Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
NUMBERS
Prev Up Next
Chapter 5
Numb Kaz 5:1  Жаратқан Ие Мұсаға тіл қатып былай деді:
Numb Kaz 5:2  «Исраилдіктерге жұқпалы тері ауруына шалдыққан, денесінен ірің ағатын немесе өлікке жанасып арамданған адамдарды ел қонысынан шығарып жіберуге бұйыр.
Numb Kaz 5:3  Еркек болсын, әйел болсын, ондай адамдарды қоныстарыңның сыртына шығарып жіберіңдер! Ондағы мақсат — олардың Өзім араларыңда тұратын қонысты арамдамаулары».
Numb Kaz 5:4  Исраилдіктер осылай істеп, сондайларды ел қонысының сыртына шығарып жіберді. Жаратқан Ие Мұсаға қалай айтқан болса, исраилдіктер дәл солай істеді.
Numb Kaz 5:5  Жаратқан Ие Мұсаға тағы да тіл қатып былай деді:
Numb Kaz 5:6  «Исраилдің үрім-бұтағына мынаны айт: Ер адам немесе әйел қандай да бір күнә жасап Жаратқан Иеге опасыздық істеуі арқылы айыпты болса,
Numb Kaz 5:7  ондай адам өз күнәсін ашық мойындасын. Содан кейін ол жасағанының толық құнын, оның үстіне сол құнның бестен бірін қосып, зиян шеккен адамға берсін.
Numb Kaz 5:8  Бірақ егер сол адам өліп, оның айып төлемін қабылдап алатындай туысқан қамқоршысы болмаса, онда айып төлем Жаратқан Иеге тиісті болып, діни қызметкерге берілсін. Оған сол адамның күнәсінің арамдығынан тазаруы үшін құрбандыққа шалған қошқары да берілсін.
Numb Kaz 5:9  Исраилдіктердің діни қызметкерге әкеліп, көтеріп ұсынатын киелі тартуларының барлығы оған тиесілі.
Numb Kaz 5:10  Әрбір адамның Жаратқан Иеге бағыштаған сый-тартулары діни қызметкердің меншігіне айналады: адамның діни қызметкерге табыс еткені сонікі болмақ».
Numb Kaz 5:11  Содан соң Жаратқан Ие Мұсаға тіл қатып былай деді:
Numb Kaz 5:12  — Исраилдіктерге мынаны айт: Біреудің әйелі түзу жолдан адасып, күйеуіне опасыздық жасап,
Numb Kaz 5:13  өзге ер адаммен төсектес болса, бірақ ешкім үстінен түспей, куәгер жоқ болғандықтан бұл жайт күйеуіне беймәлім болып, әйелдің арамданғаны құпия күйінде қала беруі мүмкін.
Numb Kaz 5:14  Егер күйеуінде қызғаныш сезімі туып, әйелінің адалдығына күдіктенсе,
Numb Kaz 5:15  ол әйелін діни қызметкерге алып барсын. Күйеуі әйелі үшін берілетін тарту ретінде пұттың оннан біріндей мөлшерде арпа ұнын да ала барсын. Бірақ сол ұнға ол не май құйып, не хош иісті зат салушы болмасын. Себебі бұл — қызғанышқа бола ұсынылған астық тартуы, ол әділетсіздіктің орын алған-алмағанын тексеріп білуге арналған естелік тарту.
Numb Kaz 5:16  Діни қызметкер әйелді алға шығарып, Жаратқан Иенің алдында тұрғызсын.
Numb Kaz 5:17  Діни қызметкер қыш құмыраға Жаратқан Иеге бағышталған судан құйып, оған киелі шатырдың жер еденінен алынған біразырақ топырақты салсын.
Numb Kaz 5:18  Содан соң ол Жаратқан Иенің алдында тұрған әйелдің шашын жайғызып, оның қолына естелік тартуын, яғни қызғанышқа бола ұсынылған астық тартуын, ұстатсын. Ал өзі қарғыс келтіретін жаңағы ащы су құйылған құмыраны ұстап тұрсын.
Numb Kaz 5:19  Діни қызметкер әйелге ант бергізіп, оған былай десін: «Егер бөтен еркек сенімен төсектес болмаған болса, сен некелі күйеуің бола тұра оған опасыздық жасамаған әрі өзіңді арамдамаған болсаң, қарғыс алып келетін мына ащы су саған еш зиянын тигізбесін.
Numb Kaz 5:20  Бірақ егер сен түзу жолдан адасып, некелі күйеуің бола тұра өзге еркекпен төсектес болып, күйеуіңе опасыздық жасап, өзіңді арамдаған болсаң, —
Numb Kaz 5:21  осы кезде діни қызметкер әйелге қарғыс келтіретін мына анттың сөздерін айтқызып, оған былай десін: — онда Жаратқан Ие саған бойыңа бала бітсе оны түсіріп тастайтын құрсақ беріп, бедеу қылсын. Солай сенің халқың саған лағнет айтып, айыптайтын болсын!
Numb Kaz 5:22  Қарғыс алып келетін осы су денеңе еніп, сені бедеу қылып, ал құрсағыңды бойыңа бала бітсе, түсіріп тастай беретін етсін!»Ал әйел бұған: «Аумин, солай болсын!» десін.
Numb Kaz 5:23  Діни қызметкер осы қарғыстарды бір нәрсеге жазып қойсын. Содан кейін ол жазғандарын ащы сумен өшіріп шайсын.
Numb Kaz 5:24  Діни қызметкер осы қарғыс алып келетін суды кейінірек әйелге ішкізсін. Егер әйел кінәлі болса, су оның денесіне еніп, оны қатты азапқа ұшыратады.
Numb Kaz 5:25  Бұдан кейін діни қызметкер әйелдің қолынан қызғанышқа байланысты астық тартуын алып, оны Жаратқан Иенің алдында тербей көтеріп, құрбандық үстеліне алып барсын.
Numb Kaz 5:26  Ол астық тартуының бір уысын алып, тартудың естелік бөлігі ретінде құрбандық үстелінде өртеп жіберсін. Осыдан кейін әйелге қарғыстың суын ішкізсін.
Numb Kaz 5:27  Егер әйел шынымен күйеуіне опасыздық жасап арамданған болса, ол қарғыс алып келетін сол ащы суды ішкенде, су оның бойына тарап, оны қатты азапқа ұшыратады. Сол су оның құрсағын ісітіп, мықынын аздырып, оны бала көтере алмайтын етеді. Сол себепті оның аты өз халқының арасында қарғысқа айналады.
Numb Kaz 5:28  Ал егер сол әйел арамданбаған, ешбір жазығы жоқ болса, ол өзіне тағылған айыптан құтылып, бала көтеретін болады.
Numb Kaz 5:29  Сонымен, әйел некелі ері бола тұра түзу жолдан адасып өзге ер адаммен төсектес болып арамданғанда,
Numb Kaz 5:30  немесе күйеуі әйеліне күдіктеніп, қызғанған кезде қолданылатын заң — осы. Сондай жағдайда діни қызметкер әйелді Жаратқан Иенің алдында тұрғызып, оған осы заңды толығымен іске асырады.
Numb Kaz 5:31  Сонда күйеуі күнәдан таза болады, ал әйелі өзі жасаған күнәсінің кесіріне ұшырайды.