Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
DEUTERONOMY
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 12
Deut Kaz 12:1  Ата-бабаларың сиынған Құдай Ие сендерге иемденуге берген елде қоныс теуіп, өмір сүрген кездеріңде сақтап орындауларыңа тиісті ережелер мен шешімдер мыналар:
Deut Kaz 12:2  Сендер қуып шығарғалы отырған халықтар биік тау-төбелерде және әрбір саялы ағаштың түбінде өздерінің жалған тәңірлеріне құлшылық етеді. Сол ғибадат орындарының барлығын түгелдей бұзып тастауларың керек.
Deut Kaz 12:3  Олардың құрбандық үстелдерін қиратып, тас мүсіндерін сындырып, Ашераға бағышталған ағаш бағаналарын өртеп жіберіңдер! Сол халықтар табынып келген жалған тәңірлерінің мүсіндерін де бөлшектеп, жалған тәңірлердің аттарын сол орындардан есте қалмастай етіп өшіріңдер!
Deut Kaz 12:4  Құдайларың Жаратқан Иеге сол халықтардың (жексұрын) дәстүрлері бойынша құлшылық етпеңдер!
Deut Kaz 12:5  Керісінше, Құдай Иеге Өзінің есімі құрметтелетін жер бетіндегі тұрағы болуға сендердің күллі руларыңның арасынан бір орынды таңдап алатын болады. Оған сиынып ғибадат етуге сол жерге баруларың қажет.
Deut Kaz 12:6  Құдайға арнап өртелетін құрбандықтарың мен сый-тартуларыңды, өнімнің он бөлігінің бірін әрі арнайы, не беруге серт еткен, не өз еріктеріңмен ұсынған сый-тартуларыңды, сондай-ақ малдарыңның тұңғыш төлдерін де сол жерге алып барыңдар!
Deut Kaz 12:7  Құрбандық асын отбасыларыңмен бірге сол жерде Құдай Иеміздің алдында ішіп-жеңдер. Осылайша қол тигізген барлық істеріңнің Құдайларың Жаратқан Иенің жарылқауымен жемісті болғанын тойлап шаттаныңдар.
Deut Kaz 12:8  Бүгін біздің істегеніміздей, болашақта әркім өзіне дұрыс болып көрінгенді істемесін.
Deut Kaz 12:9  Себебі Құдайларың Жаратқан Ие сендерге тыныштық сыйлайтын орынға, өздеріңнің меншікті жерлеріңе әлі жеткен жоқсыңдар.
Deut Kaz 12:10  Ал сендер Иордан өзенінен өтіп, Құдай Ие сендерге иемденуге беріп отырған елде қоныстанған кезде Ол қауіпсіздікте тұруларың үшін сендерге айналадағы жауларыңның бәрінен қорғап, тыныштық сыйлайтын болады.
Deut Kaz 12:11  Содан соң Құдайларың Жаратқан Ие өз есімін орнату үшін қандай жерді таңдап алса, сол жерге мен сендерге тапсырып отырған нәрселердің бәрін әкеліңдер: өртелетін сый-тартуларыңды, шалынып өртелетін құрбандықтарыңды, өнімдеріңнің он бөлігінің бірін, арнайы тартуларыңды және өздерің Жаратқан Иеге ант етіп бағыштаған бағалы заттарыңды алып келіңдер!
Deut Kaz 12:12  Сол жерде өздерің, ұл-қыздарың, қызметшілерің және қалаларыңда тұрып жатқан, мұралық меншікке жер үлесі бөлінбеген леуіліктер, бәрің бірге Құдайларың Жаратқан Иенің алдында қуана тойлаңдар.
Deut Kaz 12:13  Өртелетін құрбандықтарыңды өздерің қалаған әр жерде шалып, өртеуден сақ болыңдар!
Deut Kaz 12:14  Тек Жаратқан Ие руларыңның арасынан тағайындаған орында ғана құрбандықтарды шалып, мен өздеріңе тапсырған ережелердің бәрін орындаңдар!
Deut Kaz 12:15  Бірақ өз елді мекендеріңнің кез келген жерінде малдарыңды азыққа сойып, етін Құдай Иенің берген жарылқауына сай қалағандарыңша жеулеріңе болады. Аң аулап, соғып алған елік немесе бұғының еті іспетті сол етті де Жаратқан Иенің құрбандық орнына апармай-ақ жей аласыңдар.
Deut Kaz 12:16  Алайда оның қанын ішіп-жемеңдер, оны су іспетті жерге төгіп тастаңдар!
Deut Kaz 12:17  Ал жиналған астықтың, жүзім шырынының және зәйтүн майының (Жаратқан Иеге тиісті) он бөлігінің бірін, малдарыңның алғашқы төлдерін, сондай-ақ Жаратқан Иеге ұсынуға серт еткен не өз еркіңмен ұсынып жатқан немесе арнайы берген сый-тартуларыңды да өздерің тұрып жатқан елді мекендеріңде жеулеріңе болмайды.
Deut Kaz 12:18  Керісінше, бұларды Құдайларың Жаратқан Ие тағайындайтын орында Оның алдында өздерің, ұл-қыздарың, қызметшілерің және елді мекендеріңде бірге тұратын леуіліктер, бәрің бірге ішіп-жеңдер. Осылайша қолға алған барлық істеріңнің жемісті болғанына қуанып Құдай Иелеріңнің алдында тойлаңдар.
Deut Kaz 12:19  Елде тұрып жатқан уақыттың барлығында леуіліктерді қамқорлықсыз қалдырмаңдар!
Deut Kaz 12:20  Құдайларың Жаратқан Ие жерлеріңді өз уәдесіне сай кеңейтіп берген соң, етке аңсарларың ауғанда оны қанша жегілерің келсе, сонша жей аласыңдар.
Deut Kaz 12:21  Егер Құдай Ие өз есімін орнатуға тағайындайтын орын сендердің тұратын жерлеріңнен тым алыс болса, онда өздеріңе өсиет еткенімдей, Жаратқан Иенің жарылқауымен өскен малдарыңнан бір малды сойып, етін елді мекендеріңде қалағандарыңша жеулеріңе болады.
Deut Kaz 12:22  Сол етті еліктің не бұғының етін жегендей жей аласыңдар. Тазару рәсімінен өткен не өтпеген адамдарың да соны жей алады.
Deut Kaz 12:23  Алайда оның қанын ішіп-жеуден сақ болыңдар! Себебі қан дегеніміз — жан. Етті жанмен қосып жеулеріңе болмайды. Қайта, қанын су іспетті жерге төгіп тастаңдар!
Deut Kaz 12:24  Алайда оның қанын ішіп-жеуден сақ болыңдар! Себебі қан дегеніміз — жан. Етті жанмен қосып жеулеріңе болмайды. Қайта, қанын су іспетті жерге төгіп тастаңдар!
Deut Kaz 12:25  Қанды еш ішіп-жемеңдер! Сонда өздерің және болашақ ұрпақтарың игілікті өмір сүретін боласыңдар. Себебі осы бұйрықты орындағандарың Жаратқан Иеге ұнамды.
Deut Kaz 12:26  Ал Жаратқан Иеге бағышталған және Оған тарту етемін деп серт еткен барлық құрбандықтарыңды Жаратқан Ие тағайындайтын жерге алып барыңдар.
Deut Kaz 12:27  Өртеп ұсынылатын құрбандықтарың Құдайларың Жаратқан Иеге арналған құрбандық үстелінде қанымен және етімен қоса ұсынылсын. Бұлардан өзге құрбандықтарыңның қаны да сол құрбандық үстелінің жанында төгілуі керек, ал солардың етін жей берулеріңе болады.
Deut Kaz 12:28  Өздеріңе беріп отырған осы бұйрықтарымның бәрін мұқият тыңдап, орындайтын болыңдар! Сонда өздерің және болашақ ұрпақтарың үшін игілікті өмір сүретін боласыңдар. Себебі осылай еткендерің Құдай Иемізге ұнамды және дұрыс.
Deut Kaz 12:29  Құдайларың Жаратқан Ие өздерің кіріп, иемденейін деп жатқан елдегі халықтарды алдарыңнан аластатып, сендер оларды елден қуып шығып, сонда қоныстанып алғандарыңнан кейін,
Deut Kaz 12:30  өздерің азғырылып қалмаңдар! Солардың жалған тәңірлеріне ынтығып, «Осы халықтар өз тәңірлеріне қалай ғана құлшылық етті екен? Біз де солай істейікші!» деп олардың торына түсіп қалып жүрмеңдер!
Deut Kaz 12:31  Сендер Құдайларың Жаратқан Иеге олардан үйренген жолдармен табынушы болмаңдар! Себебі сол халықтар жалған тәңірлеріне табынған кезде Жаратқан Иеге жексұрын да жиренішті нәрселердің әр түрін жасайды. Олар сол тәңірлеріне арнап тіпті ұл-қыздарын да құрбан етіп өртеп жібереді.
Deut Kaz 12:32  Сонымен мен айтқан бұйрықтардың барлығын мұқият орындаңдар, оларға еш нәрсені не қосып, не алып тастаушы болмаңдар!