исаға сенгендер кейінірек қабылдады. Құдай Исаның ұлылығын адамдарға әлі білдірмегендіктен, Өзінің Киелі Рухын сенушілерге әлі де қондырмаған еді.
John Kaz 7:40  Исаның сөзін естіген кейбіреулер:— Шынында да Бұл — келуге тиісті Пайғамбар! — деді.
John Kaz 7:41  Басқалары:— Ол — Құтқарушы Патшамыз Мәсіх! — дегенді айтты. Енді біреулері:— Ал Мәсіх Ғалилея аймағынан келуші ме еді?
John Kaz 7:42  Киелі жазбаларда Мәсіх Дәуіт патшаның әулетінен, оның атамекені Бетлехемнен шығады делінген емес пе? — деп күмән келтірді.
John Kaz 7:43  Осылай ел арасында Иса туралы араздық туды.
John Kaz 7:44  Бірнешеуі Оны тұтқындамақ болды, бірақ ешқайсысы Оған қарсы қол көтермеді.
John Kaz 7:45  Исаны тұтқындауға жіберілген сақшылар қайта оралғанда басты діни қызметкерлер және парызшылдар олардан:— Неге Оны алып келмедіңдер? — деп сұрады.
John Kaz 7:46  Сақшылар:— Бірде-бір адам Ол сияқты сөйлеген емес! — деді.
John Kaz 7:47  Сонда парызшылдар:— Ол сендерді де алдап кеткен бе?!
John Kaz 7:48  Басшылар мен парызшылдардың арасында Оған сенетін біреудің болғаны ма?!
John Kaz 7:49  Оған Таурат заңын білмейтін, қарғыс атқан қара халық қана сенеді! — деп зекіді.
John Kaz 7:50  Парызшылдардың біреуі — бірде түн ішінде Исаға келіп кеткен Нікөдем де сол жерде болды. Ол басқаларға қарсы шығып:
John Kaz 7:51  — Таурат заңымыз бойынша біреуден жауап алып тексермей, оған үкім шығаруға бола ма? — деді.
John Kaz 7:52  Олар Нікөдемге:— Сен де ғалилеялық шығарсың? Киелі жазбаларды зерттеп шық: Ғалилеядан пайғамбар шықпайды, соны біліп қой! — деді.
John Kaz 7:53  Мұнан кейін жиналыс аяқталып, бәрі өз үйлеріне кетті.