Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
I CHRONICLES
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 22
I Ch Kaz 22:1  Сонымен Дәуіт: «Құдай Иенің жаңа киелі үйі және Исраилдің шалынып, өртелетін құрбандықтарын ұсынатын үстелі осы жерде салынсын!» — деп шешті.
I Ch Kaz 22:2  Содан Дәуіт Исраилде тұрып жатқан жат жұрттықтарды жинап алуға жарлық шығарды. Солардың арасынан Құдайдың киелі үйінің құрылысына қажетті тастарды шауып, өңдеп дайындайтын жұмысшыларды жинауға әмір етті.
I Ch Kaz 22:3  Қақпаның есіктеріне арналған шегелер әрі қапсырма шегелер жасау үшін Дәуіт көп мөлшерде темір дайындап қойды. Даярланған қоланың көп болғаны сонша, оның салмағын анықтау да мүмкін емес еді.
I Ch Kaz 22:4  Дәуіт сансыз көп самырсын бөренелерін де әзірлеп қойды, өйткені (Финикиядағы) Сидон мен Тир патшалықтары соларды өте көп мөлшерде алып келді.
I Ch Kaz 22:5  Дәуіт: «Ұлым Сүлеймен әлі де бұғанасы қатпаған жас. Ал Жаратқан Иеге арнап салынбақ киелі үй зәулім де сәулетті ғимарат болуға тиіс. Оның даңқы күллі халықтарға жайылатын болсын! Сондықтан оның құрылысына дайындық жасайын», — деп ойлады. Осылайша Дәуіт өмірінің соңына дейін құрылысқа қажет болатын заттардың мол қорын даярлап қойды.
I Ch Kaz 22:6  Содан Дәуіт баласы Сүлейменді шақырып алды. Оған Исраилдің сиынатын Құдайы — Жаратқан Иеге арнап киелі үй салуды тапсырып
I Ch Kaz 22:7  мынаны айтты:— Ұлым, менің Құдай Иеме бағыштап киелі үй тұрғызбақ ниетім болған еді.
I Ch Kaz 22:8  Бірақ Жаратқан Ие маған сөзін арнап былай деді: «Сен үлкен соғыстар жүргізіп, көптеген адамдардың қанын төктің. Менің көз алдымда соншама мол қан төккендіктен, Менің есіміме бағыштап киелі үй салуыңа болмайды!
I Ch Kaz 22:9  Бірақ сенің тыныштықта өмір сүретін ұлың болады. Мен оның жан-жағындағы барлық жауларын тыныштандырамын. Оның есімі — Сүлеймен. Сүлейменнің кезінде Мен Исраил еліне амандық пен тыныштық сыйлаймын.
I Ch Kaz 22:10  Менің есіміме арнап киелі үйді сол салады. Мен оған Әке, ал ол Менің рухани ұлым болады. Мен оның Исраил елінің үстінен патшалық құратын тағын мәңгілікке нығайтамын».
I Ch Kaz 22:11  Ал енді, ұлым, Құдайың Жаратқан Иеңнің айтқанына сай Оған арналған киелі үйді салу ісіңде табысқа жетуің үшін Жаратқан Ие саған жар бола көрсін!
I Ch Kaz 22:12  Оның Өзі саған ақыл-парасат сыйлай көрсін! Осылайша Ол сені Исраилдің басқарушысы еткенде, Құдай Иеңнің Таурат заңын сақтайсың.
I Ch Kaz 22:13  Сонда сен Жаратқан Иенің Мұса арқылы Исраил халқына берген ережелері мен шешімдерін мұқият орындауға тырыссаң, табысқа жетесің. Қайратты да батыл бол! Еш нәрседен қорқып, түңілме!
I Ch Kaz 22:14  Ал енді, мен жан сала ұмтылып Жаратқан Иенің киелі үйі үшін жүз мың ат басындай алтын, мың рет мың ат басындай күміс, сансыз көп мөлшерде қола мен темір әрі ағаш пен тас та жинап, дайындап қойдым. Соларға өзің де қосарсың.
I Ch Kaz 22:15  Өзіңде жұмыскерлер: тас өңдеушілер мен тас қалаушылар, ағаш ұсталары мен әр түрлі басқа да жұмыстардың шеберлері өте көп.
I Ch Kaz 22:16  Олар алтын, күміс, қола және темірмен жұмыс жасауды біледі. Іске кірісіп, әрекет ете бер, Жаратқан Ие саған жар бола көрсін!
I Ch Kaz 22:17  Содан Дәуіт Исраилдің барлық басшыларына Сүлейменді қолдауға бұйырып
I Ch Kaz 22:18  былай деді:— Құдайларың Жаратқан Ие сендерге жар болып жан-жақтан тыныштық сыйлады емес пе? Ол осы елдің тұрғындарының бәрін менің қолыма тапсырды. Елдің жері Жаратқан Иеге және Оның халқына бағынышты болды.
I Ch Kaz 22:19  Ендеше шын жүректен, бүкіл жан дүниелеріңмен Құдайларың Жаратқан Иеге бет бұрып, бағышталыңдар! Құдай Иенің киелі үйін тұрғызуға кірісіңдер! Құрылысты бітіргеннен кейін Жаратқан Иенің Келісім сандығын да, Құдайға бағышталған құрал-жабдықтарды да Жаратқан Иенің есіміне арнап салынған осы киелі үйге апарып қойыңдар!