Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
NUMBERS
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 14
Numb Kaz 14:1  Сонда бүкіл қауым дауыс көтеріп, түні бойы азан-қазан жылаумен болды.
Numb Kaz 14:2  Барлық исраилдіктер Мұса мен Һаронға наразыланып, бүкіл қауым болып: «Бізге баяғыда-ақ Мысыр елінде өлгеніміз жақсы болған болар еді! Немесе осы елсіз далада өлген болсақ қой! — деп күңкілдесті.
Numb Kaz 14:3  — Жаратқан Ие бізді бұл елге неге алып келе жатыр екен? Сол жерде біз семсерден қырыламыз, әрі әйел, бала-шағамыз жауға олжа болмақ. Одан да Мысырға қайта оралғанымыз жақсы емес пе!» —
Numb Kaz 14:4  Олар бір-біріне: «Кәне, басшы таңдап алып, Мысырға қайта оралайық!» — десті.
Numb Kaz 14:5  Ал Мұса мен Һарон жиналған исраилдіктердің бүкіл қауымының алдында жерге етпетінен жығыла кетті (де, Жаратқан Иеге сиынды).
Numb Kaz 14:6  Елді барлап келгендердің екеуі — Нұн ұлы Ешуа және Ефунне ұлы Халеп те (басқалардың сенімсіздігіне қатты қайғырып) киімдерінің өңірін айыра жыртты.
Numb Kaz 14:7  Олар Исраилдің бүкіл қауымына: «Біз барлап келген ел өте керемет екен!
Numb Kaz 14:8  Егер Жаратқан Ие бізге риза болса, Ол бізді ағы мен балы ағыл-тегіл сол елге алып барып, оны бізге табыстайды.
Numb Kaz 14:9  Тек Жаратқан Иеге қарсы бас көтермеңдер, елдің халқынан қорықпаңдар! Олар бізге жем болады: олар қорғаныштарынан ада қалған. Ал арамыздағы Жаратқан Ие бізге жар! Олардан еш қорықпай-ақ қойыңдар!» — деп ескертті.
Numb Kaz 14:10  Бірақ бүкіл қауым олардың екеуін таспен атқылап өлтіру туралы айта бастады. Сонда кездесу шатырынан Жаратқан Иенің нұрлы салтанаты барлық исраилдіктерге көрінді.
Numb Kaz 14:11  Жаратқан Ие Мұсаға тіл қатып былай деді:— Мына халық Мені қашанға дейін менсінбей жүре береді? Мен олардың көз алдында құдіретімді дәлелдейтін қаншама кереметтер жасаған болсам да, олар қашанға дейін Маған сенбей жүре бермек?!
Numb Kaz 14:12  Енді Мен бұл халыққа індет жіберіп, құртамын. Содан кейін сенің өзіңнен олардан да көбірек әрі күштірек халықты өрбітемін!
Numb Kaz 14:13  Ал Мұса Жаратқан Иеге былай деп сиынды:— Сонда мысырлықтар бұл туралы еститін болады! Сен осы халықты Өзіңнің құдіретіңмен олардың арасынан алып шықтың ғой!
Numb Kaz 14:14  Олар мұны Қанахан елінің тұрғындарына айтатын болады. Уа, Жаратқан Ие, Сенің осы халықтың ортасында екендігің жайлы олар естіген. Уа, Ием, Сенің адамның көзіне көрініп аян бергенің әрі өз бұлтыңның халқыңның үстінде қалықтап тұрғаны да олардың құлақтарына шалынған. Сенің күндіз бағана тәрізді бұлт ішінде, ал түнде жалындаған от бағанасының ішінде халқыңның алдында жүргендігің туралы да олар хабардар.
Numb Kaz 14:15  Бірақ егер Сен мына халықты бір адамын да қалдырмай қырып тастасаң, онда Өзің туралы естіген бөтен халықтар:
Numb Kaz 14:16  «Әне, көрдің бе, Жаратқан Ие сол халықты оларға беруге Өзі ант еткен елге жеткізе алмапты. Сол себепті Ол халықты елсіз далада қырып тастапты» деп Сені табаламақ.
Numb Kaz 14:17  Сондықтан да, уа, Ием, Сенің зор құдіретің көріне түссін! Өзің сол туралы былай деп едің ғой:
Numb Kaz 14:18  «Жаратқан Ие тез қаһарланбайды,Ол сондай сенімді де қайырымды,Көтеріліс пен теріс қылықтардыТіпті кешіруге дайын тұрады!Ал қасарысқанды жазасыз қалдырмайды,Ол аталарының кінәлары үшінЖазалайды балалары мен немерелерін,Тіпті шөберелері мен шөпшектерін».
Numb Kaz 14:19  Өзіңнің ұлы да берік мейіріміңе сай осы халықтың кінәсін кешіре гөр! Оларды Мысырдағы кездерінен бастап қазірге дейін осылайша кешіріп келдің ғой.
Numb Kaz 14:20  Сонда Жаратқан Ие Мұсаға былай деп жауап берді:— Жарайды, сенің өтінгеніңдей Мен оларды кешіремін.
Numb Kaz 14:21  Бірақ Мен, мәңгі тірі Жаратқан Ие, былай деп ант етемін: Бүкіл дүниенің Менің салтанатты ұлылығыма толы екендігі шүбәсіз.
Numb Kaz 14:22  Сол сияқты, мына адамдардың тағдыры да еш шүбәсіз. Олар Мысырда және осы айдалада Менің ұлы салтанатымды әрі құдіретімді дәлелдеген керемет істерімді өз көздерімен көрсе де, Мені он рет еркінсіп сынап, даусыма құлақ түрмеді!
Numb Kaz 14:23  Сол үшін олардың ешқайсысы да Мен ата-бабаларына табыстауға ант еткен елді көрмейтін болады! Мені менсінбегендердің ешқайсысы да сол елге көз тастамайды!
Numb Kaz 14:24  Алайда қызметшім Халеп ондай мінез көрсетпей, Маған шын жүректен сенімді болғандықтан, Мен оны өзі барлап келген сол елге апарып кіргіземін. Оның ұрпақтары сол елді иемденетін болады.
Numb Kaz 14:25  Ендеше амалектіктер мен қанахандықтар аңғарларда тұрғандықтан сендер ертең кері бұрылып, иен дала жолына түсіп, Қамысты теңізге қарай беттеңдер!
Numb Kaz 14:26  Содан соң Жаратқан Ие Мұса мен Һаронға былай деді:
Numb Kaz 14:27  «Мына зұлым жамағат қашанға дейін Маған қарсы күңкілдеп шағымдана бермек? Исраилдіктердің Маған қарсы күңкілдеп шағымдануы құлағыма шалынды.
Numb Kaz 14:28  Оларға мынаны жеткіз: Мәңгі тірі Жаратқан Ие былай деп ант етеді: құлағыма шалынған сендердің айтқандарыңды Мен өз бастарыңа айнытпай-ақ келтіремін!
Numb Kaz 14:29  Санақтан өткен жасы жиырмадағы не одан асқан еркек кіндіктілерің — Маған қарсы күңкілдеп наразылық білдірген барлығыңның сүйектерің осы иен далада шашылып қалады.
Numb Kaz 14:30  Мен өздеріңді қоныстандыруға ант еткен сол елге Ефунне ұлы Халеп пен Нұн ұлы Ешуа екеуінен басқа сендердің ешқайсыларың кірмейсіңдер!
Numb Kaz 14:31  Сендер бала-шағамыз жауға олжа болады деген едіңдер. Алайда осы балаларыңды өздерің менсінбей қойған сол елге Мен Өзім алып барамын. Елдің игілігін солар көретін болады!
Numb Kaz 14:32  Ал сендердің сүйектерің осы иен далада қалмақ.
Numb Kaz 14:33  Жаратқан Иеге деген опасыздықтарыңа бола, бала-шағаларың сендердің бірде-біреуің тірі қалмай құрып бітпейінше, қырық жыл бойы осы иен далада көшіп-қонып мал бағып азап шегетін болады.
Numb Kaz 14:34  Уәделі елді қанша күн барлаған болсаңдар, сонша жыл, яки қырық жыл бойы өз кінәларыңның зардабын тартатын боласыңдар. Осылайша Менің өздеріңе қарсы болуымның не екенін ұғасыңдар.
Numb Kaz 14:35  Мен, Жаратқан Ие, осылай деймін. Және осы айтқандарымды Маған қарсы шыққан мына зұлым жамағаттың бәріне міндетті түрде жүзеге асырамын: олар бірде-біреуі тірі қалмай, осы иен далада құритын болады!»
Numb Kaz 14:36  Ал Мұсаның елді барлауға жіберген және сол ел туралы халыққа жаман хабар таратып, бүкіл жамағаттың Жаратқан Иеге наразы болуына түрткі салған адамдары
Numb Kaz 14:37  сол кезде Жаратқан Иенің алдында індеттен көз жұмды.
Numb Kaz 14:38  Елді барлап келген он екі адамнан тек Нұн ұлы Ешуа мен Ефунне ұлы Халеп екеуі ғана тірі қалды.
Numb Kaz 14:39  Мұса Жаратқан Иенің айтқан сөздерін Исраил халқына жеткізгенде бәрі қатты қайғырып жылаумен болды.
Numb Kaz 14:40  Бірақ келесі күні ертемен олар таулы елге қарай өрлеп баруға дайындалып:— Иә, күнә жасадық, мойындаймыз! Енді Жаратқан Иенің айтқан жеріне өрлеп барамыз! — десті.
Numb Kaz 14:41  Мұса оларға былай деп басу айтты:— Неге қайтадан Жаратқан Иенің бұйрығына қарсы шығасыңдар? Осылай табысты болмайсыңдар!
Numb Kaz 14:42  Таулы жерге қарай өрлеп бармаңдар, өйткені Жаратқан Ие сендермен бірге жүріп жар болмайды. Сонда жауларыңнан жеңіліп күйрейсіңдер.
Numb Kaz 14:43  Амалектіктер мен қанахандықтар сендерге сол жерде қарсы шығады. Сендер Жаратқан Иеден теріс бұрылып кеткендіктен, Ол араларыңда бірге болмай, сендер семсердің жүзінен қырыласыңдар.
Numb Kaz 14:44  Алайда олар өркөкіректеніп, таулы жерге қарай өрлеп шығуға бәрібір ұмтылды. Ал Жаратқан Иенің Келісім сандығы және Мұса пайғамбар қоныстан шықпады.
Numb Kaz 14:45  Сонда таулы жерде тұратын амалектіктер мен қанахандықтар төмен түсіп, исраилдіктерге тап беріп, оларды Хормаға дейін қуып талқандады.