Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
NUMBERS
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 32
Numb Kaz 32:1  Ал Рубен мен Ғад руларының малдары өте көп болатын. Олар Жазер мен Ғилақад аймақтарын көргенде, бұлардың мал бағуға өте қолайлы жер екенін ұқты.
Numb Kaz 32:2  Сонда Ғад пен Рубеннің рубасылары Мұсаның, діни қызметкер Елазардың және қауым жетекшілерінің алдына келіп, былай деп өтініш жасады:
Numb Kaz 32:3  — Атарот, Дибон, Жазер, Нимрах, Хешебон, Елғале, Себам, Небо және Беғон аймақтарын
Numb Kaz 32:4  Жаратқан Ие Исраил халқы үшін басып алды. Осы жер мал бағуға өте қолайлы екен. Ал алдыңыздағы пенделердің табын-отарлары бар ғой.
Numb Kaz 32:5  Бізге марқабат етіп, осы жердің біздей пенделеріңіздің иелігіне берілуін бұйырсаңыз екен. Бізді Иорданның арғы жағына өткізбей-ақ қойыңыз. —
Numb Kaz 32:6  Алайда Мұса ғадтықтар мен рубендіктерге мына жауапты қайырды:— Сонда қалай, исраилдік ағайындарың (арғы жаққа өтіп) соғысуға барғанда, сендер осында қалмақсыңдар ма?
Numb Kaz 32:7  Жаратқан Иенің Өзі оларға табыстап отырған елге барудан исраилдіктерді неге айнытасыңдар?
Numb Kaz 32:8  Мен әкелеріңді (бұдан қырық жыл бұрын) елді барлап келуге Қадеш-Барниден жіберген кезде олар дәл осылай істеген еді!
Numb Kaz 32:9  Сонда олар Ешқол аңғарына дейін өрлеп барып, жерді барлап келгеннен кейін исраилдіктерді Жаратқан Ие оларға табыстап отырған еліне кіруден айнытып жіберген болатын.
Numb Kaz 32:10  Содан Жаратқан Иенің қаһары лаулап, Ол ант етіп былай деді:
Numb Kaz 32:11  «Мысырдан шыққан мына адамдардың жасы жиырмаға толған не одан асқан ешбір адамы Мен Ыбырайым, Ысқақ және Жақыпқа ант еткен сол елді көре алмайды! Себебі олар Маған толықтай сеніп мойынсұнған жоқ.
Numb Kaz 32:12  Тек Кенездің ұрпағы Ефунне ұлы Халеп және Нұн ұлы Ешуа ғана сол елге кіреді. Өйткені бұл екеуі Маған, Жаратқан Иеге, толығымен сеніп мойынсұнды».
Numb Kaz 32:13  Сонда Жаратқан Иенің қаһары Исраилге қарсы лаулаған еді. Ол Өзіне жеккөрінішті зұлымдықты жасаған буын толығымен бұ дүниеден құрып бітпейінше, исраилдіктерді осы елсіз далада қырық жыл бойы сандалып жүретін етті.
Numb Kaz 32:14  Енді, міне, сендер — күнәкарлардың тұқымы өз әкелеріңнің орнын басып, Жаратқан Иенің Исраилге деген қаһарын олардан бетер өршітіп отырсыңдар!
Numb Kaz 32:15  Егер Жаратқан Иеге мойынсұнбай кететін болсаңдар, онда Ол халықты тағы да осы иен далада қалдырып, сендер бүкіл халықтың қырылып қалуына жауапты боласыңдар! —
Numb Kaz 32:16  Бірақ олар Мұсаға таяп келіп, былай деді:— Осы жерде біз малымызға қора, әйелдеріміз бен бала-шағамызға қала салып алайық.
Numb Kaz 32:17  Ал өзіміз қаруланып, басқа исраилдіктердің алдында жүріп, оларды жаңа мекендеріне алып баруға дайынбыз. Сол кезде бала-шағамыз елдің тұрғындарынан қауіпсіз бекіністі қалаларда тұра берсін.
Numb Kaz 32:18  Әрбір исраилдік өзінің мұралық жерін иемденіп алмайынша, біз өз үйлерімізге қайтпайтын боламыз.
Numb Kaz 32:19  Бізге мұралық жер үлесіміз Иордан өзенінің осы шығыс жағынан тисе, онда біз Иорданның арғы жағынан және содан әрі қарай өзімізге мұралық жер алмаймыз. —
Numb Kaz 32:20  Мұса оларға былай деп жауап берді:— Егер осы айтқандарыңды шынымен орындайтын болсаңдар, яғни, егер Жаратқан Иенің көз алдында шайқасқа қаруланған
Numb Kaz 32:21  және қару ұстанған барлығың да Иорданның арғы жағына өтсеңдер, онда Ол Өзінің жауларын қуып шығарып,
Numb Kaz 32:22  бүкіл ел Жаратқан Иеге бағынып болған кезде сендер Жаратқан Ие мен Исраил халқының алдындағы міндеттеріңнен босатыласыңдар. Сонда сендерге кері қайта берулеріңе болады, әрі осы жер сендердің Жаратқан Иенің алдындағы мұралық меншіктерің болады.
Numb Kaz 32:23  Бірақ егер осылай етпейтін болсаңдар, сонда Жаратқан Иеге қарсы күнә жасағандарың. Біліп қойыңдар, онда осы күнәларыңның зардабын тартпай қоймайсыңдар.
Numb Kaz 32:24  Енді солай болсын, бала-шағаларыңа қала, малдарыңа қора салыңдар, бірақ та ауыздарыңнан шыққан осы уәделеріңді орындаңдар! —
Numb Kaz 32:25  Сонда ғадтықтар мен рубендіктер Мұсаға былай деп жауап берді:— Тақсыр, сіз қалай бұйырсаңыз, алдыңыздағы қызметшілеріңіз соны бұлжытпай орындаймыз!
Numb Kaz 32:26  Бала-шағамыз, әйелдеріміз әрі барлық малымыз осы жақта, Ғилақадтың қалаларында қалады.
Numb Kaz 32:27  Ал біздің бәріміз де шайқасқа қаруланып, өзіңіз әмір еткендей, Жаратқан Иенің алдында соғысу үшін арғы бетке өтеміз.
Numb Kaz 32:28  Мұнан кейін Мұса олар туралы діни қызметкер Елазарға, Нұн ұлы Ешуаға және исраилдік рубасыларына нұсқау беріп
Numb Kaz 32:29  былай деді:— Егер ғадтықтар мен рубендіктердің шайқасқа қаруланған адамдарының бәрі өздеріңмен бірге Жаратқан Иенің алдында Иордан өзенінен өтсе, онда сендер Қанахан елін өздеріңе бағындырып алған кезде оларға Ғилақад аймағын мұралық үлестері ретінде беріңдер.
Numb Kaz 32:30  Ал егер олар қаруланып сендермен бірге өтпесе, онда олардың мұралық жері өздеріңнің араларыңда Қанахан елінде болады. —
Numb Kaz 32:31  Бұған ғадтықтар мен рубендіктер жауап беріп былай деді:— Жаратқан Иенің біздей пенделеріңізге берген әмірін бұлжытпай орындаймыз!
Numb Kaz 32:32  Біз шайқасқа қаруланып Жаратқан Иенің алдында Қанахан еліне өтеміз. Ал бізге тиісті мұралық жеріміз Иорданның бергі жағында болсын.
Numb Kaz 32:33  Сонымен Мұса ғадтықтар мен рубендіктерге және Жүсіп ұлы Манасадан тараған рудың жартысына аморлықтардың патшасы Сихонның және Башанның патшасы Огтың патшалықтарын бүкіл жерімен, ондағы қалаларымен әрі соларға тиісті елді мекендерімен бірге қосып табыстады.
Numb Kaz 32:34  Ғадтықтар өздеріне тиген жерде Дибон, Атарот, Арогер,
Numb Kaz 32:35  Атарот-Шопан, Жазер, Жоқпеха,
Numb Kaz 32:36  Бет-Нимра, Бет-Харан атты бекіністі қалаларды, әрі отарларына мал қораларын салды.
Numb Kaz 32:37  Рубендіктер Хешебон, Елғале, Кириятаим,
Numb Kaz 32:38  Небо, Бағал-Меон, Симба атты қалаларды салды. Олар қолдарына түсіріп, өздері қайтадан салған бірнеше қалаларға жаңа ат қойды.
Numb Kaz 32:39  Манаса ұлы Махырдың әулеті Ғилақадқа аттанып, оны иемденіп, сонда тұрып жатқан аморлықтарды қуып жіберді.
Numb Kaz 32:40  Сондықтан Мұса Ғилақад аймағын Манаса ұлы Махырдың әулетіне табыстап, олар сонда қоныстанып алды.
Numb Kaz 32:41  Манасаның басқа ұлы Жайырдың әулеті де аттанып, сол жердегі қоныстарды иемденіп алып, оларды Жайыр қоныстары деп атады.
Numb Kaz 32:42  Нобах есімді адам Кенат қаласы мен оған қарасты елді мекендерді иемденіп алып, оны өзінің атымен Нобах деп атады.