Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
ISAIAH
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 33
Isai Kaz 33:1  Ей, ойрандаушы жау, өзің әлі де ойрандалмадың, әйтсе де енді қасіретке қаласың! Ей, опасыздық жасаушы жау, өзіңе әлі де опасыздық жасалмады, әйтсе де енді қасіретке қаласың! Ойрандап болған кезіңде өзің де ойрандаласың. Опасыздық жасап болған кезіңде басқалар саған опасыздық жасамақ.
Isai Kaz 33:2  Уа, Жаратқан Ие, бізге рақым көрсете гөр! Саған сенім артып, Сені күтетін боламыз. Таң атқан сайын бізге күш-қуат сыйлап, қиын-қыстау кезеңде құтқара гөр!
Isai Kaz 33:3  Сенің күркіреген даусыңнан халықтар қашады. Сен орныңнан көтерілсең, олар бытырап кетеді.
Isai Kaz 33:4  Сонда жаудың жиған олжалары құрт не шегіртке жалмағандай ғайып болады.
Isai Kaz 33:5  Жаратқан Иенің мәртебесі қандай жоғары! Ол көкте тұрып, Сионды әділдік пен ақиқатқа кенелтеді.
Isai Kaz 33:6  Сол заманда Ол сендерге тұрақтылық, молынан аманшылық пен даналық және білім сыйлайды. Жаратқан Иені терең қастерлеу ұлы қазыналарың іспетті болмақ.
Isai Kaz 33:7  Қараңдар, Яһуданың күшті адамдары көшелерде айқайлауда, бітім жасауға жіберілген елшілер қатты жылап (Ассурдан қайта оралады).
Isai Kaz 33:8  Даңғыл жолдар қаңырап бос жатып, жолаушылар олармен енді жүрмейді. (Ассур бейбітшілік жайлы) келісімшартты бұзды. Куәгерлер алдында жасалған уәделер ұмытылып, адамның өміріне еш құрмет көрсетілмейді.
Isai Kaz 33:9  Жеріміз құрғап, кеуіп қалуда. Ливан тауының ормандары солып ұятқа қалады. Шаронның құнарлы жазығы Өлі теңіздің жағасындағыдай құла түзге айналып, Башан мен Қармилдың қыратты аймақтарындағы ағаштар да қурап, жапырақтары түсіп жатыр.
Isai Kaz 33:10  Жаратқан Ие (халықтарға) мынаны айтады: «Енді Мен орнымнан тұрамын! Мен қазір көтеріліп даңқымды шығарамын!
Isai Kaz 33:11  (Ей, ассурлықтар), сендер қауыздай түкке тұрғысыз жоспар құрасыңдар. Істегендерің орылған егіндіктегі қурап қалған сабақтардай пайдасыз. Ашу кернеп осқырған лептерің оларыңды от сияқты өртеп жібермек.
Isai Kaz 33:12  Сонда халықтар әк іспетті күйдіріліп, кесілген тікенді бұта іспетті өртеніп кетеді».
Isai Kaz 33:13  Ей, алыстағылар, Менің істегенімді естіп біліңдер! Жақындағылар да, құдіретімді мойындаңдар!
Isai Kaz 33:14  Сиондағы күнәкарлар үрейленіп, арсыздар дірілдеп қорқып былай деп жатыр: «Біздің қайсымыз осы жалмайтын отта тұра аламыз? Қайсымыз сөнбейтін отта аман қала аламыз?» —
Isai Kaz 33:15  Тек әділ жолмен жүріп, шындықты айтатындар, зорлықпен пайда табудан бас тартып, пара алуға қол созбайтындар, әрі қан төгуді көздегендерге құлақ аспай, басқа да жауыз істерге қызықпайтындар ғана аман қала алады.
Isai Kaz 33:16  Мұндайлар зәулім жартасты не мықты қорғанды паналағандай қауіпсіз болмақ. Оларға жейтін тамақтары беріліп, ішетін сусындары да таусылмас.
Isai Kaz 33:17  Сендер Патшаны асқан салтанатында өз көздеріңмен көресіңдер. Алысқа созылып жатқан ұлан-ғайыр елге көз саласыңдар.
Isai Kaz 33:18  Өткен кездегі қорқыныш туралы ойланатын боласыңдар. (Жау қалаларыңды тонағанда олар:) «Есепші қайда екен? Олжаны таразыға тартатын тіркеуші қайда? Мұнараларды санаушы қайда?» — деп айқайлайтын.
Isai Kaz 33:19  Сендер бөгде, түсініксіз тілде сөйлескен сол қатал халықты бұдан былай көрмейсіңдер.
Isai Kaz 33:20  Сион шаһарына қараңдар, оның ішінде Құдай белгілеген мейрамдарымызды тойламақпыз! Сонда Иерусалимді өз көздеріңмен көресіңдер, ол аман-есен жатқан мекен болмақ. Қала қазықтары суырылмайтын, арқандары үзілмейтін, ешқашан да құлатылып, орнынан қозғалмайтын тұрақты шатырға ұқсамақ.
Isai Kaz 33:21  Сонда Жаратқан Ие бізге салтанатты ұлылықпен билік жүргізеді. Еліміз екі жағында да үлкен өзендер мен бұлақтар ағып жатқан қауіпсіз жер іспетті болады. Жаудың ескекті қайықтары да, дәу кемелері де сонда жүзбейді.
Isai Kaz 33:22  Себебі Соттаушымыз да, Заң Шығарушымыз да, Патшамыз да — Жаратқан Ие. Ол бізді құтқаратын болады.
Isai Kaz 33:23  Уа, халқым, қазір сен арқандары босап кеткен кемеге ұқсайсың. Арқандар кеменің діңгегін мықтап ұстай алмайды, желкенді де жая алмайды. Ал кейін (жаудың әскерінен қалған) ағыл-тегіл мол олжасын бөлісіп аласыңдар. Тіпті ақсақтар да соған қатысып, өз үлестерін алмақ.
Isai Kaz 33:24  Елімізде тұратын бірде-бір жан енді қайтып: «Әлсізбіз» деп түңілмейді. Жерді мекендеген халықтың барлық күнәлары кешірілген болады.