Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
ACTS
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 21
Acts Kaz 21:1  Олардан айырылысқаннан кейін біз теңізге қайта шығып, тура жүзе отырып Қос аралына, ертеңінде Родосқа, ал одан Патараға жеттік.
Acts Kaz 21:2  Сол қаладан Финикия еліне тіке баратын бір кеме тауып алып, соған отырып, жүріп кеттік.
Acts Kaz 21:3  Кипр аралы көрінгенде, оны оңтүстік жағынан айналып өтіп, Сирияға беттедік те, Тирге келіп тоқтадық. Себебі кеме сол қалаға жүгін түсіретін еді.
Acts Kaz 21:4  Иеміздің жолын қуушы шәкірттерін тауып алып, олармен жеті күн болдық. Киелі Рухтан хабар алған олар Пауылға «Иерусалимге бармай-ақ қойыңыз» дей берді.
Acts Kaz 21:5  Әйтсе де, сол күндер өткен соң сапарымызды әрі қарай жалғастырдық. Сенушілердің бәрі әйелдерімен, бала-шағасымен бізді қаланың сыртына дейін шығарып салды. Жаға бойында тізе бүгіп мінажат еттік.
Acts Kaz 21:6  Бір-бірімізбен қош айтысқаннан кейін біз кемеге отырдық, ал олар үйлеріне қайтты.
Acts Kaz 21:7  Тирден шығып, Птолемайс қаласына жеткен соң, мұндағы бауырластармен амандасып, бір күн бірге болдық.
Acts Kaz 21:8  Ертеңіне Кесарияға бардық. Сол қалада біз Иерусалим қауымының жеті қызметшісінің бірі — Ізгі хабарды уағыздаушы Філіптің үйіне түсіп, сонда қалдық.
Acts Kaz 21:9  Оның тұрмысқа шықпаған төрт қызы да пайғамбарлық сөз айтады екен.
Acts Kaz 21:10  Біз Кесарияда бірнеше күн болғаннан кейін, Яһудея аймағынан Агаб есімді пайғамбар келді.
Acts Kaz 21:11  Ол қасымызға келіп, Пауылдың белбеуін алып, сонымен өз аяқ-қолдарын байлады да:— Киелі Рух былай дейді: осы белбеудің иесін Иерусалимдегі яһудилер дәл осылай байлап, басқа ұлт адамдарының қолына ұстап береді, — деді.
Acts Kaz 21:12  Осыны естіген біз және жергілікті бауырластар Пауылдан:— Иерусалимге бармай-ақ қойыңыз, — деп өтіндік.
Acts Kaz 21:13  Бірақ ол:— Неменеге жылап, жүрегімді ауыртып тұрсыңдар? Мен Иеміз Исаның атын жариялау үшін Иерусалимде қол-аяғымды байлатпақ түгіл, жанымды қиюға да дайынмын, — деп жауап берді.
Acts Kaz 21:14  Оны көндіре алмағаннан кейін, біз тынышталып:— Иеміздің еркі болсын! — дедік.
Acts Kaz 21:15  Осыдан кейін біз жолға дайындалып, Иерусалимге қарай өрледік.
Acts Kaz 21:16  Кесариядан бірнеше бауырластар еріп, бізді бастапқы кезден бері Иеміздің жолын қуып келген Мынасон есімді кипрлікке алып барды. Бізге соның үйінде қонуға тура келді.
Acts Kaz 21:17  Иерусалимге жеткенде, сондағы бауырластар бізді құшақ жая қарсы алды.
Acts Kaz 21:18  Ертеңіне біз Пауылмен бірге Жақыпқа бардық, қауымның барлық басқа жетекшілері де сонда жиналды.
Acts Kaz 21:19  Олармен сәлемдескен соң Пауыл өзінің қызметі арқылы Құдайдың басқа ұлттар арасында не істегенін егжей-тегжейлі айтып берді.
Acts Kaz 21:20  Оны тыңдап болған соң, бәрі Құдайды дәріптеп мадақтады.Содан кейін олар Пауылға былай деді:— Уа, бауырласымыз, мынаны білесің: сан мыңдаған яһудилер Иемізге сенеді, барлығы да — Таурат заңын қызу жақтап, қатаң ұстанушылар.
Acts Kaz 21:21  Олар сен туралы: «Шетелде тұратын күллі яһудилерге: Мұса арқылы берілген Таурат заңынан бас тартып, балаларыңды сүндеттемеңдер, басқа да әдет-ғұрыптарымызды ұстамаңдар деп үйретіп жүр» деген хабар алды.
Acts Kaz 21:22  Ал бұған не істейік? Халықтың сенің осында екеніңді біліп, жиналатыны сөзсіз.
Acts Kaz 21:23  Сондықтан айтатынымызға құлақ сал! Арамызда назир антын берген төрт кісі бар.
Acts Kaz 21:24  Соларды ертіп алып, тазару рәсімін бірге жаса. Сондай-ақ шаштарын алдырулары үшін қажетті құрбандықтың құнын өзің төле. Сонда бәрі сен туралы естігендерінің жалған екеніне, қайта, өзіңнің де Таурат заңын орындап жүргеніңе көз жеткізетін болады.
Acts Kaz 21:25  Ал басқа ұлттық сенушілерге келсек, біз қабылдаған шешіміміз туралы жазып жібердік қой: олар жалған тәңірлерге арналған құрбандықтардан, қаннан, арам өлген малдың етінен және неке адалдығын бұзудан аулақ жүруге тиіс.
Acts Kaz 21:26  Сонымен Пауыл келесі күні әлгі кісілерді ертіп алып, бірінші тазару рәсімінен бірге өтті. Содан кейін ғибадатханаға барып, тазару мерзімінің аяқталып, әрқайсысы үшін құрбандық шалынатын күнді діни қызметкерге хабарлады.
Acts Kaz 21:27  Тазару мерзімінің жеті күні аяқталар шақта, Азия аймағынан келген яһудилер Пауылды ғибадатханада көріп, халықты оған қарсы айдап салды. Олар Пауылды ұстап алып, былай деп айқайлады:
Acts Kaz 21:28  «Уа, исраилдік ер азаматтар, келіп, көмектесіңдер! Мына кісі барлық жерде біздің халыққа, Таурат заңымызға және осы жерге қайшы ілімін таратып жүр. Оның үстіне өзге ұлт адамдарын ғибадатханаға кіргізіп, киелі жерді арамдады!
Acts Kaz 21:29  Себебі олар осының алдында Пауылдың қалада ефестік Трофиммен бірге жүргенін көріп, сол шетелдікті ғибадатхананың ішкі ауласына алып келген екен деп ойлады.
Acts Kaz 21:30  Бүкіл қала толқып, халық жан-жақтан ағылып жиналды. Олар Пауылға бас салып, оны ғибадатханадан сүйреп шығарды. Сол заматта-ақ ғибадатхананың қақпалары жабылып қалды.
Acts Kaz 21:31  Олар Пауылды өлтірмекші болып жатқанда, Рим әскерінің мыңбасына: «Бүкіл Иерусалим бүлік шығарып жатыр!» — деген хабар жетті.
Acts Kaz 21:32  Ол дереу жасақшылар мен жүзбасыларын алып, тобыр жиналған жерге қарай асықты. Әлгі адамдар мыңбасы мен жасақшыларды көргенде, Пауылды ұрып-соғуларын доғарды.
Acts Kaz 21:33  Мыңбасы жақындап келіп, Пауылды тұтқынға алды да, екі шынжырмен қол-аяғын бұғаулауға бұйырды. Бұдан кейін адамдардан Пауылдың кім екенін, оның не істегенін сұрады.
Acts Kaz 21:34  Жиналған тобырдың ішінен біреулері анау деп, біреулері мынау деп айқайлап жатты. Осындай у-шуда жөнді жауап ала алмаған соң, мыңбасы Пауылды қамалға айдап әкетуге әмір етті.
Acts Kaz 21:35  Пауыл баспалдаққа жетіп қалғанда, ашулы халық қыспаққа алғандықтан жасақшылардың оны көтеріп жүрулеріне тура келді.
Acts Kaz 21:36  Өйткені үлкен тобыр артынан қалмай: «Оны өлтіріңдер!» — деп айқайлай берді.
Acts Kaz 21:37  Жасақшылар Пауылды қамалға кіргізейін дегенде, ол мыңбасына тіл қатып:— Сізге бір сөз айтуға бола ма? — деді. Анау қатты таңғалып:— Сен грекше білесің бе?
Acts Kaz 21:38  Демек, сен біраздан бұрын көтеріліс ұйымдастырып, төрт мың қарақшыны айдалаға жетелеп кеткен мысырлық емессің ғой? — деп сұрады.
Acts Kaz 21:39  Пауыл:— Жоқ, мен яһудимін, Кіликияның танымал қаласы Тарстың азаматымын. Маған халыққа арнап сөз сөйлеуге рұқсат етсеңіз екен, — деді.
Acts Kaz 21:40  Әскербасы рұқсат берген соң, Пауыл баспалдақ сатысында тұрған күйі қолын жоғары көтеріп, халыққа белгі берді. Тыныштық орнағанда, оларға еврейше сөзін бастады: