Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
ACTS
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 10
Acts Kaz 10:1  Сол кезде Кесарияда Корнел есімді кісі тұратын. Ол «Италиялық жасақ» деп аталған әскер бөлімінің жүзбасы еді.
Acts Kaz 10:2  Үй ішімен шын жүректен Құдайды қастерлейтін Корнел яһуди халқының кәріп-қасерлеріне көп қайырымдылық жасап, ұдайы Құдайға сиынып мінажат етіп жүретін.
Acts Kaz 10:3  Бір күні түс қайта сағат үш шамасында Корнел Құдайдың бір періштесінің берген аянын анық көрді. Періште үйге кіріп, Корнелдің қарсы алдына тұра қалып:— Корнел! — деп тіл қатты.
Acts Kaz 10:4  Одан көз алмай, шошып кеткен жүзбасы:— Мырза, не істеуім керек? — деп сұрады. Періште:— Сенің еткен мінажатың және жарлыларға көрсеткен қайырымдылығың Құдай алдына жетті; Ол соларды мейірлене ескереді.
Acts Kaz 10:5  Енді біреулерді Иоппеге жіберіп, Шимон Петір деген адамды шақырт.
Acts Kaz 10:6  Ол тері илеуші Шимонның теңіз жағасындағы үйінде тұрып жатыр, — деп жауап берді.
Acts Kaz 10:7  Өзімен сөйлескен періште ғайып болып кеткеннен кейін Корнел қызметшілерінің екеуін және өзіне қызмет етіп жүрген жасақшыларының біреуін шақырып алды; ол да Құдайды қастерлейтін кісі еді.
Acts Kaz 10:8  Соларға бәрін айтып түсіндіріп, Иоппеге жіберді.
Acts Kaz 10:9  Келесі күні бұлар қалаға жақындап қалғанда, Петір түс кезінде мінажат ету үшін үйдің төбесіне көтерілді.
Acts Kaz 10:10  Оның қарны ашып, тамақ жегісі келіп кетті. Ас дайындалып жатқан кезде Петір бір ерекше күйге енді.
Acts Kaz 10:11  Сонда ол көктің ашылып, одан үлкен дастарқанға ұқсас бір нәрсенің төмендеп келе жатқанын көрді; дастарқан төрт бұрышынан ұсталған күйі жерге қарай түсіріліп келе жатты.
Acts Kaz 10:12  Оның ішінде алуан түрлі төрт аяқты жануарлар, бауырымен жорғалаушылар және жабайы құстар бар екен.
Acts Kaz 10:13  Бір дауыс:— Петір, тұр, бұлардың біреуін сойып, же! — деп бұйырды.
Acts Kaz 10:14  Петір:— Жоқ, Ием! Мен ешқашан да арам тамақ жеген емеспін, — деп жауап берді.
Acts Kaz 10:15  Дауыс екінші рет естіліп:— Құдай адал еткенді сен арам деп айтпа! — деді.
Acts Kaz 10:16  Осы көрініс үш рет қайталанып, содан дастарқан дереу көкке көтеріліп кетті.
Acts Kaz 10:17  Петір көрген аянының нені білдіретінін түсіне алмай тұрғанда, Корнел жіберген адамдар Шимонның үйін іздеп, қақпа алдына тоқтады.
Acts Kaz 10:18  Олар: «Осы үйде Шимон Петір деген қонақ бар ма екен?» — деп дауыстап сұрады.
Acts Kaz 10:19  Петір көрген аяны туралы әлі ойланып тұрғанда, Киелі Рух оған: «Қарашы, сені үш кісі іздеп келді.
Acts Kaz 10:20  Орныңнан тұрып, жерге түс; ойланбай-ақ солармен бірге жолға шық! Себебі оларды Мен жібердім», — деп тапсырды.
Acts Kaz 10:21  Петір төмен түсіп, келген адамдарға жолығып:— Сендер іздеп жүрген кісі менмін. Бұл жерге не себептен келдіңдер? — деп сұрады.
Acts Kaz 10:22  Олар былай деді:— Бізді Корнел есімді жүзбасы жіберді. Ол — әділ, Құдайды қастерлейтін және бүкіл яһуди халқы сыйлайтын кісі. Оған Құдайдың қасиетті періштесі сізді өз үйіне шақырып, айтқан сөздеріңізге құлақ асуды бұйырған еді. —
Acts Kaz 10:23  Петір оларды үйге шақырып, қонақ қылды. Келесі күні дайындалып, солармен бірге жолға шықты. Иоппедегі бауырластарының біразы оған еріп жүрді.
Acts Kaz 10:24  Бір күннен кейін олар Кесарияға жетті. Корнел барлық туған-туысқандары мен жақын достарын үйіне шақырып, бұларды күтіп отыр екен.
Acts Kaz 10:25  Петір үйге кіргенде, Корнел оның алдынан шығып құрметтеп, аяғына жығылды.
Acts Kaz 10:26  Петір: «Түрегеліңіз, мен де сіз сияқты пендемін», — деп, оны тұрғызып алды.
Acts Kaz 10:27  Корнелмен сөйлескен бойы үйге кірді. Үй толы кісі екенін көріп,
Acts Kaz 10:28  Петір оларға былай деп тіл қатты:— Мен сықылды яһудиге басқа халықтың адамымен араласуға не үйіне кіруге дініміздің ережелері арқылы тыйым салынған, мұны білесіздер. Бірақ Құдай маған ешбір адамға «қасиетсіз яки арам» деп қарамау керек екенін білдірді.
Acts Kaz 10:29  Сондықтан мен шақыруларыңыздан бас тартпай, осы жерге келіп тұрмын. Ал енді мені не себептен шақырғандарыңызды білгім келеді.
Acts Kaz 10:30  Сонда Корнел былай деді:— Үш күн бұрын мен үйде Құдайға сиынып мінажат етіп отырған едім. Уақыт қазіргі сияқты түстен кейінгі сағат үштің кезі болатын. Кенеттен киімдері жарқыраған бір ер адам алдыма тұра қалып:
Acts Kaz 10:31  «Корнел, сенің мінажатың Құдайдың құлағына жетіп, жарлыларға көрсеткен қайырымдылығыңды Ол мейірлене ескереді.
Acts Kaz 10:32  Біреулерді Иоппеге жіберіп, Шимон Петірді шақырт. Ол тері илеуші Шимонның теңіз жағасындағы үйінде тұрып жатыр», — деді.
Acts Kaz 10:33  Содан мен сізге дереу кісі жібердім, келгеніңіз өте жақсы болды. Қазір бәріміз осы жерде Құдай алдында отырып, Иеміздің сізге айтуға тапсырған барлық сөздерін тыңдағымыз келеді.
Acts Kaz 10:34  Сонда Петір былай деп сөзін бастады:— Құдайдың адамның бет-жүзіне қарамайтынын енді шынымен біліп алдым.
Acts Kaz 10:35  Ол әр ұлттың Өзін қастерлеп, әділдікке сай әрекет ететіндерін қабылдайды.
Acts Kaz 10:36  Құдай Исраил халқына Өзінің Иса Мәсіх арқылы адамзатпен татуласуы жайлы Ізгі хабарды жіберді: Мәсіх — бәрінің де Иесі!
Acts Kaz 10:37  Жақия адамдардың шомылдыру рәсімінен өтуі туралы уағыз айтқан еді; содан кейін Ғалилеядан бастап барлық яһуди елінде болған оқиғаларды да білесіздер:
Acts Kaz 10:38  Құдай Өзінің Киелі Рухы мен құдіретін назареттік Исаға дарытты. Ол игі істер жасап, шайтанның құрсауындағы адамдарды азат етіп сауықтырып, ел аралап жүрді, өйткені Құдай Оған жар болды.
Acts Kaz 10:39  Біз Исаның яһуди елінде және Иерусалимде істеген істерінің бәріне куәміз. Ал соңында дұшпандары Оны ағашқа шегелеп іліп өлтірді.
Acts Kaz 10:40  Алайда үшінші күні Құдай Исаны қайта тірілтіп алып, бүкіл халыққа емес, Өзі куә болуға алдын ала таңдап алған біздерге көрсетті. Иса өлімнен қайта тірілгеннен кейін біз Онымен дастарқандас болып бірге ішіп-жедік.
Acts Kaz 10:41  Алайда үшінші күні Құдай Исаны қайта тірілтіп алып, бүкіл халыққа емес, Өзі куә болуға алдын ала таңдап алған біздерге көрсетті. Иса өлімнен қайта тірілгеннен кейін біз Онымен дастарқандас болып бірге ішіп-жедік.
Acts Kaz 10:42  Ол бізге халыққа: «Құдайдың тірілер мен өлілерді соттауға тағайындаған Кісісі — Сол!» — деп жариялап, куәлік келтіруге әмір етті.
Acts Kaz 10:43  Барлық пайғамбарлар Иса туралы: «Оған сенген әркімнің күнәлары Оның арқасында кешіріледі» дегенге алдын ала куәлік келтірген.
Acts Kaz 10:44  Петір осы сөздерді әлі айтып тұрған кезде, Ізгі хабарды тыңдап тұрғандардың бәріне Киелі Рух қонды.
Acts Kaz 10:45  Петірмен бірге келген сенуші яһудилер Құдайдың басқа ұлт адамдарының да үстіне Өзінің Киелі Рухын құйып сыйлағандығына қатты таңғалды.
Acts Kaz 10:46  Себебі олар солардың түрлі тілдерде сөйлеп, Құдайды мадақтап тұрғандарын естіді. Сонда Петір:
Acts Kaz 10:47  — Мыналардың суға шомылдыру рәсімінен өтулеріне тыйым салуға бола ма? Олар да Киелі Рухты біз сияқты қабылдады ғой! — деп жауап беріп,
Acts Kaz 10:48  оларды Исаның атынан шомылдыру рәсімінен өткізуге бұйырды. Мұнан кейін олар Петірден бірнеше күнге араларында қалуын өтінді.