Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
NUMBERS
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 20
Numb Kaz 20:1  Бірінші айда исраилдіктердің бүкіл қауымы Сін атты елсіз далаға жетіп, сондағы Қадеш деген жерде тұрақтады. Мәриям сол жерде қайтыс болып, мәйіті қабірге қойылды.
Numb Kaz 20:2  Ал қауымның ішетін сулары болмай, олар Мұса мен Һаронға қарсы бас қосты.
Numb Kaz 20:3  Олар Мұсаға қатты наразы болып былай деді: «Ағайындарымыз Жаратқан Иенің алдында өлген кезде біздің де өліп қалғанымыз игі болар еді!
Numb Kaz 20:4  Бізді — Жаратқан Иенің қауымын неге осы иен далаға бастап алып келдіңдер? Өзіміз бен малымыздың қырылуы үшін бе?!
Numb Kaz 20:5  Бізді Мысыр елінен шығарып, мына қу медиенге неге алып келдіңдер? Мұнда астық шықпайды, інжір, жүзім, анар дегендерің өспейді! Тіпті ішетін су да жоқ!»
Numb Kaz 20:6  Осы сөздерді естігенде Мұса мен Һарон бас қосқан халықтан бөлініп шығып, кездесу шатырының кіреберісіне барып, сол жерде етпеттерінен жата кетті. Сонда оларға Жаратқан Иенің нұрлы салтанаты көрінді.
Numb Kaz 20:7  Жаратқан Ие Мұсаға тіл қатып былай деді:
Numb Kaz 20:8  «Әлгі таяқты қолыңа алып, ағаң Һарон екеуің бүкіл қауымды жинаңдар. Олардың көз алдында мына жартасқа бұйыра сөйлеңдер! Сонда ол сендерге ішінен суын ағызады. Осылайша сен жартастан су ағызып шығарып, халықтың да, малының да шөлін қандыратын боласың».
Numb Kaz 20:9  Мұса Жаратқан Иенің нұсқауы бойынша Оның алдында сақтаулы тұрған таяқты қолына алды.
Numb Kaz 20:10  Һарон екеуі бүкіл жамағатты жартастың алдына жинады. Мұса оларға: «Уа, бағынбайтын қыңырлар, құлақ салыңдар! Сендерге осы жартастан су ағызайық па?» — деп дауыстады.
Numb Kaz 20:11  Содан кейін Мұса қолын көтеріп, жартасты екі рет таяғымен соғып қалды. Сонда одан су молынан сарқырап аға жөнелді. Бүкіл жамағат та, малдары да ішіп, шөлдерін қандырды.
Numb Kaz 20:12  Бірақ Жаратқан Ие Мұса мен Һаронға тіл қатып былай деді: «Маған жете сенбей, Исраилдің үрім-бұтағының алдында Менің киелі екенімді көрсетпедіңдер. Сондықтан екеуің осы қауымды Өзім оларға табыстап отырған елге алып бармайсыңдар!»
Numb Kaz 20:13  Бұл жер Меріба (Ұрсу) суы деп аталып кетті. Себебі Исраилдің үрім-бұтағы сол жерде Жаратқан Иеге ұрсып, Ол Өзінің киелі екенін көрсетті.
Numb Kaz 20:14  Мұса Қадештен Едом патшасына елшілері арқылы мынадай сәлем жіберді:— Ағайындарың исраилдіктерден дұғай сәлем. Біздің басымызға түскен әр алуан бейнеттер туралы өздерің білесіздер.
Numb Kaz 20:15  Ата-бабаларымыз Мысыр еліне қоныс аударып, сол жерде көп жыл тұрдық. Ал мысырлықтар бізге және аталарымызға жәбір көрсетті.
Numb Kaz 20:16  Сонда біз Жаратқан Иеден көмек сұрап жалбарынған едік. Ол бізге құлақ салып, періштесін жіберіп, бізді Мысыр елінен азат етіп алып шықты. Енді біз сіздің елдің шет жағында орналасқан Қадеш қаласындамыз.
Numb Kaz 20:17  Бізге жеріңіз арқылы өтіп шығуға рұқсат берсеңіз екен. Не егістіктеріңізге, не жүзімдіктеріңізге түспейміз. Құдықтарыңыздан да су ішуші болмаймыз. Патшаның үлкен жолымен ғана еліңізді кесіп өте шығамыз. Соған дейін жолдан оңға да, солға да бұрылмаймыз! —
Numb Kaz 20:18  Бірақ едомдықтар Мұсаға мынадай жауап жіберді:— Жеріміз арқылы өтпейсіңдер, әйтпесе сендерге қарсы семсермен шығамыз! —
Numb Kaz 20:19  Сонда исраилдіктер:— Біз үлкен жолмен ғана өте шығамыз. Егер біз өзіміз не малдарымыз суыңызды ішетін болсақ, ақшасын төлейміз. Тек жеріңіз арқылы жаяу өте шықсақ болғаны. Одан басқа ештеңе істемейміз, — деп өтінді.
Numb Kaz 20:20  Алайда едомдықтар қайтадан:— Жоқ, өйтпейсіңдер! — деген жауап берді. Олар Исраилге қарсы мықты қарулы қолмен шықты.
Numb Kaz 20:21  Сонымен едомдықтар Исраилге өз жерлері арқылы өтіп кетуге рұқсат бермегендіктен, халық оларды айналып өтпек болып бағыттарын өзгертті.
Numb Kaz 20:22  Осылайша исраилдіктер Қадеш қаласынан шығып, бүкіл жамағат Һор тауына жетті.
Numb Kaz 20:23  Едом елінің шекарасындағы Һор тауында Жаратқан Ие Мұса мен Һаронға тіл қатып былай деді:
Numb Kaz 20:24  «Һаронның о дүниеге, ата-бабаларының қасына аттанатын мезгілі жетті. Ол Мен исраилдіктерге табыстауға уәде еткен елге кірмейді. Себебі екеуің Мерібадағы су жайлы Менің бұйрығыма бағынбадыңдар.
Numb Kaz 20:25  Һаронды және оның ұлы Елазарды ертіп алып, Һор тауының басына көтеріліңдер.
Numb Kaz 20:26  Сол жерде Һаронның арнайы киімдерін шешіп, ұлы Елазарға кигіз. Ал Һаронның өзі сол жерде дүниеден өтіп ата-бабаларының қасына жөнеледі».
Numb Kaz 20:27  Мұса Жаратқан Иенің бұйрығын орындап, үшеуі бүкіл жамағаттың көзінше Һор тауына көтеріліп кетті.
Numb Kaz 20:28  Сонда Мұса Һаронның үстінен арнайы киімін шешіп алып, оның ұлы Елазарға кигізді. Һарон сол таудың басында қайтыс болды. Кейін Мұса Елазар екеуі таудан түсті.
Numb Kaz 20:29  Жамағат Һаронның қайтыс болғанын білгенде, бүкіл Исраил халқы оны отыз күн бойы жоқтап аза тұтты.