Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
II SAMUEL
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 11
II S Kaz 11:1  Келесі жылғы көктемде, патшалар жорыққа шығатын уақытта Дәуіт Жоғабты, өзінің қызметшілерін және Исраилдің бүкіл әскерін жауға қарсы аттандырды. Олар аммондықтарды жаппай қырып, астаналары Раббаны қоршап алды. Бірақ Дәуіттің өзі Иерусалимде қалып қойды.
II S Kaz 11:2  Бір күні кешке қарай Дәуіт төсегінен тұрып, сарайының төбесінде әрлі-берлі жүрді. Төмен қараған ол шомылып жатқан бір әйелді көрді. Әйел өте сұлу екен.
II S Kaz 11:3  Дәуіт ол туралы сұрастыру үшін біреуді жіберіп, оның Елиямның қызы, хеттік Ұрияның әйелі Барсабия екенін біліп алды.
II S Kaz 11:4  Сонда Дәуіт хабаршыларын жіберіп, оны алдыртты. Әйел келіп, Дәуіт онымен бірге болды. Кейін әйел үйіне қайтып кетті. Бұдан бірнеше күн бұрын ғана ол айлық етеккірінен тазарған болатын.
II S Kaz 11:5  Содан әйел жүкті болып қалып, Дәуітке: «Аяғым ауыр», — деген хабар жіберді.
II S Kaz 11:6  Сонда Дәуіт соғысып жатқан Жоғабқа: «Маған хеттік Ұрияны жеткіз!» — деген бұйрық жолдап, Жоғаб сол кісіні Дәуітке жіберді.
II S Kaz 11:7  Ұрия оның алдына келгенде, Дәуіт одан Жоғаб пен әскердің жағдайы туралы және соғыстың қалай өтіп жатқандығы жайлы сұрастырды.
II S Kaz 11:8  Дәуіт соңынан Ұрияға: «Үйіңе барып, жуынып-шайынып демал!» — деді. Ұрия сарайдан шығып кеткеннен кейін патша оның артынан дәмді тамақ пен ішімдік жіберді.
II S Kaz 11:9  Бірақ Ұрия үйіне бармай, патша иесінің басқа да қызметшілерімен бірге сарайдың кіреберісінің жанында түнеп шықты.
II S Kaz 11:10  «Ұрия үйіне барған жоқ!» — дегенді естіген кезде, Дәуіт оны қасына шақырып алып:— Алыс жолдан келдің ғой. Неге үйіңе барып, демалмайсың? — деп сұрады.
II S Kaz 11:11  Ал Ұрия жауап қайтарып:— Келісім сандығы және Исраил мен Яһуда әскері шатырларда тұр. Жоғаб төрем және патша иемнің қызметшілері ашық далада түнеп жүр. Сонда мен үйіме барып, ішіп-жеп, әйеліммен бірге бола аламын ба? Сіздің алдыңызда шын айтамын: мен мұндай нәрсені істемеймін! — деп ант етті.
II S Kaz 11:12  Сонда Дәуіт:— Олай болса, бүгін де осында қал, ал ертең сені қайтарып жіберемін, — деді. Сонымен Ұрия сол күні Иерусалимде қалып қойды. Келесі күні
II S Kaz 11:13  Дәуіт оны ішіп-жесін деп шақырып, тойдыра мас қылды. Алайда кешке Ұрия тағы да өз үйіне бармай, патша иесінің қызметшілерімен бірге түнеді.
II S Kaz 11:14  Сондықтан Дәуіт таңертең Жоғабқа хат жазып, оны Ұриядан беріп жіберді.
II S Kaz 11:15  Хатында ол былай деді: «Ұрияны ең қатты шайқас болып жатқан майданның алдыңғы шебіне қойып, оны өлімге қалдырып, өздерің кері шегініп кетіңдер!»
II S Kaz 11:16  Содан Жоғаб қоршалған қаланың ең мықты жауынгерлері орналасқан жеріне Ұрияны қойды.
II S Kaz 11:17  Қаланың адамдары шығып, Жоғабқа шабуыл жасады. Сонда Дәуіттің бірнеше жауынгері қаза тауып, ішінде хеттік Ұрия да болды.
II S Kaz 11:18  Жоғаб Дәуітке шайқас туралы толық мәлімет жібермек болып,
II S Kaz 11:19  хабаршысына былай деп нұсқау берді:— Болған шайқас туралы айтып болғаныңда
II S Kaz 11:20  патша ашуланып, саған «Қалаға неге тым жақындадыңдар, қабырғадан ататынын білмедіңдер ме?
II S Kaz 11:21  Еруб-Бесет ұлы Әбимәлікті кімнің өлтіргенін білесің ғой: Тебес қаласында бір әйел қабырғадан оның үстіне қол диірменнің тасын тастап, өлтірді емес пе?! Неге қамалдың қабырғасына сонша жақындадыңдар?» десе, оған «Қызметшіңіз хеттік Ұрия да қаза тапты» деп айтарсың!
II S Kaz 11:22  Хабаршы барып, Дәуітке Жоғабтың тапсырғандарын былай деп баяндады:
II S Kaz 11:23  — Қарсыластар бізді тықсырып, қаладан сыртқа шыға келді. Бірақ біз оларды тойтарып, қала қақпасына дейін қуып тастадық.
II S Kaz 11:24  Сонда олардың садақшылары қызметшілеріңізді қала қабырғасынан атты. Патша иемнің бірқатар жауынгері мерт болып, қызметшіңіз хеттік Ұрия да қаза тапты.
II S Kaz 11:25  Ал Дәуіт оған мына бұйрықты берді:— Сен Жоғабқа: «Осыған бола көңілің түспесін! Соғыс болғасын шығын болмай қоймайды ғой. Қаланың астан-кестенін шығарғанша шабуылыңды жалғастыра бер!» деп оны жігерлендір!
II S Kaz 11:26  Ұрияның әйелі күйеуінің өлгенін естіп, оны жоқтап аза тұтты.
II S Kaz 11:27  Жоқтау мерзімі біткенде Дәуіт біреуді жіберіп, әйелді өз үйіне алдыртты. Ол Дәуітке әйел болып, бір ұл туып берді.Бірақ Дәуіттің істеген бұл ісі Жаратқан Иеге жек көрінішті еді.