Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
DEUTERONOMY
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 7
Deut Kaz 7:1  Құдайларың Жаратқан Ие сендерді елді иемдену үшін соған кіргізген кезде Өзі алдарыңнан бірнеше ұлтты қуып шығады. Олар: хеттіктер, гергестіктер, аморлықтар, қанахандықтар, перездіктер, хевтіктер және ебустіктер. Осы жеті ұлт өздеріңнен үлкен әрі күшті.
Deut Kaz 7:2  Құдайларың Жаратқан Ие (азғындыққа салынған) сол халықтарды қолдарыңа түсіріп, сендерге жеңдіргенде, барлығын да Оған бағыштап, түгелдей құртуларың керек. Олармен ешбір келісім жасамаңдар, аяп-мүсіркеуші де болмаңдар!
Deut Kaz 7:3  Олармен құдандалы болып, қыз алысып, қыз берісуші болмаңдар!
Deut Kaz 7:4  Әйтпесе олар балаларыңды Жаратқан Иеден бас тартқызып, бөтен тәңірлерге құлшылық еткізетін болады. Сонда Оның қаһары өздеріңе қарсы лап етіп, сендерді лезде-ақ құртып жібереді.
Deut Kaz 7:5  Керісінше, сендер азғын халықтарға мынаны істеулерің қажет: олардың құрбандық орындарын бұзып, қиратыңдар, табынатын тас мүсіндерін талқандаңдар; Ашера атты жалған тәңірге арналған ағаш бағаналарды шауып тастап, олардың тәңірсымақтарының басқа мүсіндерін де отқа өртеп жіберіңдер!
Deut Kaz 7:6  Себебі сендер Құдайларың Жаратқан Иеге бағышталған қасиетті халықсыңдар. Ол жер бетіндегі барлық халықтардың ішінен сендерді Өзінің халқы және ерекше құнды меншігі болуға таңдап алған.
Deut Kaz 7:7  Жаратқан Иенің сендерді сүйіп, таңдап алғанының себебі сендердің басқа халықтардан үлкен болғандықтарыңнан емес! Шынында сендер барлық халықтардың ішіндегі ең азы едіңдер.
Deut Kaz 7:8  Қайта, Жаратқан Ие сендерді сүйгендігінен әрі ата-бабаларыңа берген антына бола ғана таңдап алды. Содан Өзінің құдіретті қолымен сендерді Мысыр патшасы перғауынның қолынан құтқарып, сол елдегі құлдықтан азат етіп, алып шықты.
Deut Kaz 7:9  Сондықтан да Құдайларың Жаратқан Иенің шынымен Құдай екенін біліп алыңдар! Өзін сүйіп, өсиеттерін ұстанғандардың тіпті мыңыншы ұрпағына да Ол Өзінің Келісімін сақтап, рақымын төгетін болады.
Deut Kaz 7:10  Бірақ Өзін менсінбейтіндерді құртып, оларға жазаларын тартқызады. Иә, Ол Өзін менсінбейтіндерге көп кешікпей-ақ жазаларын тартқызбақ.
Deut Kaz 7:11  Сондықтан бүгін мен өздеріңе табыстап отырған Оның өсиетін, ережелерін және шешімдерін сақтап орындайтын болыңдар!
Deut Kaz 7:12  Егер осы шешімдерге құлақ асып, оларды сақтап орындайтын болсаңдар, онда Құдайларың Жаратқан Ие ата-бабаларыңмен жасаған Келісімін сақтап, сендерге рақымын төгетін болады.
Deut Kaz 7:13  Ол өздеріңе табыстауға ата-бабаларыңа антпен уәде еткен елде сендерді сүйіп, жарылқап, көбейтеді. Сендерді ұрпақты етіп, жерлеріңнің өнімін де жарылқап, өндірген астықтарыңды, жүзім шырындарыңды, зәйтүн майларыңды және табын-отарларыңның төлдерін мол қылатын болады.
Deut Kaz 7:14  Сендер басқа халықтардың бәрінен де мол жарылқанатын боласыңдар. Араларыңда бала сүйе алмайтын не еркек, не әйел болмайды, малдарың да қысыр қалмайды.
Deut Kaz 7:15  Жаратқан Ие сендерден ауру-сырқау атаулыны алшақтатып, Мысырдың өздеріңе таныс жаман індеттерінің ешқайсысын сендерге жуытпайды. Керісінше, солардың барлығын өздеріңді жек көретіндерге жұқтырады.
Deut Kaz 7:16  Сонымен, Құдайларың Жаратқан Ие қолдарыңа тапсыратын (сол азғын) халықтардың барлығын құртуларың керек. Оларды аяп-мүсіркемеңдер, олар табынып келген жалған тәңірлеріне құлшылық етпеңдер! Әйтпесе, сол тәңірсымақтар өздеріңе тұзақ болады.
Deut Kaz 7:17  Сендер іштей: «Бұл халықтар бізден соншама басым ғой. Қалай ғана оларды қуып шыға аламыз?» деп уайымдауларың да мүмкін.
Deut Kaz 7:18  Бірақ олардан еш қорықпаңдар! Құдайларың Жаратқан Иенің перғауын патшаға және бүкіл Мысырға не істегенін естеріңде берік сақтаңдар!
Deut Kaz 7:19  Құдай Иенің оларды өткізген алапат сынақтарын әрі Өзінің сендерді ғажап кереметтері және алға созылған құдіретті қолы арқылы Мысырдан алып шыққанын өз көздеріңмен көрдіңдер ғой. Сендер қорқып келген халықтардың бәріне де Құдай Иеміз солай істейтін болады.
Deut Kaz 7:20  Оның үстіне Құдай Ие сол халықтардың зәрелерін ұшыратын үрейді де жібереді, сонда олардың сендерден тығылып тірі қалғандарының бәрі де құритын болады.
Deut Kaz 7:21  Ендеше сол халықтардан еш қорықпаңдар! Себебі араларыңда тұрып, сендерге жар болатын Құдайларың Жаратқан Ие — үрей туғызатын ұлы да ғажайып Құдай!
Deut Kaz 7:22  Оның Өзі сол (азғын) халықтарды алдарыңнан біртіндеп қуып шығып отыратын болады. Оларды бірден жоя алмайсыңдар, әйтпесе жабайы аңдар тым көбейіп кетіп, сендерге зиян келтірер еді.
Deut Kaz 7:23  Дегенмен, Құдай Ие оларды қолдарыңа тапсырып, бәрі де құрып кетпейінше ғаламат әбігерге салады.
Deut Kaz 7:24  Ол солардың патшаларын да қолдарыңа түсіреді. Содан оларды жойып, есімдерін аспан астынан біржолата сызып тастайсыңдар. Ешкім де сендерге қарсы тұра алмайды, барлығын да жоқ қыласыңдар.
Deut Kaz 7:25  Олардың ағаштан жасалған тәңір мүсіндерін өртеп жіберулерің керек! Солардағы алтын-күміске қызығып, оны өздеріңе алмаңдар! Әйтпесе Құдай Иеге жексұрын сол мүсіндер сендерді тұзаққа түсіреді.
Deut Kaz 7:26  Құдайға жек көрінішті сондай нәрсені үйлеріңе еш әкелмеңдер! Әйтпесе өздерің де сол нәрселер сияқты қарғысқа ұшырап, құрып кетесіңдер. Керісінше, солардан өздерің де жиреніп, бойларыңды аулақ ұстаңдар! Себебі барлық тәңір мүсіндері қарғысқа ілігіп, толығымен жойылуға тиісті нәрселер.