Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
ROMANS
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 1
Roma Kaz 1:1  Иса Мәсіхтің қызметшісі Пауылдан дұғай сәлем. Мәсіх мені елші болуға шақырып, Құдайдың Ізгі хабарын жариялауға бағыштап тағайындады.
Roma Kaz 1:2  Осы хабарды жіберемін деп Құдай ежелде Өзінің пайғамбарлары арқылы Киелі жазбаларда уәде берген болатын.
Roma Kaz 1:3  Бұл Ізгі хабарда Құдайдың рухани Ұлы туралы сөз болады. Ол адам ретінде Дәуіт пайғамбардың әулетінен шыққан еді.
Roma Kaz 1:4  Ал Оның құдайлық қасиетіне келсек, Құдай Оны қайта тірілтуі арқылы Өзінің рухани Ұлы екенін зор құдіретпен дәлелдеді. Ол — Иеміз Иса Мәсіх.
Roma Kaz 1:5  Құдай өз рақымымен бізге Мәсіхтің арқасында және Оның атының даңқы үшін елші болуды әрі барлық ұлттардың адамдарын Оған сеніп, мойынсұнуға шақыруды тапсырды.
Roma Kaz 1:6  Сол адамдардың ішінде сендер де барсыңдар, себебі Құдай сендерді Иса Мәсіхпен тығыз байланыста болуға шақырды.
Roma Kaz 1:7  Мен сәлемімді Құдайдың Римдегі барлық сүйіктілеріне, яғни Оның қасиетті халқы болуға шақырылғандарға, жолдаймын. Сендерге Құдай Әкеміз және Иеміз Иса Мәсіх рақымын жаудырып, амандық пен тыныштық сыйлай берсін!
Roma Kaz 1:8  Сендердің сенімдерің туралы хабар әлемнің шартарабына тарап жатқандықтан, ең алдымен бәрің үшін Иса Мәсіх арқылы Құдайыма ризашылығымды білдіремін.
Roma Kaz 1:9  Мен Құдайдың рухани Ұлы туралы Ізгі хабарды жариялап, шын жүрегіммен қызмет етіп жүрмін. Құдайдың Өзі мынаған куә: Оған сиынған сайын сендерді үнемі еске аламын;
Roma Kaz 1:10  Оның еркімен маған енді қастарыңа баруға жол ашылса екен деп мінажат етемін.
Roma Kaz 1:11  Себебі өздеріңді көруді қатты аңсаудамын. Сендерді күшейту үшін рухани дарындарыммен бөліссем,
Roma Kaz 1:12  яғни сендермен болған кезімде Құдайға деген ортақ сенімімізді көріп, бір-бірімізді жігерлендірсек деймін.
Roma Kaz 1:13  Қымбатты бауырластар, сендерге шынын айтайын: өздеріңе бірнеше рет бармақшы болдым, бірақ әр жолы маған әлдене бөгет болып отырды. Өзге жерлердегі басқа ұлттардың арасында болғанымдай, мен сендердің де араларыңда еңбек етіп, соның рухани жемісін көргім келеді.
Roma Kaz 1:14  Гректер мен басқа ұлттарға, білімділер мен білімсіздерге Ізгі хабарды жариялау — менің парызым.
Roma Kaz 1:15  Сондықтан Римде тұратын сендерге де оны уағыздауға деген ықылас менде жетерлік.
Roma Kaz 1:16  Мен Ізгі хабар үшін еш ұялмаймын, ол — Мәсіхке сенетін барлық адамдарды, алдымен яһудилерді, сондай-ақ басқа ұлт адамдарын да құтқаратын Құдайдың құдіреті!
Roma Kaz 1:17  Себебі Құдайдың адамдарды ақтау жолы мынадан білінеді: ол басынан аяғына дейін сенімді қажет етеді. Пайғамбарлар жазбаларында мына тәрізді сөздер бар ғой: Сенімі арқылы ақталған адам шынайы өмір сүреді.
Roma Kaz 1:18  Құдай көктен адамдардың барлық азғындығы мен әділетсіздігіне қарсы өз қаһарын білдіреді. Себебі олар әділетсіз істері арқылы шындықты аяққа басады.
Roma Kaz 1:19  Құдай туралы білуге болатын шындық адамдарға белгілі, мұны оларға Оның Өзі білдірген.
Roma Kaz 1:20  Өйткені Құдайдың көзге көрінбейтін қасиеттері — Оның мәңгілік құдіреті мен құдайлық болмысы дүние жаратылғаннан бері айқын: бұларды Оның жаратқан нәрселерінен байқап түсінуге болады. Сондықтан адамдар Құдайды біле алмадық деп сылтаурата алмайды.
Roma Kaz 1:21  Олар Құдай туралы білсе де, Оны Құдай деп дәріптеп, шүкірлік еткен жоқ. Керісінше, адамдар түкке тұрғысыз ойға берілді. Содан саналарын қара түнек басып, наданға айналды.
Roma Kaz 1:22  Өздерін ақылдымыз деп жүріп, шын мәнінде ақымақ болып шықты.
Roma Kaz 1:23  Осылай олар мәңгі тірі Құдайдың ұлылығына табынудың орнына ажалды пенденің, құстың, төрт аяқты не бауырымен жорғалаушы жануардың мүсіндеріне құлшылық ететін болды.
Roma Kaz 1:24  Сондықтан да Құдай оларды көңілдері ынтыққан азғындықтың былығына батырып жіберді; осылай олар өз тәндерін өздері қорлауда.
Roma Kaz 1:25  Өйткені адамдар Құдай туралы шындықты мойындамай, жалған тәңірлерге сиынып келеді. Жаратушы Иеге бас ұрып ғибадат етудің орнына жаратылған нәрселерге құлшылық етеді. Ал Жаратушы Құдай мәңгілік мадақталуға лайық! Аумин.
Roma Kaz 1:26  Сол себептен де Құдай адамдарды өздерін қорлайтын құмарлықтарға батырып жіберді. Араларындағы кейбір әйелдер табиғи жыныстық қатынасты табиғи емес қатынаспен ауыстырды.
Roma Kaz 1:27  Дәл солай кейбір еркектер де әйелдерімен табиғи қатынасты қойып, бір-біріне құмарлықпен ынтығып, азғындық істейтін болды. Олар тура жолдан тайып кеткендіктерінің тиісті жазаларын өз бойларында тартып жатты.
Roma Kaz 1:28  Бұған қоса мұндай кісілер Құдайды танудың қажеті жоқ деп шешті. Сондықтан Ол соларды бұзық пейілдерінде қалдырып, ұятты нәрселер істеуге тастады.
Roma Kaz 1:29  Олардың тұла бойлары тұнған әділетсіздік, бұзықтық, дүниеқорлық, залымдық, қызғаншақтық, кісі өлтіруге құмарлық, даукестік, алдамшылық және арам ниеттілік.
Roma Kaz 1:30  Олар жасырын жамандап, ашық та өсектегіш, Құдайды жек көретін, күш көрсеткіш, өркөкірек, мақтаншақ, жамандықты ойлап тапқыш, ата-анасын сыйламайтын,
Roma Kaz 1:31  санасыз, опасыз, тасбауыр, мейірімсіз жандар.
Roma Kaz 1:32  Осындай күнәлар жасағандардың тартатын жазалары — өлім деген Құдайдың әділ үкімін сол адамдар біледі. Әйтсе де олар бұларды өздері істеп қана қоймай, солармен айналысатын басқаларды мақұлдап та отырады.