Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
NUMBERS
Prev Up Next
Chapter 18
Numb Kaz 18:1  Содан кейін Жаратқан Ие Һаронға тіл қатып былай деді: «Егер киелі орынға қарсы бір күнә жасалатын болса, оған өзің де, ұрпақтарың да, арғы атаңнан шыққан бүкіл Леуі руы да жауапты боласыңдар. Ал діни қызметкердің қызметіне байланысты күнә үшін тек өзің мен ұрпақтарың ғана жауапты боласыңдар.
Numb Kaz 18:2  Ағайындарың — арғы атаңнан шыққан Леуі руын қасыңа қосып ал. Олар өздеріңмен бірге болып, сендерге қызмет етсін. Бірақ Келісімнің айғақтары сақталған киелі шатырдың алдында қызметті тек өзің және ұрпақтарың ғана атқаратын боласыңдар.
Numb Kaz 18:3  Леуіліктер сендерге қызмет етіп, киелі шатырға байланысты барлық міндеттерін атқаратын болсын. Алайда олар киелі шатырдағы құрал-жабдықтарға және құрбандық үстеліне жақындаушы болмасын, әйтпесе олар да, өздерің де өлесіңдер.
Numb Kaz 18:4  Олар қасыңда болып, кездесу шатырын күзетіп, ондағы барлық міндеттерін орындасын. Ал бөтен ешкім сендерге жақындап келуші болмасын.
Numb Kaz 18:5  Бұдан былай исраилдіктер қаһарыма ұшырамаулары үшін, сендердің киелі шатырдағы және құрбандық үстелінің алдындағы міндеттерді орындауларың керек.
Numb Kaz 18:6  Мен леуіліктерді исраилдіктердің арасынан таңдап алдым. Олар сендерге көмекке беріліп, кездесу шатырындағы жұмыстарды орындау үшін Өзіме бағышталған.
Numb Kaz 18:7  Ал құрбандық үстеліне және Киелі шатырдағы шымылдықтың артындағы (ең киелі орынға) байланысты қызметтерді тек сен және ұрпақтарың ғана орындайтын боласыңдар. Мен діни қызметкер болып сол міндетті атқаруды сендерге сыйлап отырмын. Ал киелі шатырдағы қызметті орындау үшін жақындап келген әрбір бөтен адам өлім құшады».
Numb Kaz 18:8  Жаратқан Ие Һаронға қайтадан тіл қатып былай деді: «Біліп қой, Мен исраилдіктердің Өзіме жасайтын сый-тартуларын бақылауды саған тапсырдым. Олардың Өзіме көтеріп ұсынатын тартуларын Мен саған және ұрпақтарыңа арналған үлестерің әрі тұрақты құқықтарың етіп сыйладым.
Numb Kaz 18:9  (Маған бағышталған) тартулардың отқа өртелмейтін бөлігі сендердің үлестерің болады. Ол не астық тартуы, не күнәнің құнын өтейтін құрбандық, не айыпты өтеу құрбандығы болсын, халықтың Маған бағыштаған ерекше киелі тартуларының осы бөліктері сенің өзіңе және ұрпақтарыңа тиісті.
Numb Kaz 18:10  Оларды киелі орында жеңдер. Сендердің еркек кіндіктілерің сол бөліктерді жей алады. Оларға Өзіме бағышталған киелі деп қараңдар.
Numb Kaz 18:11  Сондай-ақ, мыналар да сенікі: исраилдіктердің көтеріп не әрі-бері тербеп ұсынатын тартуларынан арнайы үлесті Мен саған және ұл-қыздарыңа сыйладым. Ол әрқашан солай болуы тиіс. Ондай сыйды отбасыңдағы тазару рәсімінен өткен әркім жей алады.
Numb Kaz 18:12  Халықтың Маған, Жаратқан Иеге, ұсынатын алғашқы өнімдерін: зәйтүн майының, жүзім шырыны мен астығының таңдаулы үлестерін Мен саған бердім.
Numb Kaz 18:13  Халықтың өз жерінен алған, Маған беруге тиісті алғашқы өнімдерінің барлығы саған арналған. Үй ішіңнің тазару рәсімінен өткен әр адамы оны жей алады.
Numb Kaz 18:14  Исраилде Жаратқан Иеге антпен бағышталғанның барлығы да сенікі болады.
Numb Kaz 18:15  Әр әйелдің тұңғышы және малдың әр бірінші төлі Жаратқан Иеге ұсынылып, сенікі болсын. Бірақ тұңғыш ұл балаға және Маған арнап құрбандыққа шалуға болмайтын арам хайуандарға өтем құнын белгіле. Сол құн тұңғыш ұл не малдың орнына төленсін.
Numb Kaz 18:16  Ал өтем құны мынау: бір айлық ұл бала немесе төл үшін бес күміс мысқал. Мұндағы мысқал — салмағы жиырма гераһтан тұратын киелі орында қолданылатын ресми өлшем.
Numb Kaz 18:17  Алайда сиыр, қой, ешкінің алғашқы төлін құрбандыққа шалмай, құнын өтеп тірі алып қалуға жол берме! Олар Маған бағышталған. Оларды шалып, қанын құрбандық үстеліне шашып, майын Жаратқан Иеге хош иісті де ұнамды құрбандық ретінде өртеп ұсын.
Numb Kaz 18:18  Ал олардың еті, әрі-бері тербеліп ұсынылатын көкірек еті мен оң жақ саны сияқты, сендерге тиісті үлес болады.
Numb Kaz 18:19  Осылайша Мен исраилдіктердің Жаратқан Иеге алып келетін барлық киелі тартуларын тұрақты түрде сенің өзің мен ұл-қыздарыңа сыйладым. Бұл — өзіңе және отбасыңа арнап Жаратқан Ие жасаған ешқашан бұзылмауға тиіс Келісім».
Numb Kaz 18:20  Жаратқан Ие Һаронға тағы былай деді: «Сендерге, діни қызметкерлерге, елден мұралық аймақ бөлінбейді, халық арасында сендерге тиер үлес те жоқ. Исраилдіктердің арасындағы сендердің үлестерің де, мұраларың да Менмін.
Numb Kaz 18:21  Мен Леуі руына кездесу шатырында атқаратын қызметтері үшін алатын мұралық үлестері ретінде Исраилдегі барлық өнімнің он бөлігінің бірін бердім.
Numb Kaz 18:22  Бұдан былай өзге исраилдіктер киелі шатырға тым жақындап келмесін! Әйтпесе олардың күнәсі мойындарында болып, өлім құшады.
Numb Kaz 18:23  Кездесу шатырындағы қызметтерді леуіліктер атқарсын. (Егер міндеттерін ұқыпсыз атқарса) оған өздері айыпты болады. Бұл келер ұрпақтарың үшін де тұрақты ереже.Исраилдіктердің арасынан леуіліктер мұралық үлес алмайды.
Numb Kaz 18:24  Себебі Мен леуіліктерге исраилдіктер жинаған өнімдерінің Маған сый-тарту ретінде ұсынатын он бөлігінің бірін сыйладым. Сондықтан Мен Леуі руы жайлы «Исраилдіктердің арасынан леуіліктер мұралық үлес алмайды» деген едім».
Numb Kaz 18:25  Содан соң Жаратқан Ие Мұсаға тіл қатып былай деді:
Numb Kaz 18:26  «Леуіліктерге мынаны айт: Мен сендерге мұралық үлестерің ретінде сыйлаған он бөліктің бірін исраилдіктерден қабылдағанда, өздерің де сол алғандарыңның он бөлігінің бірін Маған көтеріп ұсынатын тартуларың ретінде бағыштаңдар. Яғни он бөліктің бірінің он бөлігінің бірін беріңдер.
Numb Kaz 18:27  Сендердің бұл тартуларың қырманда бастырған астық немесе жүзім сыққыштан алынған жүзім шырынының алғашқы өнімдері іспетті саналады.
Numb Kaz 18:28  Осылайша исраилдіктерден өнімдерінің он бөлігінің бірін қабылдайсыңдар, ал соның он бөлігінің бірін Маған көтеріп ұсынатын тарту ретінде бағыштайсыңдар. Маған тиісті осы бөлікті сендер діни қызметкер Һаронға табыстауларың қажет.
Numb Kaz 18:29  Өздеріңе жасалатын барлық тартулардың ең таңдаулы да киелі бөлігін Маған, Жаратқан Иеге, арнап көтеріп ұсынуларың керек.
Numb Kaz 18:30  Сондықтан леуіліктерге былай де: Сендер барлық тартулардың ең таңдаулы бөлігін Маған бағыштап ұсынғанда, ол сендердің өз қырмандарыңның немесе өз жүзім сыққыштарыңның өнімі ретінде саналады.
Numb Kaz 18:31  Оның қалған бөлігін өздерің және үй іштерің кез келген жерде жей аласыңдар. Себебі ол кездесу шатырында жасайтын қызметтеріңнің ақысы.
Numb Kaz 18:32  Оның ең таңдаулы бөлігін Маған көтеріп ұсынған болсаңдар, айыпты болмайсыңдар. Сонда сендер исраилдіктердің киелі тартуларын арамдаған болып шықпайсыңдар. Әйтпесе өлімге душар болар едіңдер».