Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
ACTS
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 19
Acts Kaz 19:1  Аполлос Қорынтта болған кезде, Пауыл Кіші Азияның таулы өңірлерін аралап жүріп, соңында Ефеске жетті. Сол жерде ол Иеміздің бірнеше шәкірттеріне кездесті.
Acts Kaz 19:2  Пауыл олардан:— Сендер сенген кезде Киелі Рухты қабылдадыңдар ма? — деп сұрады. Шәкірттер:— Киелі Рухтың бар екендігі туралы естіген де емеспіз, — деп жауап берді.
Acts Kaz 19:3  Ал Пауыл:— Кімнің суға шомылдыру рәсімінен өттіңдер? — деп сұрады. Олар:— Жақияның рәсімінен, — деп жауап қайтарды.
Acts Kaz 19:4  Сонда Пауыл былай деп түсіндірме берді:— Жақия адамдарды теріс жолдан қайтарып шомылдыру рәсімінен өткізгенде оларға: «Менен кейін келетін Кісіге сеніңдер!» деп айтты. Сол Кісі Иса болатын.
Acts Kaz 19:5  Шәкірттер осыны естігенде Иеміз Исаның атымен шомылдыру рәсімінен өтті.
Acts Kaz 19:6  Пауыл үстеріне қолын қойғанда, оларға Киелі Рух қонды; содан бұлар бөтен тілдерде сөйлеп, Құдайдың хабарларын жеткізе бастады.
Acts Kaz 19:7  Олардың барлығы шамамен он екі ер адам еді.
Acts Kaz 19:8  Пауыл үш ай бойы мәжілісханаға барып, именбей, емін-еркін уағыз айтып, адамдармен сөйлесіп, Құдай Патшалығы туралы шындыққа сенерліктей дәлел келтіріп берді.
Acts Kaz 19:9  Алайда кейбіреулері қасарысып, Иемізге сенгісі келмей, Оның ізгі жолына ел алдында тіл тигізе бастады. Сонда Пауыл бұлардан бөлініп кетті де, Иеміздің шәкірттерін олардан айырып алды. Бұдан былай ол Тиран есімді кісінің дәрісханасында күн сайын тәлім беріп жүрді.
Acts Kaz 19:10  Бұл екі жылға созылып, яһудилер болсын, гректер болсын Азия аймағының барлық тұрғындары Иеміз туралы Ізгі хабарды естіді.
Acts Kaz 19:11  Құдай Пауыл арқылы айрықша құдіретті кереметтер де жасады:
Acts Kaz 19:12  адамдар тіпті Пауылдың жұмысқа киген алжапқышын немесе беторамалын алып, науқастардың үстіне жапқанда, олар ауруларынан айығып, бойларын буған жындарынан құтылды.
Acts Kaz 19:13  Ал ел аралап, адамдардан жындарын қуып шығарушы кейбір яһудилер жын буғандар үшін дұға оқып, Иеміз Исаның атын қолдана бастады:— Саған Пауыл уағыздап жүрген Иса арқылы бұйырамын, — деді.
Acts Kaz 19:14  Яһуди бас діни қызметкер әулетінен шыққан Скеуаның жеті ұлы осылай істеп жүрді.
Acts Kaz 19:15  Алайда бірде жын бұларға жауап беріп:— Исаны білемін, Пауыл да маған таныс, ал сендер кімсіңдер? — деді.
Acts Kaz 19:16  Содан жыны бар кісі оларға бас салып, жерге жығып, бәрін де жеңіп шықты. Ағайындылар сол үйден жалаңаш, ұрылған-соғылған күйі қашып шықты.
Acts Kaz 19:17  Бұл оқиға Ефесте тұратын барлық яһудилер мен гректерге мәлім болып, бәрін үрей биледі. Ал Иеміз Исаның даңқы арта түсті.
Acts Kaz 19:18  Сенушілердің көбі келіп, күнәлі іс-әрекеттерін ашық мойындады.
Acts Kaz 19:19  Бақсы-балгерлікпен айналысып келгендердің бірсыпырасы сиқырлық кітаптарын әкеліп, барлығының көз алдында өртеп жіберді. Кітаптардың құнын есептегенде, елу мың күміс теңге болды.
Acts Kaz 19:20  Иеміздің Ізгі хабары осылай кең тарап, құдіретін көрсетті.
Acts Kaz 19:21  Осы оқиғалардан кейін Пауыл Киелі Рухтың жетелеуімен (грек елінің) Македония мен Ахая өлкелері арқылы Иерусалимге баратын шешімге келді. «Сонда болғаннан кейін Римге де соғуға тиістімін», — деді.
Acts Kaz 19:22  Көмекшілерінің арасынан Тімоте мен Ераст екеуін Македонияға жіберіп, өзі тағы біраз уақыт Азия аймағында қала тұрды.
Acts Kaz 19:23  Сол кезде (аймақ орталығы) Ефесте Иеміздің жолына қарсы үлкен толқу болып жатты.
Acts Kaz 19:24  Деметір есімді күміс зергері жергілікті шеберлерге әйел тәңір Артемидаға арналған киелі үйдің күміс кейіптерін жасатып, олардың көп кіріс келтірулеріне жағдай туғызған еді.
Acts Kaz 19:25  Деметір шеберлерді және олардың көмекшілерін жинап алып, оларға былай деді:— Уа, ер азаматтар, біздің жақсы тұрмысымыздың осы кәсібімізге байланысты екенін білесіңдер.
Acts Kaz 19:26  Сендер мына Пауыл дегеннің Ефесте ғана емес, тіпті бүкіл Азиядағы көптеген кісілерді өз дегеніне көндіріп, адастырып жүргенін естіп-көріп жүрсіңдер. Ол адамдарға: «Қолдан жасалған тәңірлер шынайы құдай емес» дегенді айтып жүр.
Acts Kaz 19:27  Бұл біздің кәсібіміздің жақсы атына ғана қауіп туғызбай, ұлы әйел тәңір Артемидаға арналған ғибадатхана да өз беделінен ада болып, тіпті Азия мен бүкіл дүние жүзі табынатын әйел тәңірдің өзі де ұлы даңқынан айырылып қалады! —
Acts Kaz 19:28  Осыны естігенде зергерлерді ашу кернеп, олар:— Ефестің Артемидасы даңқталсын! — деп айқайлай бастады.
Acts Kaz 19:29  Бүкіл қала қозғалысқа түсті. Адамдар Пауылдың Гай мен Арыстарқ есімді македониялық серіктерін ұстап алып, сүйрелеп, бәрі бір адамдай ойын-сауық алаңына қарай лап қойды.
Acts Kaz 19:30  Пауыл халық алдына шыққысы келіп еді, бірақ сенушілер оны жіберген жоқ.
Acts Kaz 19:31  Пауылмен достасқан Азия аймағы әкімшілігінің кейбір уәкілдері де оған алаңға жоламасын деген ескерту жіберді.
Acts Kaz 19:32  Алаңда жиналғандардың біреулері анау деп, біреулері мынау деп айқайлап, шым-шытырық болды. Көпшілігі тіпті бұл жерге не үшін жиналғандарын білген де жоқ.
Acts Kaz 19:33  Яһудилердің ұсынысымен Ескендір тобырдың ішінен алға шығарылды. Ескендір қолымен тыныштыққа шақырып, халыққа арнап сөз сөйлемек болды.
Acts Kaz 19:34  Ал жиналғандар оның яһуди екенін білгенде, бәрі бірауыздан екі сағат бойы:— Ефестің Артемидасы даңқталсын! — деп айқайлап тұрып алды.
Acts Kaz 19:35  Ақыр соңында қаланың хатшысы халықты тыныштандырып, былай деді:— Уа, ефестік ер азаматтар! Ұлы Артемиданың «аспаннан түскен бейнесінің» және оған арналған ғибадатхананың сақтаушысы — Ефес қаласы! Соны әлемдегі кім білмейді?!
Acts Kaz 19:36  Бұл — даусыз нәрсе ғой! Сондықтан тыныштық сақтап, еш ағаттық істемегендерің дұрыс!
Acts Kaz 19:37  Мына кісілерді осында алып келдіңдер. Олар ғибадатхананы тонаған да емес, әйел тәңірімізге тіл тигізген де емес.
Acts Kaz 19:38  Егер де Деметір мен оған еріп келген шеберлердің біреудің үстінен шағымдары болса, сол үшін сот мәжілістері және аймақ әміршілері бар. Олар өзара арыз-шағымдарын сонда апарсын!
Acts Kaz 19:39  Ал тағы басқа мәселені көтергілерің келсе, ол заңды мәжілісте шешіледі.
Acts Kaz 19:40  Бүгінгі оқиғаға байланысты «көтеріліске шықтыңдар» деген айып басымызға төніп тұр. Себебі осы толқу жөнінде бізді ақтап алар еш сылтау жоқ.Хатшы осылай деп, жиналысты таратып жіберді.