Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
ISAIAH
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 53
Isai Kaz 53:1  Біздің хабарымызға азғана кісілер сенді! Жаратқан Иенің құдіретті күші кімге ашық көрсетілді?
Isai Kaz 53:2  Қызметшісі Құдай алдында жас көшеттей, құрғақ жерден шыққан жас өркендей өсіп шықты. Оның біз таңырқап қарайтындай ажары мен келбеті немесе бізге ұнайтындай ұсқыны жоқ еді.
Isai Kaz 53:3  Оны адамдар менсінбей, жалғыз қалдырды. Ол ауыр азап көріп, көп қасірет шегіп, жұрт бетін бұрып әкететіндей жиренішті болды. Оны біз де бағалаған жоқпыз.
Isai Kaz 53:4  Шынында Құдайдың Қызметшісі біздің қасіретімізді Өзіне алды, біздің ауруларымызды өз мойнымен көтерді. Оның ұрылып, азап шегуін Құдай бұйырған жаза деп ойладық!
Isai Kaz 53:5  Алайда Құдайдың Қызметшісі біздің күнәларымыз үшін түйреліп, біздің әділетсіз істеріміз үшін құртылды. Оның тартқан жазасы бізге амандық пен тыныштық әкелді. Оның жараларының арқасында біз (рухани дертімізден) сауықтық.
Isai Kaz 53:6  Барлығымыз адасқан қойлардай тентіреп, өз бетімізбен жүрдік. Ал Жаратқан Ие бәріміздің күнәларымызды Қызметшісінің мойнына артты.
Isai Kaz 53:7  Ол зорлық көріп қиналды, алайда аузын ашпады. Оны тоқты сияқты сойылатын жерге алып барды. Ол қырқылып жатқанда үні шықпайтын қой секілді тіс жармады.
Isai Kaz 53:8  Оны жәбірлеп, әділетсіз соттап, өлтіруге алып кетті. Оның замандастарынан кім мынаны ойлады: Ол халқымның күнәларына бола азапталып, бұ дүниеден аластатылды.
Isai Kaz 53:9  Оның моласы қылмыскерлер қорымында белгіленгенмен, мәйіті бай адамның қабіріне қойылды. Өйткені Ол ешқандай күнә жасаған да емес, аузынан бірде-бір өтірік шыққан да емес.
Isai Kaz 53:10  Алайда Жаратқан Иенің Қызметшісі Оның еркімен азап шегіп құртылды. Ол өз жанын айыпты өтейтін құрбандық еткен соң, өз үрім-бұтағын көріп, ғұмыры ұзақ болады. Қызметшісінің арқасында Жаратқан Иенің еркі жүзеге асады.
Isai Kaz 53:11  Әділ Қызметшім «жан азабының нәтижесіне қарап қанағаттанатын болады. Оны көп адамдар танып мойындап, ақталады. Ол солардың күнәларын өз мойнына алады.
Isai Kaz 53:12  Оған сол себептен көптеген адамдарды табыс етемін. Ол билік иелерін де олжалайды. Себебі Қызметшім жанын өлімге қиып, қылмыскерлердің қатарында саналды. Ол бірақ көптеген адамдардың күнәларын өз мойнына алып, қылмыскерлердің кешірілуі үшін ара түсті».