Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
NUMBERS
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 21
Numb Kaz 21:1  Негев өлкесіндегі Арад қаласының қанахандық патшасы Исраил халқының Атарим жолымен келе жатқанын естіп, оларды шабуылдап, біразын тұтқындады.
Numb Kaz 21:2  Сонда исраилдіктер Жаратқан Иеге: «Егер осы халықты біздің қолымызға тапсырсаң, онда біз олардың қалаларын Өзіңе бағыштап, толығымен құртатын боламыз», — деген ант берді.
Numb Kaz 21:3  Жаратқан Ие исраилдіктердің өтініштеріне құлақ салып, қанахандықтарды олардың қолдарына тапсырды. Исраилдіктер солардың өздері мен қалаларын Құдайға бағыштап, толығымен құртты. Содан осы жер Хорма (Құрту) деп аталып кетті.
Numb Kaz 21:4  Һор тауынан исраилдіктер Едом елін сырт айналып өтпек болып, Қамысты теңізге қарай бет алды. Жолшыбай халықтың шыдамы таусылып,
Numb Kaz 21:5  Құдайға және Мұсаға қарсы сөйлеп: «Бізді не үшін Мысырдан алып шықтыңдар? Мына иен далада қырылуымыз үшін бе? Жейтін нан, ішетін суымыз жоқ! Әлгі жеп жүрген жиренішті тамағымыздан әбден мезі болдық!» — деді.
Numb Kaz 21:6  Сонда Жаратқан Ие халық арасына отқа ұқсаған улы жыландар жіберіп, солар Исраил халқының арасынан көптеген адамды шағып өлтірді.
Numb Kaz 21:7  Халық Мұсаның алдына келіп: «Біз Жаратқан Иеге және өзіңізге қарсы сөйлеп күнә жасадық. Мына жыландарды бізден аластата көрсін деп Жаратқан Иеге біз үшін өтініш жасап сиыныңызшы!» — деп жалынды. Содан Мұса халық үшін өтініп сиынды.
Numb Kaz 21:8  Сонда Жаратқан Ие Мұсаға былай деп бұйырды: «Отқа ұқсаған улы жыланның мүсінін жасап ал да, оны белгі беретін бағананың басына бекітіп, жоғары көтеріп қой! Жылан шаққан әркім соған қараса, тірі қалады».
Numb Kaz 21:9  Сонымен Мұса мыстан жылан мүсінін жасап, оны бағананың басына бекітіп, жоғары көтеріп қойды. Жылан шағып алған әркім мыс жыланға қарағанда, тірі қалып отырды.
Numb Kaz 21:10  Исраилдің үрім-бұтағы әрі қарай жылжып, Оботқа жетіп, сонда қостарын тікті.
Numb Kaz 21:11  Олар Оботтан шығып, Моаб елінің шығысындағы елсіз даладағы Ие-Абаримге көшіп барып, сонда аялдады.
Numb Kaz 21:12  Бұл жерден олар Зәред аңғарына барып, сонда қостарын тікті.
Numb Kaz 21:13  Халық сол жерден иен даладағы Арнонның арғы жағына өтіп, сонда тоқтады. Арнон — аморлықтардың аймағынан бері ағатын өзен, ол Моаб елін аморлықтардың аймағынан бөліп тұратын шекарасы еді.
Numb Kaz 21:14  Сол себепті «Жаратқан Иенің шайқастары» деген кітапта былай деп жазылған: «Суфаның маңайындағы Уахеп қаласы және Арнон өзені мен
Numb Kaz 21:15  оның Ар деген елді мекенге қарай созылып жатқан сайлары Моаб шекарасының бойында орналасқан».
Numb Kaz 21:16  Сол жерден исраилдіктер Бегерге көшіп барды. Жаратқан Ие сондағы құдық туралы Мұсаға: «Халықты жина, Мен оларға су беремін», — деді.
Numb Kaz 21:17  Сол кезде Исраил халқы мына әнді шырқады:«Уа, құдық, суыңды сарқырата бер,Құдық жайында айтыңдар әндер!
Numb Kaz 21:18  Оны ойып қазды билеушілер,Халықтың озаттары, жетекшілер,Қолдарында асатаяқ пен сүңгілер».Елсіз даладан халық Матанаға,
Numb Kaz 21:19  содан Нахалиелге және Бамотқа көшіп-қонды.
Numb Kaz 21:20  Бамоттан олар Моаб еліндегі алқапқа көшіп барды. Сол маңайдағы Писга тауы құлазыған далаға тіреліп тұр.
Numb Kaz 21:21  Мұнан кейін Исраил халқы елшілері арқылы аморлықтардың патшасы Сихонға мынадай сәлем жіберді:
Numb Kaz 21:22  «Жеріңізден өтуімізге рұқсат етсеңіз екен. Не егістіктеріңізге, не жүзімдіктеріңізге бұрылмаймыз, құдықтарыңыздан су да ішпейміз. Тек Патшаның үлкен жолымен ғана жеріңізден өтіп шығамыз».
Numb Kaz 21:23  Бірақ Сихон Исраилге өз жері арқылы жүріп өтуге рұқсат бермей, бүкіл жасағын жинап, Исраилге қарсы елсіз далаға аттанды. Яхас деген жерге жетіп, исраилдіктермен шайқасты.
Numb Kaz 21:24  Исраилдіктер Сихонның жасағын семсердің жүзімен қырып-жойып, Арнон өзенінен Ябок өзеніне дейінгі аралықтағы оның жерін иемденіп алды. (Ябоктың арғы жағындағы) аммондықтардың шекарасы бекіністі болғандықтан, олар тек соған дейін барды.
Numb Kaz 21:25  Исраил халқы аморлықтардың барлық қалаларын да қолға түсіріп, соларды, әсіресе, Хешебон мен оған қарасты елді мекендеріне қоныстанып алды.
Numb Kaz 21:26  Себебі Хешебон аморлықтардың патшасы Сихонның тұрған қаласы болатын. Ол Моабтың бұрынғы патшасына шабуыл жасап, оның Арнонға дейінгі бүкіл жерін тартып алған еді.
Numb Kaz 21:27  Сондықтан жыраулар ол туралы мынадай нақыл айтқан:«Келіңдер Хешебонға, Сихонның қаласына,Қайта салынып, бекітілсін астана!
Numb Kaz 21:28  Себебі Хешебоннан от жалыны шықты,Сихонның қаласынан алау лап етті,Моабтың Ар қаласын жалмап қойды,Арнон қыраттарының иелерін қырды.
Numb Kaz 21:29  Уа, Моаб халқы, қасірет саған!Хамосқа табынған халық қырылған.Хамос өз «ұлдарын» қашуға қалдырды,«Қыздарын» Амор патшасы Сихонға олжалатты,
Numb Kaz 21:30  Ал біз оларды жебе атып талқандадық,Дибонға дейінгі Хешебон елін құрттық,Медеба мен Нофаға дейін ойран салдық!»
Numb Kaz 21:31  Осылайша исраилдіктер аморлықтардың жеріне қоныстанып алды.
Numb Kaz 21:32  Кейін Мұса Жазер қаласына барлаушылар жіберді. Исраил жасағы оған қарасты елді мекендерді басып алып, сондағы аморлықтардың жерін де иемденді.
Numb Kaz 21:33  Бұдан кейін исраилдіктер бұрылып, Башан аймағына баратын жолмен жоғары қарай өрледі. Сонда Башанның патшасы Ог бүкіл жасағын ертіп олармен шайқасуға Едірейге аттанды.
Numb Kaz 21:34  Ал Жаратқан Ие Мұсаға: «Одан қорықпа! Себебі Мен оның өзін, бүкіл жасағы мен елін сенің қолыңа тапсырып отырмын. Аморлықтардың Хешебонда тұрған патшасы Сихонға не істеген болсаң, оған да дәл соны істе!» — деді.
Numb Kaz 21:35  Сонымен исраилдіктер Ог патшаны, оның ұлдарын және бүкіл жасағын бір адамын да тірі қалдырмай қырып тастап, жерлерін иемденіп алды.