Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
ROMANS
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 9
Roma Kaz 9:1  Мен Мәсіхпен тығыз байланыстағы адам ретінде жалған емес, шындығын айтып отырмын, Киелі Рухқа бағынған ар-ұжданым бұған куә:
Roma Kaz 9:2  қасіретім зор, жүрегім үздіксіз сыздайды;
Roma Kaz 9:3  егер қанымыз бір бауырлас яһуди халқының сенімге келуі үшін менің қарғысқа ұшырап, Мәсіхтен аластатылуым қажет болса, соған да дайын болар едім.
Roma Kaz 9:4  Олар — Құдай рухани баласы ретінде қабылдап, Өзінің салтанатты ұлылығын көрсетіп, әлденеше Келісім жасасқан Исраил халқы. Таурат заңы, киелі үйдегі қызмет және Құдайдың уәделері де солардың үлесінде.
Roma Kaz 9:5  Ыбырайым, Ысқақ, Жақып және оның ұлдары осы халықтың түп аталары болған. Мәсіхтің Өзі де адам кейпінде олардың Ұрпағы болып дүниеге келді. Ол — Құдай, бүкіл жаратылыс Оның қолында, Ол мәңгі мадақтала берсін! Аумин.
Roma Kaz 9:6  Ал яһудилердің көпшілігінің Мәсіхті мойындамағандығы Құдайдың берген сөзін орындамағанын білдірмейді. Исраилден тарағандардың бәрі бірдей шынайы Исраил қауымы емес қой;
Roma Kaz 9:7  Ыбырайымнан тарағандардың бәрі бірдей оның Құдай таңдап алған ұрпағы да емес. Қайта, Құдай Ыбырайымға: «Сенің ұрпағың Ысқақтан тарайтын болады», — деді.
Roma Kaz 9:8  Олай болса, Ыбырайымның кіндігінен тараған балалардың бәрі емес, тек Ысқақ сияқты Құдайдың уәдесі бойынша дүниеге келген үрім-бұтағы ғана нағыз ұрпағы деп есептеледі.
Roma Kaz 9:9  Өйткені Құдайдың Ыбырайымға берген уәдесі былай болған: «Келесі жылы осы уақытта Мен саған тағы да келемін. Сонда әйелің Сараның ұлы болады».
Roma Kaz 9:10  Рабиға жөнінде де тура осылай болды. Оның екі ұлы бір әкеден, яғни түп атамыз Ысқақтан, туған.
Roma Kaz 9:11  Бірақ егіз ұлдары (Есау мен Жақып) дүниеге келмей, әрі не жақсылық, не жамандық жасамай тұрған кезде-ақ, Құдай екеуінің біреуін таңдап алды.
Roma Kaz 9:12  Бұл жерде Құдайдың адамдарды олардың істеген істері бойынша емес, Өзінің еркі бойынша таңдап алуы айқын көрінеді. Ол Рабиғаға: «Ағасы інісінің қызметшісі болмақ», — деген хабар жіберді.
Roma Kaz 9:13  Сол сияқты Оның мына тәрізді сөздері де жазылған: «Мен Жақыпты сүйіп таңдап алдым, ал Есауды таңдамадым».
Roma Kaz 9:14  Бұл нені білдіреді? Құдайдың әділетсіз болғаны ма? Жоқ, мүлдем олай емес!
Roma Kaz 9:15  Құдай Мұса пайғамбарға: «Мен қалаған адамыма рақымды боламын, таңдап алғаныма мейірімімді шашамын», — деген.
Roma Kaz 9:16  Яғни Құдайдың таңдап алуы адамның қалауы мен әрекетіне емес, Құдайдың рақымына байланысты.
Roma Kaz 9:17  Тауратта Өзіне қарсы шыққан Мысыр патшасы перғауынға Құдайдың былай дегені де жазылған: «Саған (істейтінім арқылы) құдіретімді көрсетіп, бүкіл жер жүзіне атымды шығару үшін ғана сені патша етіп қойдым».
Roma Kaz 9:18  Сонымен, Құдай Өзі қалағандарына рақымын төгіп, ал жаратпағандарын қасарыстырып қояды.
Roma Kaz 9:19  Мүмкін, біреулерің маған: «Олай болса, Құдай бізді неге кінәлайды? Оның еркіне кім қарсы шыға алар еді?» деп айтарсыңдар.
Roma Kaz 9:20  Ей, пенде, Құдайға қарсы сөйлейтіндей сен кімсің?! Жаратылған нәрсе өзін жаратқанға: «Неге мені осылай жараттың?» деп айта ма?
Roma Kaz 9:21  Қайта, құмырашы бір балшықтан алып, біреуін сән-салтанатқа, келесісін қарапайым қолданысқа арнап екі ыдыс жасаймын десе, ерікті емес пе?
Roma Kaz 9:22  Ал мынаған не дейсіңдер: Құдай біреулеріне күнәлары үшін қаһарын төгіп, құдіретін көрсетпек болды. Бұлар құртылуға лайықты болса да, Құдай солардың жаман іс-әрекеттеріне үлкен сабырлықпен шыдап келген еді.
Roma Kaz 9:23  Ал басқалары арқылы Құдай Өзінің шексіз ұлылығын көрсетпек болып, оларға рақымын төкті. Бұларды Ол көктегі салтанатты ұлылықты иемденуге алдын ала дайындаған еді.
Roma Kaz 9:24  Осы үшін Құдай бізді яһудилерден ғана емес, басқа ұлттардан да шақырды.
Roma Kaz 9:25  Бұл туралы Ол Ошия пайғамбар арқылы былай деген: «Мен «Халқымеместі» енді «Өзхалқым» деймін, сүймегенімді «Сүйіктім» деп атаймын».
Roma Kaz 9:26  Және: «Олар «халқым емессіңдер» делінген жердің өзінде енді «мәңгі тірі Құдайдың рухани балалары» деп аталады».
Roma Kaz 9:27  Ишая пайғамбар Исраил жайында дауыстап мынадай сөздер айтқан: Исраилдің ұрпақтары теңіз жағалауындағы құм қиыршықтарындай сансыз көп болса да, олардың біразы ғана аман қалады.
Roma Kaz 9:28  Иә, Жаратқан Ие бұл үкімін жер бетінде тездеп, (шексіз әділдікпен) біржола іске асырады.
Roma Kaz 9:29  Ишаяның алдын ала айтып кеткен мына сөзі де дәл келді: «Әлемнің Иесі біразымызды тірі қалдырмағанда, біз де ежелгі Содом мен Ғомора қалаларының кебін киіп, толықтай жойылып кеткен болар едік».
Roma Kaz 9:30  Бұған не дей аламыз? Құдай алдында ақталуға тырыспаған басқа ұлт адамдары сенімдері арқылы ақталды,
Roma Kaz 9:31  бірақ Таурат заңын орындау арқылы ақталуға тырысқан Исраил халқы бұл мақсатқа жете алмады.
Roma Kaz 9:32  Неге жете алмады? Себебі олар сенім арқылы емес, өз еңбектері арқылы ақталуға тырысты. Сондықтан Мәсіх олар үшін сүріндіретін «кедергі тас» іспетті болды.
Roma Kaz 9:33  Бұл туралы да осы тәрізді сөздер алдын ала жазылған еді: Міне, Мен Сион қаласында кедергі тасты орнатып қоямын. Бұған көбі сүрініп, құлайды. Ал «Оған сенімін артқан ешкім ұятқа қалмайтын болады лайым».