Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
EZRA
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 8
Ezra Kaz 8:1  Артақсерікс патшаның кезінде Бабыл елінен менімен бірге Иерусалимге еріп келген әулет басшыларының есімдері мен олардың шыққан ата-тектері мыналар:
Ezra Kaz 8:2  Діни қызметкер Пінехестің ұрпақтарынан: Гершом.Діни қызметкер Ітамардың ұрпақтарынан: Даниял.Дәуіт патшаның тұқымынан шыққан
Ezra Kaz 8:3  Шеханияхтың ұрпақтарынан: Хатуш.Пароштың ұрпақтарынан: Зәкәрия және онымен бірге тізімге тіркелген жүз елу ер адам.
Ezra Kaz 8:4  Пахат-Моабтың ұрпақтарынан: Зерахиях ұлы Елиехонай және онымен бірге екі жүз ер адам.
Ezra Kaz 8:5  (Заттудың ұрпақтарынан:) Яхазиел ұлы Шеханиях және онымен бірге үш жүз ер адам.
Ezra Kaz 8:6  Адиннің ұрпақтарынан: Жонатан ұлы Ебед және онымен бірге елу ер адам.
Ezra Kaz 8:7  Еламның ұрпақтарынан: Аталиях ұлы Ишая және онымен бірге жетпіс ер адам.
Ezra Kaz 8:8  Шафатияхтың ұрпақтарынан: Михайл ұлы Забадиях және онымен бірге сексен ер адам.
Ezra Kaz 8:9  Жоғабтың ұрпақтарынан: Ехиел ұлы Абадиях және онымен бірге екі жүз он сегіз ер адам.
Ezra Kaz 8:10  Банидың ұрпақтарынан: Жосифиях ұлы Шеломит және онымен бірге жүз алпыс ер адам.
Ezra Kaz 8:11  Бебайдың ұрпақтарынан: Бебай ұлы Зәкәрия және онымен бірге жиырма сегіз ер адам.
Ezra Kaz 8:12  Азғадтың ұрпақтарынан: Хақатан ұлы Жоханан және онымен бірге жүз он ер адам.
Ezra Kaz 8:13  Адониқамның ұрпақтарының арасынан ең соңғы қайта оралғандардың есімдері: Әлипәлет, Еуел, Шемаях және олармен бірге алпыс ер адам.
Ezra Kaz 8:14  Бигуайдың ұрпақтарынан: Утай мен Зақур және олармен бірге жетпіс ер адам.
Ezra Kaz 8:15  Сапарға шығарда мен, Езра, осы айтылып өткен исраилдіктерді Аһауаға қарай ағатын өзен тармағының қасына жинадым. Сол жерде біз үш күн қондық. Мен діни қызметкерлерді және басқа адамдарды түгендеп шығып, олардың арасынан бірде-бір леуілік көмекшіні таппадым.
Ezra Kaz 8:16  Сонда мен Елиезер, Ариел, Шемаях, Елнатан, Жарип, Елнатан, Натан, Зәкәрия, Мешулам есімді әулет басшыларын әрі Жояриб пен Елнатан есімді екі ғұламаны қасыма шақырып алдым.
Ezra Kaz 8:17  Оларды Қасипиях деген жердің басшысы Иддоға жолдадым. Оған және оның Қасипияхтағы леуілік руластарына әрі бұрын Иерусалимдегі ғибадатхананың қызметшілері болғандарға бізге Құдайымыздың киелі үйінде қызмет ететін адамдарды жіберсін деп айтуды тапсырдым.
Ezra Kaz 8:18  Құдай бізді шапағатты мейірімімен жарылқағандықтан, олар қайтқанда бір өте қабілетті ғалымды өзінің ұлдары және ағайындарымен бірге, барлығы он сегіз адамды, ертіп алып келді. Ғалымның есімі Шеребиях еді. Ол Исраил ұлы Леуіден тараған Мәхлидің ұрпағы болатын.
Ezra Kaz 8:19  Сондай-ақ, Хашабиях және онымен бірге Мераридің ұрпағы Ишая өзінің бауырлары және олардың ұлдарымен, барлығы жиырма адам да келді.
Ezra Kaz 8:20  Олар ғибадатхана қызметшілерінің екі жүз жиырма ұрпағын да ертіп алып келді. Бұлардың ата-бабаларын кезінде Дәуіт патша және әміршілер леуіліктерді діни қызметтерінде қолдауға тағайындаған болатын. Жаңадан қосылғандардың бәрі де аты-жөндері бойынша тіркеліп, тізімге енгізілді.
Ezra Kaz 8:21  Мұнан кейін мен сол жерде, Аһауадағы өзен тармағының жағасында, барлығымызды Құдайымыздың алдында мойынсұнып, ораза ұстауға шақырдым. Осылай біз Құдайдан өзіміз бен бала-шағамыз және барша мал-мүлкіміз үшін оң сапар сыйлауын сұрап мінажат еттік.
Ezra Kaz 8:22  Өйткені мен патшадан бізді жол жүріп бара жатқанда дұшпандардан қорғайтын жасақшылар мен атты әскер сұраудан ұялған едім. Қайта, біз патшаға: «Құдайымыз Өзіне бет бұрып, сиынатындардың бәрін шапағатты мейірімімен жарылқайды. Ал Өзін елемей кеткендердің бәріне қаһарланып, құдіретімен жазалайды», — деп айтқан едік.
Ezra Kaz 8:23  Сондықтан біз ораза ұстап Құдайдан осыны жалбарына сұрадық. Ол біздің өтінішімізге құлақ түрді де.
Ezra Kaz 8:24  Содан соң мен аға діни қызметкерлердің он екісін, Шеребиях пен Хашабияхты және солардың он леуілік қызметтесін де таңдап алдым.
Ezra Kaz 8:25  Оларға патшаның, оның кеңесшілері мен әміршілерінің және Бабыл аймағында тұрған барлық исраилдіктердің біздің Құдайымыздың киелі үйіне бағыштап табыстаған тартуларын: алтын-күмісті және бұйымдарды таразыға тартып өлшеп бердім.
Ezra Kaz 8:26  Осылайша оларға алты жүз елу ат басындай күміс, әрқайсысының салмағы екі ат басындай бір жүз күміс бұйымдар, бір жүз ат басындай алтын,
Ezra Kaz 8:27  құны бір мың алтын теңге болатын жиырма алтын тостаған және құны алтынмен бірдей жылтыратылған қоладан жасалған екі бұйымды сеніп тапсырдым.
Ezra Kaz 8:28  Оларға былай дедім: «Өздерің Жаратқан Иеге бағышталғансыңдар, осы бұйымдар да Оған бағышталған. Мына алтын-күміс — ата-бабаларымыз сиынған Құдай Иеге арналған ерікті тартулар.
Ezra Kaz 8:29  Өздеріңе сеніп тапсырылғанды мұқият қадағалап сақтаңдар! Кейін оны Иерусалимде, Жаратқан Иенің киелі үйінің ішкі бөлмелерінде діни қызметкерлер, леуіліктер және Исраил әулеттерінің басшыларының алдында таразыға тартып табыстайсыңдар».
Ezra Kaz 8:30  Осылайша діни қызметкерлер мен леуіліктер Құдайымыздың Иерусалимдегі киелі үйіне апарып жеткізу үшін таразыға тартылып, өлшенген сол алтын-күмісті және сол бұйымдарды өзара бөлісіп алды.
Ezra Kaz 8:31  Содан біз бірінші айдың он екінші күні Аһауадағы өзен тармағының жағасынан сапарға шығып, Иерусалимге бет алдық. Құдайымыз үстімізге құдіретті қолын созып, бізді шапағатты мейірімімен жарылқады да, жол бойы дұшпанның және қарақшының торуылынан аман-есен сақтады.
Ezra Kaz 8:32  Иерусалимге жеткен соң сонда үш күн тынықтық.
Ezra Kaz 8:33  Төртінші күні біз әкелген алтын-күміс пен арнайы бұйымдар Құдайымыздың киелі үйінде таразымен өлшеніп, діни қызметкер Ұрия ұлы Меремоттың қолына тапсырылды. Оның қасында Пінехес ұлы Елазар тұрды. Сондай-ақ, Ешуа ұлы Жозабад пен Бинуй ұлы Ноғадиях атты леуіліктер де сол жерде болды.
Ezra Kaz 8:34  Әкелінген заттардың барлығы таразыға тартылып, жалпы салмағы мен сандары анықталған соң дереу тіркеліп жазылып қойылды.
Ezra Kaz 8:35  Бабылға жер аударылудан қайта оралғандар осыдан кейін Исраилдің сиынатын Құдайына арнап шалынып, түгелдей өртелетін құрбандықтар ұсынды: бүкіл Исраил халқы үшін он екі жас бұқа, сонымен қатар тоқсан алты қошқар мен жетпіс жеті еркек тоқты шалынды. Ал күнәнің құнын өтеу үшін он екі теке де құрбандыққа ұсынылды. Бұлардың бәрі Жаратқан Иеге арналған шалынып, өртелетін құрбандықтар болды.
Ezra Kaz 8:36  Оралмандар патшаның жарлықтарын оның Батыс Евфрат өлкесіндегі әміршілеріне және ондағы аймақ әміршілеріне табыстады. Осылай солар да Исраил халқын және Құдайдың үйін қолдап, көмектесетін болды.