Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
ROMANS
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 8
Roma Kaz 8:1  Енді Иса Мәсіхпен тығыз байланыстағы адамдарға Құдай жазалау үкімін шығармайды. (Олар өздерінің ескі күнәкар болмысының емес, Құдайдың Киелі Рухының қалауына сай өмір сүреді.)
Roma Kaz 8:2  Себебі Иса Мәсіхпен тығыз байланыстырып, жаңа өмір сыйлаған Киелі Рух мені күнәлі құмарлық пен рухани өлімнің күштеуінен азат етті.
Roma Kaz 8:3  Біздің ескі күнәкар болмысымыз (Таурат заңын мүлтіксіз орындауға) дәрменсіз болғандықтан, осы заң істей алмағанды Құдайдың Өзі істеді: Ол Өзінің рухани Ұлын күнәміздің құнын өтеп құрбандық болу үшін күнәлі біздердің денеміздей денемен осы дүниеге жіберді. Біздің күнәмізге бола Құдай Оған үкім шығарып, Оның денесіне өлім жазасын тартқызды.
Roma Kaz 8:4  Ондағы мақсаты — біздің ескі күнәкар болмысымыздың еркі бойынша емес, Киелі Рухтың еркіне сай өмір сүріп, Құдайдың заңының әділ талаптарын орындауымыз.
Roma Kaz 8:5  Өзінің ескі күнәкар болмысының еркі бойынша өмір сүретін әрбір жан сол болмысының қалауын жүзеге асыруға ұмтылады. Ал Киелі Рухтың жетелеуімен өмір сүретіндер Киелі Рухтың қалауын орындауға ниет етеді.
Roma Kaz 8:6  Күнәкар болмыстың қамын ойлау мәңгілік өлімге, ал Киелі Рухтың еркін орындау шынайы өмір мен тыныштыққа жеткізеді.
Roma Kaz 8:7  Ескі күнәкар болмысымыздың ниеті Құдайға қас, ол Құдайдың заңына бағынбайды, әрі бағына алмайды да.
Roma Kaz 8:8  Сондықтан ескі күнәкар болмысының еркімен өмір сүретіндер Құдайға ұнай алмайды.
Roma Kaz 8:9  Бірақ Құдайдың Рухы өмірлеріңнен орын алғандықтан, сендер ескі күнәкар болмыстарыңның емес, Құдай Рухының жетелеуімен өмір сүрудесіңдер. Ал бойында Мәсіхтің Киелі Рухы жоқ адам — Мәсіхтің адамы емес.
Roma Kaz 8:10  Егер де Мәсіх (Өзінің Рухы арқылы) өмірлеріңнен орын алған болса, онда тәндерің күнәнің кесірінен ажалды болғанмен, рухтарың ақталудың арқасында мәңгілік өмірге ие.
Roma Kaz 8:11  Өлімнен Иса Мәсіхті қайта тірілткен Құдайдың Киелі Рухы өмірлеріңнен орын алды. Сондықтан Құдай бойларыңда тұратын Өзінің Киелі Рухы арқылы сендердің денелеріңді де өлімнен тірілтіп алатын болады.
Roma Kaz 8:12  Сондықтан, қымбатты бауырластар, ескі күнәкар болмысымыздың еркімен өмір сүруге міндетті емеспіз!
Roma Kaz 8:13  Өйткені егер оның еркіне сай өмір сүрсеңдер, Құдайдан ажырап, мәңгілік өлімге ұшырайсыңдар. Ал егер Киелі Рухтың күшімен күнәкар болмыстарыңның іс-әрекетінен мүлдем бас тартсаңдар, шынайы өмір сүресіңдер.
Roma Kaz 8:14  Өйткені Құдай Рухының жетелеуімен жүретіндер — Құдайдың рухани балалары.
Roma Kaz 8:15  Сендер өздеріңді құл етіп, қайтадан қорқытып жүретін рухты емес, Құдайдың рухани баласы еткен Киелі Рухты қабылдадыңдар. Ол арқылы біз Тәңір Иеге сиынғанда «Әке, Әке!» деп шақырамыз.
Roma Kaz 8:16  Киелі Рух Құдайдың рухани баласы екенімізді өз рухымызға растайды.
Roma Kaz 8:17  Рухани баласы болғандықтан, Оның бізге дайындап қойған мәңгілік игіліктеріне де ие боламыз: Құдай Мәсіхке сыйлағандары іспетті игіліктерді бізге де сыйламақ. Егер Мәсіхтің жолында жүріп, азабына ортақ болсақ, Оның салтанатты ұлылығына да ортақ болып, сол игіліктерді қабылдаймыз.
Roma Kaz 8:18  Болашақта біз үшін анық көрінетін салтанатты ұлылықпен салыстырғанда, қазіргі заманның азаптарының түк емес екендігіне әбден сенемін.
Roma Kaz 8:19  Бүкіл жаратылыс Құдай Өзінің рухани балаларын анық көрсететін күнді сағына күтіп отыр.
Roma Kaz 8:20  Өйткені жаратылыс өз еркімен емес, Құдайдың үкімімен өткіншілікке бағынды.
Roma Kaz 8:21  Солай бола тұра, Құдай бізге болашақта жаратылыс та өткіншіліктің құлдығынан босатылып, Құдайдың рухани балаларының салтанатты ұлылығы мен бостандығына жетеді деген үміт берді.
Roma Kaz 8:22  Қазірге дейін бүкіл жаратылыстың толғақ азабы секілді бейнет шегіп, ыңқылдай күрсініп жатқанын білеміз.
Roma Kaz 8:23  Бірақ ол ғана емес, Құдайдың алғашқы сыйы ретінде Киелі Рухты қабылдаған біз де іштей ыңқылдай күрсіне отырып, Құдай бізді рухани баласы ретінде Өзіне алатын, осылай тәнімізді өткіншіліктен азат ететін күнді сағына күтудеміз.
Roma Kaz 8:24  Құтқарылғаннан бері біздің осындай үмітіміз бар. Ал орындалған үмітті ешкім үміт демейді, өйткені ол іске асқанда үміт болудан қалады.
Roma Kaz 8:25  Енді біз әлі де орындалмаған нәрсеге үміт артқандықтан, оны сабырмен сағына күтеміз.
Roma Kaz 8:26  Сонымен қатар әлсіреген бізді Киелі Рух та қолдайды. Тәңір Иеден не тілейтінімізді дұрыстап білмесек те, Киелі Рухтың Өзі біз үшін өтініш етіп, сөзбен айта алмас ыңқыл, күрсінісімізді Оған жеткізеді.
Roma Kaz 8:27  Ал Тәңір Ие адам жүрегінің түкпір-түкпіріндегіні біледі. Киелі Рух Құдайдың адамдары үшін Оның еркіне сай өтініш жасағанда Құдай Киелі Рухтың ниетін де түгелдей түсінеді.
Roma Kaz 8:28  Тағы да мынаны білеміз: барлық жағдайларда Құдай Өзін сүйетіндердің игілігі үшін әрекет етеді, себебі Ол бізді өз мақсатына сай таңдап алды.
Roma Kaz 8:29  Құдай алдын ала білетін біздерді Өзінің рухани Ұлының үлгісіне ұқсасын, осылайша рухани Ұлы көптеген бауырластарының арасындағы тұңғышы іспетті аса қадірлі болсын деп бұрыннан белгілеп қойған еді.
Roma Kaz 8:30  Құдай кімдерді бұрыннан белгілеп қойса, соларды шақырып алды, шақырып алғандарын ақтап та алды, ақтап алғандарына ұлылық та сыйлады.
Roma Kaz 8:31  Бұл жайында не дейміз? Құдай жақтаса, бізге кім қарсы шыға алады?!
Roma Kaz 8:32  Ол Өзінің жалғыз рухани Ұлын аямай, Оны біз үшін өлімге қиды. Ендеше Онымен бірге бізге қажеттінің бәрін қалайша сыйламайды?
Roma Kaz 8:33  Құдайдың таңдап алғандарына кім айып таға алады? Құдайдың Өзі оларды ақтайды,
Roma Kaz 8:34  ендеше кім үкім шығара алады? Мәсіх Иса біз үшін өлді, Ол қайта тірілді де. Содан Ол Құдайдың оң жағынан орын алып, бізді қолдауда.
Roma Kaz 8:35  Мәсіхтің сүйіспеншілігінен бізді не айыра алады? Азап пен қысым ба, қудалану мен аштық-жалаңаштық па, әлде қауіп пен семсер ме?
Roma Kaz 8:36  Забурда мына сөздер жазылған: «Сен үшін олар бізді күнде жоюда, сойылатын қой деп бізге қарауда».
Roma Kaz 8:37  Ал осының бәрінде біз өзімізді шексіз сүйетін Иеміздің арқасында ұлы жеңіске жетеміз.
Roma Kaz 8:38  Мен мынаған нық сенемін: өлім де, өмір де, періштелер де, жын-перілер де, бүгінгі күн де, болашақ та, табиғаттан тыс күштер де бізді Құдайдың сүйіспеншілігінен айыра алмайды!
Roma Kaz 8:39  Рас, не үстіміздегі, не астымыздағы ешқандай күш те, тіпті жаратылыстың басқа ешбір нәрсесі де бізді Құдайдың Иеміз Иса Мәсіх арқылы көрсетіп жүрген сүйіспеншілігінен айыра алмайды!